Облыс әкімдігінде қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті 2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысын шығарды.
Алдымен ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жаслан Хамитовтың «Заң және тәртіп» қағидаты аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жұмыстар туралы баяндамасы тыңдалды. Онда сыбайлас жемқорлық қаупі жоғары салаларды анықтау, талдау және бақылау мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Атап өту керек, аталған салалар өңірдің сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасына енгізілген.
– Бүгін Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесу өткіздік, онда 2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысын талқыладық, сондай-ақ департаменттің атқарған жұмыстары туралы айттық. Мәселен, «Бір терезе» қағаидаты бойынша бюджет қаражаты 400 млн теңгеге үнемделді. Яғни бұл әкімшілік практика, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау аясында жүзеге асырылды. Басқа да жұмыстар жүргізді, бүгінгі күні оң нәтижелер бар. Сондай-ақ заң мен тәртіп қағидат аясында 50-ден астам іс-шара өткіздік, онда 4000-нан астам студент пен мектеп оқушылары қамтылды, – деді ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жаслан Хамитов.
Кеңес мүшелері экология, онкологиялық аурулардың алдын алу, жол инфрақұрылымын күтіп ұстау, заманауи жол техникасын енгізу және аумақтарды абаттандыру мәселелерін талқылады. Барлық көтерілген мәселелер бойынша нақты ұсыныстар да айтылды.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүйелі түрде жүзеге асырылып, оң нәтижесін беруде. ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша тиісті есептерді ұсынды және көтерілген мәселелер жіті бақылауда.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.