Австралияның кеніштік сейсмология институтының (IMS) сарапшылары Жезқазған кен орны мен «Жомарт» кенішіндегі сейсмикалық мониторинг жүйелеріне техникалық аудит жүргізді. Сондай-ақ «Жыланды» кенішінің болашағы бар учаскелерінде мониторинг ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырды. Жаңғырту барысында заманауи сейсмикалық датчиктер мен жерасты тіркеу құрылғыларын енгізу, деректерді үш өлшемді форматта талдайтын жаңа бағдарламалық жабдықтаманы қолдану көзделген.
Жезқазған өндірістік алаңында сейсмикалық мониторинг 1997 жылдан бері жүргізіліп келеді. Бүгінде қолданыстағы желі диаметрі шамамен тоғыз шақырым аумақты қамтып, бірнеше кенішті біріктіреді.Жоспарланып отырған жаңғырту сейсмикалық оқиғалардың координаттарын анықтау дәлдігін арттыруға, деректерді талдау сапасын жақсартуға және геомеханикалық тәуекелдерді бағалау тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Сейсмикалық мониторинг жүйесін дамыту – «Қазақмыстың» өнеркәсіптік қауіпсіздікті арттыру және жер асты өндірісі жұмыскерлерін қорғау бағытындағы жұмысының маңызды бөлігі.

