Ол әйелге жалаң жұдырығымен 31 рет соққы жұмсаған. 31 рет! Бас-көз демей төпелей берген. Тіршілік етуге маңызды органдар саналатын басына, іш-қарынға және кеуде қуысына бағытталған ауыр соққылардан әйел сол жерде көз жұмады.
Қылмыстық істі қараған Ұлытау облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты отырысында 37 жастағы сотталушы Артур өзімен азаматтық некедегі Аннаны әдейілеп өлтіргісі келмегенін айтып, кінәсін мойындамады. Әйткенмен әйелді аяусыз ұрып, соққыға жыққанын растады.
Сотталушы Артур өз кінәсін мойындамай, әйелге қасақана қастандық жасамағанын айтып баққанымен, оның кінәсі сот отырысында толық дәлелденді.
Сот отырысында жауап берген сотталушы Артур айтқандай, сол қылмыстық оқиға орын алатын күні келгенінде пәтерінде қызы мен азаматтық некедегі Анна болады. Әйел масаң күйде екен. Мұны көрген сотталушы Артурдың оның бұдан былай ішуді доғарамын деген өзіне берген уәдесінде тұрмағанына орай бойын ашу қысады. Содан ұрыс-керіс басталады. Екеуі бірін-бірі тілдейді, небір дөрекі сөздер айтып бағады. Әбден ашу қысқан Артур Аннаны соққының астына алады. Өзі де ішіп алған еді, мастықтың салдарынан жәбірленушіге жұдырығымен қанша соққы жасағанын білмейді. Бір мезетте пәтерге қызы кіріп келгенде ғана ол әйелді соққылауын тоқтатады. Анна барып диванға қисаяды, ал ол қызымен бірге жатын бөлмеге барып жатады. Артур түн ортасында әйелдің диваннан құлап түскенін естиді, бірақ оған бәлендей мән бере қоймайды. Тек таңертең оның сау адам құлағанындай емес, бүктетіле ыңғайсыз жатқанын көріп барып, медициналық жедел жәрдем қызметіне телефон шалады. Сосын көшеге шығып, сыра сатып алады да, жедел жәрдем көлігін күтеді.
Сотталушы Артур сотқа берген жауабында нық сеніммен айтқанындай, қылмыстық оқиға болған күні пәтеріне ешкім келмеген, түнде әйелдің құлағанын естіген сәтінде пәтер есігінің құлыбы жабық болған. Ендеше кісі өліміне өзге біреудің себепкер болды деудің еш қисыны жоқ.
Әйел мәйітіне жасалған сот-медициналық сараптаманың қорытындысы айғақтағандай, оның бойындағы барлық дене жарақаты тірі кезінде салынған, әлдебір жұмыр затпен соғу арқылы ізі қалған жарақаттар әйелдің денесінде өмірінің қиылуына аз уақыт қалғанда пайда болған.
Сот отырысында куә ретінде жауап берген Аннаның қызы Лена әкесі Артур анасын аяғымен және қолымен жиі ұрып тастайтынын айтты. Қылмыстық оқиға орын алған түнде үйіне келгенде әкесі анасын тағы ұрып жатқанының үстінен шыққанын, оған ұрма деп жалынғанын, бірақ әкесі өзінің айтқанына құлақ аспай ұруын жалғастыра бергенін баяндады. Сондай-ақ сот отырысында куә ретінде жауап берген Аннаның сіңілісі Нина сол қылмыстық оқиға болған түнгі 05:50 шамасында Лена өзіне телефон шалып, шақырған соң Артурдың пәтеріне алып-ұшып жеткенінде Аннаның қонақ бөлмеде жансыз жатқанын көргенін айтты. Пәтерде сотталушы Артур мен оның қызы Лена екеуі ғана болған. Бұл куәлердің жауаптарымен қоса қылмыстық оқиғаның орын алғанын сараптама қорытындылары және заттай айғақтар әшкерелейді.
Сотталушы Артурдың сот отырысында өзімен бірге тұрып жатқан азаматтық некедегі Аннаны өлтіру ойында болмағанын айтып, ақталуын сот негізсіз деп тапты. Оның адам өлтірудегі кінәсін мәлім болған айғақтар толықтай дәлелдейді.
Сот үкімімен Артур Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған бас бостандығынан 12 жылға айыру түрінде жаза тағайындалды және жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеу белгіленді.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.