Бүгінде қатыгездіктің сан түрін еститін болдық. Жақында теледидардан кәмелетке толмаған жап-жас қыздың өзі қатарлас бұрымдыны жерге сұлатып салып, бас-көз демей тепкілеп жатқанын көргенде денеміз түршікті. Жаны нәзік саналатын қыз балаларымыздың бесіктен белі шықпай жатып бойын жаулаған соншалықты қандай өшпенділік?! Тізе берсек, естіп-білген талай сұмдығымыз толып жатыр. Пышақ сұғып алып, жер жастандыру бейнебір шыбын өлтірумен бірдей болып бара ма дегізерліктей қанды оқиғаларды ести-ести әбден етіміз үйренгені сонша, селт етпейтін күйге жеттік…
АЛПЫСТАҒЫ КЕЙУАНА 9 ЖЫЛҒА КЕСІЛДІ
Бұл қылмыстық оқиға «ынтымағы мен сыйластығы жарасқан» деп жайшылықта тілге тиек ететін ауылымызда болған екен…
Істі қараған Ұлытау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының отырысында оқиғаның мән-жайы жете сөз болды. Кісі өліміне айыпты ретіндегі 60 жастағы кейуананың куә тұрғысында жауап берген келіні болған жайтты баяндап берді. Ерлі-зайыпты екеуі жолдасының жалғыз өзі ғана тұратын апайының үйіне сол күні түс ауа қонаққа келеді. Үшеуі отырып бір шыны арақ ішеді де, сол үйде қонып қалады. Ертесіне таңертең апайының қонақжайлылықпен берген бір шыны арағын үшеуі және ішеді. Сол күні кешкілік апайының үйіне өздері бұрыннан жақсы таныс ауылдасы қолында бір жартылығы бар келе қалады. Олар оның келуін қуана қарсы алып, ол әкелген жартыны төртеуі ортаға алып, бірге ішеді.
Ертесіне жол жүретін болғандықтан ерлі-зайыпты екеуі ертерек жатын бөлмеге барып ұйықтайды. Келіні сот отырысында берген жауабында бір мезетте дабырлаған дауыстан өзі оянып кеткенін баяндады. Сөйтсе өздері жатқан бөлмеге апайлары мен ауылдасы кіріп келген екен. Ауылдасы арақ алып келуге өзінен ақша сұрап тұр екен. Ол ақшасы жоқ екенін айтса да ауылдасы жалына сұрап тұрып алады. Бір сәтте апайы анаған өзінде ақша бар екенін айтып, қонақты өзімен бірге алып кетеді.
Келіннің сот отырысында берген жауабында сөз еткендей, арада қанша уақыт өткені белгісіз дабырлаған дауыстан және оянып кетеді. Асүйде өзара қатты дауыстап сөйлесіп отырған апайы мен ауылдасы екеуінің түнемелік дүкенге барып алып келген спирттік ішімдіктерін ішіп отырғанын аңғарады.
Куәнің баяндауынша, содан қанша уақыт өткені белгісіз апайларының өзінің атын атап, шақырған қатты дауысынан шошып оянып қараса, қолына қан-қан болған ағаш сапты асүй пышағын ұстап тұр екен. Ауылдасының атын атап:
– Мен оны өлтірдім! – дей берген бірнеше рет қайталап. Сөйткенше жұбайы да оянып, үй абыр-сабыр болып кеткенін баяндап берді сотталушы кейуананың келіні. Жолдасы апайынан не болғанын сұрағанда, «Ол мені зорламақшы болды, сосын мен оған пышақ сұғып алдым», – дегенін айтты ол. Сот отырысында судья:
– Жәбірленушіге пышақты қай сәтте сұғып алдыңыз? – деп сотталушыдан сұрағанда ол:
– Ас ішетін бөлмеде екеуміз арақ ішіп отырғанымызда ол маған «төсекке барып жатайық» дегенді қолымен ишара жасаған соң, мені зорламақшы болған әрекетіне ашуланып, үстел үстінде жатқан ағаш сапты асүй пышағын үстел басында өзіме қарама-қарсы отырған оның кеуде тұсына сұғып алдым, – деп жауап берді сотталушы сотқа дейінгі тергеу барысында берген жауабын қайталап.
