Сол күнгі суық хабар қала тұрғындарын дүр сілкінтті. Жамандық әдетте тез тарайды емес пе. «Үш-төрт жастағы баласы бар келіншекті өз пәтерінде жиырма бестер шамасындағы құрбысымен екеуін әлдебіреу пышақтап өлтіріпті», – деген қаңқу сөз бірден-бірге жетіп жатты.
Жәбірленуші Жандос (қылмыстық істегі адам аттары өзгертіліп алынды – авт.) сотта берген жауабында құрбысының пәтерінде қатігез жанның қолынан өмірі қиылған Әсем өзінің туған қарындасы екенін айтты. Жұмыста жүргенінде суық хабарды естиді. Алып-ұшып қанды оқиға орын алған мекенжайға келіп жетеді. Полиция қызметкерлері өзін ол пәтерге кіргізбегенін баяндады.
Сот отырысында жауап берген Сәлима Гүлсім өзінің туған сіңілісі екенін, сол мекенжайдағы пәтерде екі баласымен тұрып жатқандығын, ол күйеуімен ажырасқандығын сөз етті. Шілде айының 4-і Гүлсімнің үлкен ұлының туған күні болатын. Әжесінің қолындағы бұл үлкен ұлының туған күніне Гүлсім де кіші баласын ертіп келмекші еді. Алдын-ала уәделескендей Сәлима туған күнге барғанын, бірақ сіңілісі келмегенін айтты. Содан үш күн өткен соң, яғни шілденің 7-сі күні Гүлсімді құрбы қызы Әсеммен екеуінің өлі денелері табылғандығы туралы қайғылы хабарды естігенін айтты. Суық хабарды естісімен сіңілісінің пәтеріне алып-ұшып жеткенін, бірақ өзін оған кіргізбегенін айтып, жауап берді.
Сот отырысында куәгер ретінде такси жүргізушісі Николайдың берген жауабында біраз жайттың астары мәлім болды. Сол шілденің 4-і күні ол түнгі кезекшілікте болған еді. Қайғылы оқиға орын алған пәтерден шақыртуды қабылдап алды. Диспетчер ол тапсырысты сағат 00.30 шамасында берген болатын. Тапсырысты алысымен сол мекенжайға келіп жетті. Сәлден соң екі қабатты үйдің сол жақ кіре берісінен жігіт пен қыз шықты. Үстіне кигені қызыл көйлекті қыз болса азиат ұлтынан. Ал жігіт тау халқына келетінін айтты.
– Екеуі бірден келіп төбесіндегі такси белгісі бар автомашинама келіп отырды, – деді жауабында ол. – Жігіт пен қыз артқы жолаушылар орнына жайғасты. Әдеттегі қыз бен жігіт болып бір-бірімен құшақтасып, аймаласқан жоқ, тіпті қол ұстаспады да. Жігіт отыра салысымен баратын мекенжайын айтты. Ол орысша таза тіл қатты. Олардың қайда бармағын бірден білдім. Ол айтқан мекенжайдағы дүкенде түнгі уақытта арақ сатылатын. Арақ іздеген қалалықтардың бәрі соған барушы еді. Сол дүкенге апардым. Қыз түспей машина ішінде қалды. Жігіт барып бір шиша ақ арақ алып келді. Жігіт өздерін мінгізіп алған мекенжайға қайта апаруым керектігін айтты. Сөйтіп бастапқы алған жеріме қайтып әкелдім. Сол жерде екеуі бірге түсті. Жол пұлын жігіт төледі, – деді такси жүргізушісі сот отырысында.
Қайғылы оқиға орын алған пәтердің қонақтарының бірі Әсем екені айдан анық. Ал онымен арақ алуға барған жігіт кім? Такси жүргізушіден басқа оны көрген адам жоқ. Тек сол пәтерде тағы бір жігіт қонақ болған деген ұйғарым жасауға болғандай. Екі бикештің ажалы сол жігіттен келген деген күдік туындаған. Ол күдіктінің кім екендігін анықтау құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне оңайлыққа түсе қоймаған.
Жылдар жылжып өтіп жатты. Бір күні бұл қылмыстық іске қатысты тосын жайт болды. Шынында да мұны ешкім күтпеген еді. Кім ойлаған қылмыскердің өзі полиция бөлімшесіне өз кінәсін мойындап келеді деп! Осылайша Платон сол екі бикешті мерт еткенін айтып, ол үшін қандай да жазаны өз мойнымен көтеруге әзір екенін мәлімдеді.
Бұл әрекетіне орай ол сот отырысында былайша түсініктеме берді:
– Жастары әлі отызға да жетпеген екі бикештің кінәсіз бейкүнә жүздері көз алдымнан кетпей қойды. Арада біршама жылдар өтсе де мені мазалауын қоймады. Бәрін ұмыту үшін ащы суды сіміре бердім. Сөйтіп маскүнемдікке салындым. Отбасымнан береке кетті. Екі бірдей сәби ұлым кездейсоқ оқиғадан көз жұмды. Мұның бәрін сол кінәсіз жандардың жазасы деп білдім. Жан азабы мені әбден титықтатып бітті. Екі бірдей әйелді пышақтап өлтіргенімді ешбір адамға жақ ашпадым. Әбден қажыдым. Ауыр азапты бұдан әрі көтеріп жүре алмайтын жағдайға жеттім, – деді ол.
