Болмашы нәрсеге бола адам өмірін қия салу қандай өкінішті. Тіпті оны айтуға ауыз да бармайды. Жолақысын төлемеу үшін такси жүргізушісін ажал құштырды деген не сұмдық! Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты биылғы жылдың алғашқы айларының бірінде осындай қылмыстық істі қарады.
Қылмыстық оқиға Қарағанды қаласында орын алады. Өткен жылдың күзінде сағат 16:00 шамасында сотталушы Талғат «Таир» сауда үйінің жанындағы автокөлік тұрағынан такси ұстайды. Өзі бұрын-соңды таныс емес жүргізушіге темір-бетон өнімдері зауытының ауданына баратынын айтады. Ол такси қызметі үшін 2500 теңге сомасындағы төлем сұрайды. Талғат болса қалтасында ондай ақша жоғын біле тұра келіседі.
Талғат жолда кетіп бара жатып, «Тұлпар» ет комбинатының тұсына келгенде такси жүргізушісіне өзінің қалтасында бір мың теңге ақша барын айтады. Сол-ақ екен ол автокөлігін тоқтатады. Сол жерде екеуара ұрыс-керіс басталады. Оның ақыры такси жүргізушісінің өлімімен аяқталады.
Сотталушы Талғат сот отырысында өз айыбын мойындамауға тырысып бақты. Ол қалтасында бір мың теңге ғана ақшасы барын такси жүргізушісіне жолай айтқанын, ал қалған ақшаны кейінірек сол күннен қалдырмай «Каспий» арқылы аударуға уәде бергенін сөз етті. Алайда жүргізуші бұл уәдесін құлағына ілмей, өзін балағаттай бастайды. Онымен қоймай «Тұлпар» ет комбинатына жетпей далаға қарай оңға бұрылып, 50 метрдей жерге барып тоқтайды. Сотталушы Талғат такси жүргізушісі қолындағы үшкір бұрауышпен басынан бірнеше реет ұрғанын, сосын ол қалтасына үнемі салып жүретін пышағын жалма-жан суырып алып, қорғануға әрекет еткенін тілге тиек етті. Екеуі алысып-жұлысып жүргенде пышағы жәбірленушіге бірнеше дене жарақатын салған болуы керек деп түсіндірді өз әрекетін сотталушы. Такси жүргізушісін әдейілеп өлтіру ойында болмағанын айтып, өзінің қылмысын мойындамауға тырысты.
Жәбірленушінің автокөлігін мініп кеткенін толық мойындағанымен, ол автомобильді айдап кетуді мақсат тұтпағанын, тек үйіне жетіп қалуды көздегенін, машина ішінен ешқандай зат алмағанын айтты.
Сот отырысында жауап берген сарапшы А. такси жүргізушісі Б.-ның жан тапсыруы пышақпен салынған дене жарақаттарының салдарынан болғанын айтты. Жәбірленушінің денесінен 9 пышақ жарақаты анықталған. Сот-медициналық сараптама көрсеткендей, ол жарақаттар пышақты ерсілі-қарсылы сілтеу барысында емес, суық қаруды денеге тікелей ұру арқылы түскен. Мұның өзі сотталушының «өзімді қорғануға әрекеттендім» деген сөзін теріске шығарады. Сондай-ақ сарапшының айтуынша, жәбірленушінің басына үшкір емес затпен төрт бірдей соққы жасалған. Қорыта айтқанда, сот-медициналық сараптаманың қорытындысы сотталушының жәбірленушіні тікелей өлтіруге әрекеттенгенін айғақтайды.
Куә ретінде жауап берген жәбірленуші Б.-ның таныс-білістері мен жақындарының бәрі оның тәрбиелі жан болғанын сөз етті. Біраз жыл шахтада жұмыс істеген. Денсаулығына байланысты мүгедектікке шыққалы соңғы үш-төртжылдан бері жекеменшік көлігімен такси қызметін көрсетеді. Ол таныс-білістерінің бәрімен сыйластықта болған. Өте сыпайы. Әрдайым көңілді жүреді. Ешкім оның аузынан боқтық сөз шыққанын, дауыс көтергенін көрген емес. Куәлер Б.-ның біреуге қол көтерді, жан жалшығарды дегеніне еш сенбейтіндіктерін айтты. Сотталушының такси жүргізушісі өзіне бұрауышпен ұмтылды дегені шындыққа жанаспайтындығы жөніндегі ұйғарымдарын білдірді.
Сот отырысында анықталғандай, жәбірленуші мен сотталушының арасындағы жанжалдың тууына жолақының төленбеуі себепкер болған. Ал сотталушының такси жүргізушісінің өзіне бұрауышпен шабуыл жасады дегенін дәлелдейтін негіз жоқ. Өйткені сотталушы Талғаттың бойынан бұрауышпен салынған дене жарақаты анықталмады. Керісінше жәбірленушінің денесіндегі жарақаттар сот-медициналық сараптаманың қорытындысына қарағанда, екеуара бетпе-бет тұрғанда салынбаған, яғни Талғаттың жәбірленушіге арт жағынан пышақ жұмсағанын айғақтайды.
Сотталушы Талғаттың әрекеті Қылмыстық кодекстің 14-бабы 2-бөлігінің 2-тармағына сәйкес қылмыстардың қауіпті қайталануы деп, яки осы адам бұрын жасаған ауыр қылмысына орай 2018 жылғы мамырдағы сот үкімімен ірі мөлшердегі ұрлық жасағаны үшін сотталғандығына байланысты аса ауыр қылмыс жасаған деп танылды. Ол жаза мерзімін 2021 жылғы 20 қазанда өтеп шығады. Содан бір жыл өткен шамада түзу жолға түспей, жазадан өзіне тиісті қорытынды шығармай және аса ауыр қылмыс жасауға барады. Жәбірленуші Б.-ның өмірін қиып, оны адам жүре қоймайтын далаға тастап кетеді. Сонымен қатар жәбірленушінің автомобилін айдап кетіп, көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп кету тұрғысында және бір қылмыс жасайды. Сот үкімімен 26 жастағы Талғат 14 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланды.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.