Еліне парасатты пайымымен, таңдаған мамандығына адалдығымен, қоғам мүддесіне келгенде көпке үлгі боларлық ісімен танылған өңіріміздің мақтанышы Төлеген БҮКІРОВ жетпіс жасқа толды.
Өмірін өндіріспен ұштастырған Төлеген Нұрмағанбетұлының мерейлі жасы Ұлытау облысында салтанатты жағдайда аталып өтті. Өнегелі өмір жолы бар тұлғаның еңбек жолын, қоғам дамуына қосқан үлесін кейінгі жастарға насихаттау мақсатында Төлеген Бүкіровтің 70 жылдық мерейтойы аясында Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің конференц залында «Жезқазғансирекметалл» кәсіпорны өндірісінің өркендеуіне үлес қосқан ғалым, «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері, Қарағанды облысының Құрметті азаматы, бірнеше мәрте Қазақстанның Құрметті металлургі, техника ғылымдарының кандидаты, 14 патенттің, 57 ғылыми еңбектің авторы Төлеген Нұрмағанбетұлы Бүкіровпен кездесу өтті.
Жиынға қалалық мәслихаттың депутаттары, мәдениет саласының қызметкерлері, қоғам белсенділері, Ардагерлер кеңесінің мүшелері, музей мамандары, БАҚ өкілдері және Жезқазған тау-кен колледжінің басшысы Лаура Нұрланова мен колледж студенттері қатысты. Ең алдымен кейіпкер жайлы «Сарыарқа» телеарнасы әзірлеген толымды бейнехабар көрсетілді.
Кездесуде Төлеген Нұрмағанбетұлының сүйікті әні Ақан серінің «Балқадишасы» шырқалды. Әнді құйқылжыта әнші, ұстаз, сазгер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, Тайжан Қалмаған-
бетов атындағы Жезқазған филармониясының әншісі, Жезқазған қаласының және Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы Ғалым Мұхамедин орындады.
Іс-шарада кездесуге келген қонақтар кейіпкеріміз жайлы түрлі естеліктер айтып, өлең жолдарын арнады. Ең алдымен қазақтың «Дәридай» ақыны атанып кеткен Мұқаш Сейітқазинов Төлеген Бүкіровке арнаған «Құрыш тұлға» өлеңін оқыды.
Сонымен қатар, зиялы қауым өкілдері Төлеген Бүкіров ағамыз жайлы жылы лебіздерін білдіріп, мерейлі мерейтойымен құттықтап, ыстық ықыластарын жеткізді. Кездесуге келген қонақтар, студенттер тарапынан кездесу себепкері, мерейтой иесі Төлеген Бүкіровтің өмір жолы мен ғылыми еңбек жолы жайлы сауалдар қойылды.
Жиын соңында іс-шараны ұйымдастырушы Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің басшысы Раушан Қапарова қонақтарға сүбелі сұхбат пен ыстық естеліктер үшін алғыс айта отырып, музей ұжымы атынан Төлеген Нұрмағанбетұлына сый-сияпат табыс етті.
Мерейтой иесі Төлеген Бүкіров жиналған көпшілікке, музей ұжымына алғысын білдіре келіп:
– Қазақтың даласы қандай кең болса, біздің ұлтымыздың да пейілі сол дархан даладай. Өңірдің өндірісі мен қоғамдық істердегі, ғылымдағы еңбегімді бағалап, құрметтеп жатқан жезқазғандықтар-
ға мен ризамын. Жетпіс жасқа толды деп мерейімді де асырып жатқан осы жерлестерім. Мәдени ошақта жастармен, аймақтың зиялы қауым өкілдерімен кездестіріп, жиын өткізіп жатқан музей ұжымына алғысымды айтамын, – деп жиынды түйіндеді.
Аймағымызда өткен тарихымыз бен шежірелі жылдардың сақшысындай мәдениет орталығына айналған Жезқазған тарихи-археологиялық музейі еліне адал еңбегімен елеулі болған тұғыры биік тұлға – Төлеген Бүкіровтің мерейлі тойында осылайша мерейін бір үстем етті.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.