– Сұлтан Сүтбайұлы, сіздің өміріңізге орын алған елеулі оқиға «Жер сыры мен жан сыры» атты кітабыңыздың жарық көруі болғаны анық. Бұл басылым сізді білетіндердің қатарын көбейте түсті. Осы өңірдің тумасы екеніңізді, қырық жылдан астам Ақадыр геологиялық барлау экспедициясының жұмысымен біте қайнасқаныңызды, сол үлкен ұжымға отыз үш жасыңыздан бастап басшылық еткеніңізді білдік. Сіз марапатталған көптеген наградалар, атап айтқанда, оның ішінде ең бастылары – «Құрмет Белгісі» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «КСРО Жер қойнауын барлау үздігі», «ҚР Құрметті жер қойнауын барлаушысы» төсбелгілері еңбекте елеулі болғандығыңыздан сыр ұқтырмақ… Менің сізге қойсам деген алғашқы сұрағым мынау еді: бұл кітапты өз қолыңызбен жазып шықтыңыз ба?
– Бұл сұрақтың неге қойылып отырғанының астарын аңғарғандаймын. «Мен» деп баяндалатын кейбір кітаптарды оқып отырғанда, сол жолдарды жазып отырған өзі емесі байқалып қалып жатады. Қанша дегенмен біреудің жазғаны өз ішіңнен шыққандай болмайды. Сондықтан бұл кітапты өз қолыммен жазып шықтым. Жалпы жазумен бұрыннан-ақ шұғылданатынмын. Кітабымдағы көптеген мақалалар әр жылдарда газеттерде жарияланғандар.
Одан қалды мамандығым көп қағаздарды «шималауды» үйретті. Жер қыртысын ақтарған жұмысың туралы есеп беріп отыруың керек. Жай жаза салмайсын, әр сөзіңді негіздейсің, талдайсың, деректерді жинақтай келіп қорытындылайсың. Тілшілер де солай. Сөз ретінде айта кетейін, жергілікті газеттердегі кейбір мақалалар туғанынан, мектепте оқығаннан басталар өмірбаяндық деректерге құрылады. Соңы қай баласы қай жерде жұмыс істейтіндігімен бітеді.
Менің кітабымда да жеке адамдар туралы жазғандарым бар, бірақ, олардың өмірбаяндық деректерін тізбелеуге бармаймын. Әрине, менің жазуымда да кемшіліктер бар шығар. Әрі бұл әдеби туынды емес.
- Бұл кітапты басып шығаруыңызға не түрткі болды?
– Қарап отырсаң, қай нәрсе болмасын жайдан-жай істелмейді. Соны істеуіңе бір нәрсе түрткі болады, оның себеп-салдары болады. Шынымды айтсам, бұған итермеші күш болды. Кітабымды қолына алғандар оқыған болар. «55 жыл бірге өткізген шырайлы да шұрайлы өміріміздің мағынасы мен мәнін арттырған ардақты жарым Ғалияға арнаймын» деп жаздым. Өмір өкінішті ғой, аяулы Ғалияммен қоштасып қала бергенде оған тіпті көзім жетті. Бұл кітап жұбайлық ғұмырымыздағы күйініш-сүйінішімізден естелік болсын, кейінгі ұрпағымыз бізді біліп өссін деген ой ең басты себепкер болды. Өз басым бұл еңбегімді естелік кітап деп бағалаймын.
– Әдеби туындының рухани азық сыйлары анық. Ал, өмірде болған нақты деректерге құрылған естелік кітабыңыздың да кейінгі толқын жас ұрпақ үшін тағылымды, тәрбиелік мәні зор деп бағалайсыз ба?
– Енді оған оқырман сыншы. Кітапты «Жер сыры мен жан сыры» деп атауым тегін емес. Менің жүректен жарып шыққан бар сырым осы кітапта. Туған жерін қадірлейтін, өскен ортасын құрмет тұтатын қазақпыз ғой. Алғашқы еңбекке араласқаннан бастап біздің бүкіл саналы ғұмырымыз Ақадырда өтті. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін 42 жылдан соң туған жерге қайта оралдық. Қарап отырсам, бұның бәрі жер сыры мен жан сыры екен. Айтайын дегенім, кітаптағы жазылғанның бәрі шын болған жайттар, ойдан құрастырылған ештеңем жоқ.
