Биыл сервистік қызмет көрсету және пайдалану жөніндегі энергетика басқармасының құрылғанына – 25 жыл. Осы ширек ғасыр ішінде бұл басқарма «Қазақмыс» корпорациясының өндірістік нысандарына энергетика саласы бойынша сервистік қызмет көрсетуде. Әсіресе, бұл ұжымның шахталарда атқаратын жұмыстары қомақты.
25 жыл ішінде даму жолынан өтіп, бүгінде бағыт-бағдары қалыптасқан басқармаға айналды. Осы мерейтой қарсаңында басқармадағы «кәсіпҚорған» кәсіподағы комитеті ауқымды шаралар ұйымдастырды. Атап айтқанда, 25 жылдықты атап өту аясында басқарма ұжымының арасында волейбол, баскетбол және футболдан жарыстар өтті. Бұл жарыстарда үздіктер анықталды. Кәсіподақ тарапынан жеңімпаздар марапатталды. Мерейтойлық бағдарлама басқарманың қалыптасуы мен өркендеуіне үлес қосқан еңбек ардагерлері мен өндіріс озаттарын ұлықтау шарасына ұласты. Салтанатты басқосуда басқарма директоры Бейбіт Есназаров аға буын өкілдерінің еңбегіне алғысын білдірді.
– Энергетика – күрделі де міндеті мен жауапкершілігі мол сала. Осы тұрғыдан алғанда біздің басқарма өзінің алға қойған міндетін қалтқысыз атқарып келеді. Жеті қат жер астында жарықтың үнемі болуын қамтамасыз ететін ұжымның еңбегі өлшеусіз. Осыдан 25 жыл бұрын алдыңғы аға буын қалыптастырып кеткен істің бүгін жалғасын тауып жатқаны ұжымның мерейі деп білемін. Баршаңызға басқарманы дамытудағы жеке үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін, – деді Бейбіт Қамариденұлы.
Бейбіт Қамариденұлы басқарманың бүгінгі деңгейге көтерілуіне айрықша еңбек сіңірген ардагерлер мен еңбек озаттарын марапаттады.

