Заң тілінде «апелляция» деген термин бар. Ол сот үкімдеріне, қаулыларына наразылық білдіру. Апелляция істің мән-жайы бойынша жаңа үкім шығаруын болжайды. Шағым бойынша істі қайта қарау сатысы үкімді тек өтініште, яғни наразылықта көрсетілген жағдайлар шегінде ғана тексереді. Істі қайта қараған сот негізінен істегі жазбаша материалдар бойынша шешім шығарады.
Әбден маскүнемдікке салынған, спирттік ішімдіктен аузы бір күн құрғамайтын, 73 жастағы соқталдай азамат Иванның бұрын-соңды таныс-біліс емес келіншекті пышақтап өлтіруі қандай жазаға лайықты? Сол бір бейкүнә жанның өмірін қиып, ас бөлмеде жатқан мәйіттің жанында отырып тамақ ішкенін, ұйықтағанын қайтерсің!
Ұлытау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Иван Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, адамды өлтіргеніне, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшыратқанына орай оған бас бостандығынан 9 жылға айыру түріндегі жаза тағайындалып және бұл жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеу белгіленген болатын.
Қылмыстық құқық бұзушылықты қараған сот отырысында бұрын сотталмаған 73 жастағы Иван өз кінәсін мойындап, оқиғаның қалай болғанын бастан-аяқ баяндап берді. Сол күні оның ішімдіктен аузы босамайды. Себеп жетерлік. Немересі мектеп табалдырығын алғаш рет аттады. Әрі оның туған күні. Содан той-домалақтың аяғы есінде жоқ. Мас болып қалыпты. Азаматтық некедегі бірге тұрып жатқан әйелінің сол кеште қан қысымы көтеріліп, ауруханаға түсіп қалғанын да білмейді. Ертеңіне түске қарай бірақ оянған.
Оянса үйінде жатыр екен. Көзін ашқан сәтте пәтерінде бұрын-соңды таныс емес бір келіншек жүргенін аңғарды. Бейнебір осы отбасының мүшесіндей өзін еркін ұстарын қайтерсің. Соған қарағанда кешегі отырыста бірге болған шығар деген ой келген Иванға. Түнде кетпей, осында түнеп қалған тәрізді.
Иванның орнынан тұрғанын көрген келіншек оны ас бөлмеге шақырды. Екеуі түннен қалған спирттік ішімдікті ортаға алды. Алдында жап-жақсы әзілдесе әңгімелесіп отырған. Содан жоқ жерде сөзге келіп қалды. Кикілжіңге Иванның оның рюмкасына арақты орталай құюы себепкер болғаны. Оны көрген келіншек ашу шақыра:
– Арақты менен аяп отырсың ба?! Рюмканы толтыра құйсаңшы! – десін.
– Толтыра құйған жөн емес. Әйел адам аз-аздап ішу керек, – деді Иван.
– Құй, дедім ғой мен саған. Толтыра құй! – деп айқай салады келіншек.
Иван оның айтқанын құлағына ілген жоқ. Сол-ақ екен келіншек жылдам орнынан көтерілді де Иванға бассалды. Бас-көз демей ұра жөнелді. Әйелдің бұл дөрекілігіне ыза болған Иван бойын ашу кернеп, үстел үстінде жатқан ас пышағын ала салып, келіншекке сілтеп қалады. Пышақ оның қай жеріне барып тиді, соққыны неше рет жасады – есінде жоқ. Өйткені басына тиген әйелдің ауыр соққыларынан есінен тана еденге құлаған еді.
Иванның сот отырысында берген жауабы бойынша есінен танып жатты ма, әлде ұйықтап қалды ма, өзі де білмейді. Содан басын көтерсе, сағат 16:00 шамасы екен. Ас бөлмеде жатқан әйелді көрді. Бас тұсындағы еден қан-қан. Иван орнынан жалма-жан тұрып, әйелдің аяғынан ұстап көрді. Сирағы тастай суық екен. Иванның ойына сол сәтте әйел құлап, басынан қатты соққы алған-ау деген ой келген. Сосын жедел жәрдемді шақырмақ болған, бірақ ұялы телефоны отырып қалыпты. Сөйтіп жедел жәрдемді шақыра алмады. Содан кейін қонақ бөлмедегі диванға барып жатқанын біледі. Бірден ұйықтап кетеді.
