Енді үш күннен кейін 46 жасқа толғалы тұрған Алия қылмыс жасады. Азаматтық некеде бірге тұрып жатқан ерін пышақтап өлтірді. Адам өмірін қиған әйел сот үкімімен 9 жыл мерзімге бас еркінен айыруға жазаланды.
Сотталушы Алия сот отырысында берген жауабында қылмыстық әрекетін ішінара мойындады. Дәлірек айтқанда, ол азаматтық некедегі бірге тұрып жатқан ерін қасақана өлтірмегенін айтып бақты. Өзі мен кішкентай ұлын қорғау мақсатында жасаған әрекеті барысында жәбірленушіні абайсызда өлтіріп алдым дегенді тілге тиек етті.
Оның айтуынша, жәбірленуші Ж.-мен 13 жыл бірге тұрып келген. Екеуінің арасында кәмелеттік жасқа толмаған екі баласы бар. Кейінгі кезде екеуі жиі жанжалдасып қалады екен. Бірнеше рет полиция бөлімшесіне қоңырау шалуына тура келген. Учаскелік инспектор әңгіме жүргізіп, есепке қойған. Әйткенмен ол алкогольдік ішімдік ішіп алып, жанжал шығаруын қоймады. Сол күні де үйге масаң күйде келген. Сағат 18:00 шамасы болатын. Келе кішкентай ұлына қол көтеріп, ашуға басты. Осыдан бір аптадай бұрынғы кезекті жанжалдан соң оны үйінен қуып жіберген еді. Сол күні келіп, киімдерін алып кетпекші-тін. Ол келгенше бар-жоғы екі шиша сыра ішкен. Ұрыс-керіс ас бөлмеде басталғаны есінде, өзінің айтуынша, одан кейін не істеп, не қойғанын білмейді. Тіпті Ж.-ны пышақтап өлтіргеннен кейін ересек қызына телефон шалғанын да білмейді.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында да, сот отырысында да Алия осылайша жауап берді.
Алияның бұрынғы күйеуінен бір ұл, бір қыз қалған. Бүгінде екеуі де ересек. Олар сот отырысына куәлер ретінде қатысты. Қызы И. сот отырысында берген жауабында сол күні сағат 18:40 шамасында анасы ұялы телефонына қоңырау шалып, бірге тұрып жатқан Ж.-ны өлтіргенін айтып, хабарлайды. Шешесінің даусынан оның масаң күйде екенін аңғарып, ежіктей сұрап бағады. Мүмкін Ж. мас болғандықтан құлап қалып, сосын сол бетте еденде ұйықтап жатқан болар дегенді айтады. Ал анасы болса:
– Жоқ, ұйықтап жатқан жоқ. Мен оны өлтірдім, – деумен болады.
Сосын қызы шешесінің айтқанына сенер-сенбесін білмей:
– Оны немен ұрып жықтың? Сосын оны қалай өлтірдің? – деп сұрақтың астына алады.
– Қалай өлтіріп алғанымды, не істегенімді өзім де білмеймін, – деуден танбайды шешесі.
Куә И. анасымен арадағы әңгімеден соң дереу ағасы Е.-ге телефон шалып, анасынан естігенін хабарлайды.
Куә Е. қарындасы И.-дің: «Анамыз өзімен бірге тұрып жатқан Ж.-ны өлтіріп алыпты», – дегенін естісімен дереу шешесінің үйіне барады. Пәтер есігін оған анасының өзі ашады. Жәбірленуші Ж. еденде жатыр. Қолын ұстап көріп еді, тамыры соқпайды екен. Сосын дереу полиция қызметкерлеріне телефон шалғанын айтты куә Е.
Сарапшы-психолог Н. сотқа берген түсініктемесінде Алияға қатысты жасалған сот психологиялық-психикалық кешенді сараптама қорытындысына сәйкес, ол қылмыстық әрекет ету сәтінде қатты күйзеліс, қызбалық күйде болмаған. Оған және бір айғақ, сотталушының қылмыс жасау сәтінде орта дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болуы. Сондай-ақ сол сәтте оның «есте сақтау қабілетінен айырылып қалдым, не істеп, не қойғанымды білмедім» деуі ешқандай қисынға келмейді. Мұны сотталушының өз кінәсін жеңілдетуі деп ұғынған жөн.
Сот отырысы барысында анықталғандай, сотталушы Алия бірге тұрып жатқан Ж.-мен арада туындаған ұрыс-керіс барысында жәбірленушіні әдейілеп өлтіру мақсатында ас бөлмеден пышақ алып, пәтердің дәлізінде тұрған жәбірленушіге жақындайды. Өзінің қылмыстық ойын жүзеге асыруға бекем бел буып, келген бетте Ж.-ның бас тұсын көздей маңдайына пышақпен төрт соққы жасайды. Жәбірленуші жанталаса бір бүйіріне қарай бұрылып қалғанда әйел оның қолтық астына пышақ жұмсайды. Мұнымен шектеліп қалмай сотталушы Алия оның жүрек тұсын бағыттай кеудесіне екі мәрте соққы жасайды. Жәбірленуші Ж. сол қылмысты оқиға болған жерде пышақ жарақатынан көз жұмады. Сот-медициналық сараптама қорытындысы осындай.
Сотталушы Алияның сот отырысында өзімнің және баламның өмірін қорғап қалуға әрекеттендім деуі де шындыққа жанаспайды. Өйткені сотмедициналық сараптама оның бойында дене жарақатының жоқтығын айғақтады. Сотталушының мойнымнан қысып, қылқындырды деуі де жалған. Оның мойнынан қылқындыру белгісі анықталмады.
Нәзік жанды әйелдің тым қатыгездікпен адам өмірін қиюы аса ауыр қылмыс болып табылады. 46 жасқа толар туған күн тойланбай қалды. Оны қойып, Алия үшін алдағы тоғыз жыл той-домалақсыз өтпек.
Жұмағұл ШӨЖЕНОВ,
Ұлытау облыстық сотының судьясы.