– Шындық демекші, осы шындық бүгінде неге ашық айтылмайды?
– Менің ойымша, шындықтың шырайлы болуы айтушысына байланысты. Кей ретте айтушысы келіспесе, шындықтың өзі бұрмаланып кетеді. Шындықты біреулер бақай есеппен айтады да, көптің мүддесін көздегенсіп көрінеді. Өз есебі түгенделсе болды, ауызына құм құйылады. Жалпы шындықтың астарында сын тұрады. Сын боса-болмаса биліктегілерге ұнамайды. Сондықтан шындықты айту қиын. Көбі оны көре тұра айта алмайды. Өйткені, күнін көріп отырған жұмысы бар, әйтпесе балаларына нұқсан келер деп қорқады. Биліктегілерге шындықты айтқандардың ұнамайтынын жұрт көріп отыр. Мәселен, әкімдердің есеп беруіне сын айтады-ау дегендердің қатыспауына небір әрекеттер жасалып бағады. Алда-жалда айтыла қалған сындарға «жабулы қазан жабулы қалсынның» керін келтіреді. Оны теледидар көрсетпейді, газеттер жазбайды. Шындық жазылған сын мақаланы апарсаң, газеттегілер ат-тонын ала қашады. Сөзден сөз туындайды, көпшілік лауазым иелерінің бүгінде «бәрі тамаша» деп өтірік айтуға бейім тұратын болғаны жаныма қатты батады.
- Сұлтеке, өзіңіз сын айтудан қаймықпайсыз ба?
– Шындықты айту, сынау, халықтың мүддесін көздей отырып ұсыныстар қою, айналып келгенде, бір-бірімен үндес. Әлгі кітабымда Елбасының атына жазылған хатым бар. Бұл хат кезінде Жезқазған қаласы ақсақалдарының қол қоюымен газеттерге де жарияланды. Онда көп мәселелер қозғалған. Маған бәрінен де «Қазақмыс» корпорациясы басшыларының Жезқазған кенішін сапасы төмен кен орнына жатқызу керек деп жасап жатқан сол кездегі амал-айлалары қатты батты. Сөздің тоқ етері, басты-басты 5 ұсыныстан тұратын бұл хат. Елбасы тапсырмасымен Премьер-Министрде өткен мәжілісте облыс әкімі мен корпорация басшысы Огайдың қатысуымен қаралып, тиісті министрліктерге тапсырмалар берілді. Мұны біздің көтерген мәселелеріміздің маңыздылығын мойындағанының куәсі деп бағаладық.
– Сіз маман ретінде Жезқазған ауыз суына қатысты дабыл көтергеніңіз есімізде. Соның аяғы не болды?
– Жылдар бойы «сүрленген» суға қатысты мәселелерді 2007 жылдан бастап көтергенім рас. Бірақ, амал не, бұл мәселе әлі ойдағыдай шешімін тапқан жоқ. Осыдан бес-алты жыл бұрын бір газетте Айдостың суы келді деп, әкімдерге алғыс айтқан мақала жарияланды. Бұрынғыға қосымша келген су жоқ. Бұл өтіріктің кімге керек болғанын қайдам, еріксіз таңданарлық жайт. Жетпісінші жылдарда жасалған «Казводканал» мекемесінің жасаған жоспарында Айдостан тартылуы тиісті құбырдың ішкі шеңбері 1 000 миллиметр болуы керек деген есеп белгіленген. Бұл өлшем өрескел бұзылып, тіпті, 800 де емес, шындығында ішкі шеңбері 600 миллиметрлік полэтилен құбырлары, оның өзінде 13 шақырымы жаңадан тартылды. Ендеше, бұл өлшемдегі құбырлар соншама алыс жерден жеткілікті мөлшердегі ауыз суды әкелуге дәрменсіз болып шықпақ. Халықты осылайша алдау сонда кімге тиімді? Айналып келгенде, бір ғана судың маңайында түйінді мәселелер әлі күнге қордаланып жатыр.
– Сұлтан Сүтбайұлы, «жер байлығы ел игілігіне айналмай жатыр» деген пікірге қалай қарайсыз?