Сот жинақталған және зерттелген дәлелдемелерді зерделей келіп, 60 жастағы сотталушының жәбірленушіні құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшыратқаны күмән туғызбайтын дәлелдермен толық қуатталады деген тұжырымға келеді. Сотталушының жәбірленуші өзін зорламақшы болды дегені негізсіз екенін, өйткені сынған ыдыс-аяқ, жиһаз немесе жыртылған киім-кешек, дене жарақаттары, яки зорлық-зомбылықтың нышаны болмағанын ескере келіп, жәбірленушінің өмірін қасақана қиғандықтан, сотталушы қатаң жазаға лайықты деп санады.
Сот 60 жастағы әйелді 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесіп, оны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеуге үкім етті.
АҒАСЫ ІНІСІНІҢ ҚОЛЫНАН АЖАЛ ҚҰШТЫ
Жасы қырықтан асқан жігіттің үстінен қозғалған қылмыстық істі, нақтылай айтқанда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-бөлігімен көзделген, яғни аса қатыгездікпен денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру салдарынан абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылықты Жезқазған қалалық соты қарады.
Сот талқылауы барысында сотталушы тағылған айып бойынша кінәсін толығымен мойындады. Ол өзінің ауылда тұратындығын, ағасының жұмысын жүргізуге көмектесу үшін қалаға келгенін, ағасы екеуі бір пәтерді жалға алып бірге тұрғандарын баяндады. Сол оқиға болатын күні таңертең ол ағасына ішімдік ішпеуін қадап айтып, жұмысына кетеді. Кешке шамамен сағат 21.00-де жұмыстан үйге келген кезде ағасының масаң күйде болғанын байқайды. Ағасының өтініші бойынша дүкеннен сусын сатып әкеліп береді. Өзінің айтқанын тыңдамай бауырының тағы ішіп алғанына ашуланған бойда пәтерден шығып кетеді де көшеде сыра ішеді.
Шамамен түнгі сағат 02.00-де үйге оралғанда ағасының әлі ұйықтауға жатпай тағы ішімдік ішіп алғанын көріп, реніш білдіреді. Содан араларында жанжал туындап, төбелеске ұласады. Бір-біріне аяусыз соққы жұмсайды.
Інісі әлден уақытта сабырға келіп, тамақ ішуге асүйге барады. Ағасы оның соңынан ілесе кіріп, балағаттай бастайды. Жанына тиген ауыр сөздерге шыдай алмай бойын ашу кернеген ол үстел үстінде жатқан ағаш сапты асүй пышағын алады да ағасының сол жақ аяғының тізе тұсына сұғып алады.
Ағасының қан саулаған аяғын орамалмен таңып, қан тоқтатудың әрекетін жасайды. Оны диванға жатқызады да қан-қан болған еденді жууға кіріседі. Ағасының қалыпты тыныс алып жатқанын көріп, ұйықтайтын шығар деп ойлайды. Жедел жәрдем шақырудың қажеттілігі есіне кіріп-шықпайды.
Бұл кезде жаз мезгілінің таңы арайлап атып келеді екен. Осы уақытта туыс інілері де жұмыстан оралатын. Тоқтаған автокөлік дүрілін естіп, солар келген шығар деп есік алдына шығады. Бірақ ешкімді кездестірмейді. Таңғы ауамен тыныстау үшін біраз жүріп қайтпақ болады. Өзінің көшеде қанша жүргенін білмейді, әйтеуір бір мезетте үйді айналып келгенінде есік алдында өзін полиция қызметкерлері тоқтатады.
Сөйтсе көшеде жүргенінде туысқандары үйге келіп, жедел жәрдем мен полиция қызметкерлерін шақырған екен. Ағасы өзі салған пышақ жарақатынан көп мөлшердегі қан жоғалту салдарынан қайтыс болыпты. Жасаған әрекетіне қатты қынжылатынын, өзі салған жарақат өлімге апарып соқтырады деп еш ойламағанын айтып, өзек өртер өкініштен түн ұйқысы төрт бөлініп жүргенін тілге тиек етті.
Сот үкімімен сотталушыға 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.