Сотталушы Платон сот отырысында барлық іс-әрекетін жайып салды. Оның айтуынша, Гүлсіммен жақын болғанына, тіпті төсек қатынасына барғанына бірер айдың жүзі болған екен. Сол күні сағат кешкі 20.00 шамасында автобуспен көңілдесінің пәтеріне келіп жетеді. Гүлсім жалғыз емес екен, құрбысы Әсем ашық-жарқын қыз екен. Бірден ортақ тіл табыса кеткен. Үшеуі қызу көңілді шүйіркелесе отырып, спирттік ішімдікті «жұқалайды». Сағат 21.30 шамасында Әсеммен екеуі дүкенге барып, ішімдікті және сатып алады. Жолай ағаштардың ортасына кіріп алып, бір шишаның түбіне су құйады. Екеуі таза ауада жүргенде Гүлсім баласын ұйықтатпақ болып пәтерінде қалған еді.
Үйге келген соң көңілді музыканың әуезді әуеніне балқып отырып, үшеуі отырысты одан әрі жалғастырады. Сағат 01.00 шамасында арақ әкелуге және баруды ұйғарысады. Гүлсім үй телефоны арқылы такси шақырған. Арада 10 минут өткен шамада телефон шылдыр ете қалды, оны көтерген Гүлсімге диспетчер таксидің келіп тұрғанын айтады. Сөйтіп Платон мен Әсем екеуі түн ішінде арақ сатып әкелген еді.
Ішіс одан әрі жалғасады. Тату-тәтті отырып уақыттың қалай өткені де білінген жоқ. Бір сәтте Гүлсім балконға барып ұйықтайтынын айтты. Жаздың жайдары күнінде таза ауада жатып ұйықтағанға не жетсін.
Платон мен Әсем музыканы ойнатып қойып, отырысты одан әрі жалғастырды. Екеуара әзіл-қалжыңдары жараса түсті. Қыз еш қысылмастан ашық-шашық отырды. Оның өзін еркін ұстауы, алдында жігіт отыр екен-ау деп еш қымсынбауы, дөреке ойын-күлкіге ерік беруі жігіттің арам пиғылына еш қарсылығы жоқтығын сездіргендей болды. Жігіт сосын сөздің ашығына кетіп, қызға жатайық деп ұсыныс қояды. Қыз сықылықтай күліп, алдында бірден қарсылық танытпай жігітті ынтықтыра түседі. Жігіт енді батылдау кірісіп, қызды құшағына алмақ болады.
Жаңа ғана «ерік өзіңде» дегенді сездіріп отырған қыз аяқасты мінез көрсетіп, жігіттің қолын қағып, долырып шыға келеді. «Сенің Гүлсіммен көңіл қосқандарыңды біле тұрып мен сенімен жатпаймын» дегендей сөз қозғап жігіттің ырқына көнбей қояды. Онымен қоймай, былапыт сөздер айтып, жігіттің ар-намысына тиеді. Платонның бұған қаны қызып, қыздың үстіндегі бар киімін дар-дар жыртып, күшке салып Әсемді зорламаққа бекінеді. Қыз қарсылығын күшейте түсіп, оның денесін тырнай бастайды. Жігіт әбден ашуға мініп, айқай-шу шығармасын, Гүлсімді оятып жібермесін деп қыздың аузын жауып, ырқына көндірмек болады. Бірақ қыз ерік берер емес. Сол сәтте үстел үстіндегі пышақты алады да, бірнеше дүркін ұрады.
— Менде өлтірсем деген ой кіріп-шыққан жоқ. Бар есіл-дертім қызды сабырға шақырып, оның ашуын басу болды. Мастықтың салдарынан өз әрекет-қимылыма есеп бере алмай қалдым. Қыз еденге етпетінен құлап түскенде есімді бір-ақ жинадым, – деп жауап берді Платон сот отырысында.
Оның айтуынша, бұл сағат түнгі 04.00 шамасында болатын. Мастықпен Әсемге пышақ жұмсап, өлтіріп алғанын ойлағанда бойын қорқыныш билегені ғой. Ақырын барып балконның есігін ашса Гүлсім алаңсыз ұйықтап жатыр екен. «Таңертең ол оянған соң Әсемді мұның өлтіргенін айтып, полицияға хабар береді ғой», деген ой басына қылаң бергені сол-ақ екен, қолынан әлі тастамаған пышақпен шалқасынан түсіп жатқан келіншектің кеуде тұсына сұғып-сұғып алады.
Сосын ас бөлмеге барып, үсті-басындағы қанды жуып-сүртеді. Бұл кезде таң да ағарып ата бастаған еді. Өзінің асбөлмеде қанша отырғаны белгісіз. Баланың жылаған үнін естігенде селт етіп, сәби жатқан жатын бөлмеге жүгіріп барған. Солай қарай бара жатып, Әсемнің жансыз денесін әлдебір жабындымен жауып үлгерген. Ойы мәйітті бала көрмей-ақ қойсын дегені болар. Сосын баланы тұрғызып алып, тамақтандырады. Күнімен бірге болып, оны ойнатты, әйтеуір алдандырып бақты. Арасында мамасының дүкенге кеткенін, қазір келетінін айтып, жұбатумен әлек болды. Біреулер келіп есік қақты. Телефон соққандар да болды. Сол пәтерде күні бойы отыруына тура келді. Ақыры кеш туып, күн батты. Платон баланы ұйықтатып, жатын бөлмеге жатқызды да түн қараңғылығын пайдаланып сыртқа шықты. Кетерінде арақ шишаларын жинап салып алды. Пышақты да өзімен бірге ала кетіп, далада бір жерге лақтырып кетті.
Қылмыстық істі қараған Қарағанды облысының мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен қылмыстық құқық бұзушылыққа кінәлі деп тауып, Платонды 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ оны жазасын өтейтін қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде маскүнемдіктен медициналық тұрғыда мәжбүрлеп емдеу тағайындалды.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.