– «Жері байдың – елі бай» деген біздің ата-бабаларымыз. Жер қойнауының байлығы – елдің, яғни, халықтың меншігі. Кеннің кіріс көзі халықтың игілігіне айналуға тиіс. Шындығына келгенде, жер қойнауындағы пайдалы қазбалар шетелдіктердің емін-еркін билеп-төстеп, ойына келгендерін істейтін алаңға айналды. Пайдасы Отан мүддесіне қызмет етуде, жергілікті халықтың игілігіне айналуда деп айта қоярлық өндіріс орнын көре алмайсыз. Қай өндіріске қарасаңыз да, мұрты майлана қарық болып жатқан шетелдіктерді көресің.
Бір ғана мысал, 1976 жылдан бері үзбей жұмыс істеп келе жатқан Жезқазған мыс қорыту зауытының екі пешінің 2011 жылы тоқтатылып, артық мыс концентратын Қытайға сату басталды. Бір қарағанда еш оғаштық жоқ сияқты. Шындығында, сатып алушылар концентрат құрамындағы мыс пен күмістің ақысын төлеп отырғанмен, ал, мырыш, қорғасын, рений, осмий шикізаттары қытайлықтардың пайдасына тегіннен-тегін кетіп жатты.
Осындай жаныашымастық әрекеттерді болдырмау үшін, менің ойымша, барлық кен орнын мемлекет қарамағына алып, «Казатомпром» сияқты тау-кен өндірісімен айналысатын ұлттық компания құру қажет. Мұндай шешім ол кен орнының ғұмырын барынша ұзартатын, соның арқасында өңірдің болашағына жан-жақты мүмкіншіліктер тудыратын ең тиімді шешім болар еді деп ойлаймын.
Иә, біздің жеріміз мұнай, газын айтпағанның өзінде мыс, темір, алюминий тәрізді қатты металдарға бай. Оны қойып, хром өндіретін Ақтөбе облысындағы Доң кені («Донский» комбинат) дүние жүзі бойынша ең ірі өндіріс орнының қатарында. Сол байлықтың пайдасын оларды иемденіп алған шетелдіктер көріп жатқаны өкінішті-ақ.
– Сіздің ойыңызша, қоғам қайраткері деп кімдерді айтуымыз керек? Елдің қамын ойлайтын қайраткерлер бүгінде ортамызда бар ма?
– «Қоғам қайраткері» деген атауды көрінгенге тели беруден аулақ болған жөн. Ол өте жоғары атақ. Қалалық, облыстық мәслихат депутаттарын «қоғам қайраткері» деп атауды қателік дер едім. Мүмкін Парламент депутаттарын солай атауға болар. Бірақ, өкініштісі сол, Мәжіліс депутаттарының өзінің ішінде елінің жоғын жоқтап, мұқтажын мұңдап жүрген танымал тұлғалар бірен-саран ғана. Мен болашақ Парламент депутаттарының қатарына дұрыс жол сілтей білетін, орынды шешім қабылдай алатын әр саланың ең таңдаулы білгірлері сайланса ғой деп армандаймын.
Дәл біздің ортамызда да осы өңірдің жоғын жоқтап жүрген тұлғалар баршылық. Мәселен, Айбаттан мыстың мол қорын ашқан кім? Көпшілік біле бермейді, ол – бар өмірін Жезқазған өңірінің геологиясын зерттеуге арнаған Мәлік Омаров. Ел мүддесі жолында өзінің жеке басын қатерге тіккен Мәкеңнің батылдығын қалайша ерлік демеске. Үкіметтің Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының 2012-2020 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді бағдарламасын қабылдануына ықпал болған кімдер еді? Мен соның басы-қасында жүргендіктен де жақсы білемін, сол кездегі Жезқазған қалалық «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық ұйымының төрағасы Мырқы Ақпанбетов пен «Ақсақалдар алқасының» төрағасы Өмірзақ Оспанов болатын.
Әйткенмен, Жезқазған аймағында да қалталылар бары бар, бірақ, солардың «Міне, мынау халық үшін қосқан үлесім» дейтіндейі болмай тұрғаны өкінішті. Көптің мүддесін ойлағандар жастар арасынан шықса ғой деп тілеймін.
– Сұлтан Сүтбайұлы, бүгінгі ашық әңгімеңіз үшін сізге көп рахмет.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.