Кешке қарай оянып, таза ауа жұтпаққа көшеге шыққан. Сыртта танысы Сергеймен жолыға кетеді. Иван оған пәтерінде бір әйел жатқанын айтып, өлі-тірісін көріп беруін өтінеді. Ол ішке кіріп, еденде жатқан әйелді көрді де, дереу шығып кетеді.
Содан сағат 20:00 шамасында және бір танысы Дамир келеді. Ол алкогольдік масаң күйде екен. Иван Дамирге болған жайттың бәрін, яғни әлде бір әйелмен спирттік ішімдік ішкенін, екеуінің арасында жанжал болғанын, сол әйел өзінің ас бөлмесінде жатқанын баяндап береді. Мұның бәрін тыңдаған Дамир ас бөлмеге кіріп, еденде жатқан әйелді көрісімен Иванға жедел жәрдем шақыру керегін айтады. Әйткенмен ұялы телефондары қалталарында болмағандықтан жедел жәрдемді шақыра алмайды.
Иван мен Дамир сағат 20:30 шамасында сол ас бөлмеде тамақ пісіріп, кешкі астарын жейді. Сосын екеуі қонақ бөлмеге барып ұйықтайды.
Олар таңертеңгі сағат 08:00 шамасында оянады. Дамир кетеді де, Иван пәтерінде жалғыз қалады. Сағат 10:00 шамасында көшеге шығып, таныстарын іздейді. Иванның өзінің айтуынша, ондағы ойы таныстарына жедел жәрдемді шақырып беруді сұрау болатын. Айтқандай-ақ, көшеде танысы Андрей кездесе кетеді. Иван оған үйінде бір әйелдің мәйіті жатқанын айтып, жедел жәрдемді шақырып беруін өтінеді. Ол ұялы телефоны арқылы жедел жәрдемді шақырды. Медицина қызметкерлерімен бірге полиция қызметкерлері де келіп, өзін апарып қамайды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ештеңе жасырмай бәрін айтады. Болған іске қатты өкінеді. Ол әйелді өлтіру ойында болған жоқ, тіпті оны танымайды. Бәрі мастықтың әсері.
Сот отырысында жауап берген куәлер сотталушы Иванның айтқандарын растады. Ал жәбірленуші Нина қаза тапқан Лиза өзінің қызы екенін, оның кәмелетке толмаған үш баласы барын, бірақ ешкіммен ресми некеге тұрмағанын айтты. Қызының нақты жұмыс орны да болмаған. Көптен алкогольдік ішімдікке салынған. Қызы Лизаның өліміне орай материалдық және моральдық залалды өндіріп алуға талап-арыз бермейді. Себебі сотталушы залалды толық көлемді сотқа дейін өтегенін айтты куә Нина. Сотталушыға қояр ешқандай талабы жоқ.
Сот үкімі бойынша сотталған Иван мен оның қорғаушысы Ұлытау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына ұсынған апелляциялық өтінішінде ҚР Қылмыстық кодексінің 55-бабына сәйкес белгілі бір қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделген жазадан неғұрлым жеңіл жаза тағайындауға өтініш еткен. Осы ретте жәбірленуші Нинаның қызы Лизаның өліміне қатысты сотталған Иванға ешқандай талап қоймайтынын, сондай-ақ қылмыскер Иванның егде жаста екендігін және денсаулығы нашарлығын ескеруді сұраған. Алайда апелляциялық өтініште сотталған Иванның кінәсін жеңілдететіндей жаңа айғақтар ұсынылмаған.
Сот алқасы Ұлытау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының Иванға қатысты үкімі өзгертуге жатпайтындығы туралы қаулы етті.
Жанат ЕГЕМБЕРДИЕВА,
Ұлытау облыстық сотының судьясы.