Есірткі сатып, өткізу халық денсаулығына қасақана зиян келтіретін қылмыстық құқық бұзушылық болып табылады. Адам денсаулығын улауға қарсы күрес – баршаның ісі. Кімде-кім есірткі және психотроптық заттардың, сол тектестердің заңсыз айналымына байланысты қылмыстарды ашуға немесе олардың жолын кесуге, қылмыскерлерді әшкерелеуге ықпал етуге тиіс. Сот қарауына берілген мына екі қылмыстық іс тікелей куәнің құқық қорғау органына берген айғақтарының арқасында қозғалды.
Басты сот талқылауында жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қолданылған құпия куә «И. И. Иванов» жауап берді. Ол өз жауабында мына жайттарды атап көрсетті. Өткен жылдың тамыз айында Қарағанды қаласының бір ықшам ауданындағы автосервиске көлігін жөндетуге апарғанда сонда жұмыс істейтін, яки автокөлік жөндеумен айналысатын Қанат есімді жігіттің сейфті ашып, оның ішіндегі пакеттен жасыл түсті шөп тәрізді затты алғанын көреді. Оның алғаны анаша екенін бірден білді. Өйткені есірткі заттарының қандай болатынын теледидар-ақпарат көздерінен көру арқылы жете ажырата алатын. Сол кезде автосервисте бірнеше адам болды. Қанат сол адамдардан еш қысылмастан әлгі анашаны бір жігіттің қолына ұстатты. Бірақ оны танымайды. Екінші рет әлгі автосервиске келгенінде Қанаттың осы әрекетін қайталағанының үстінен шығады. Қанаттың бұл қылмысын екі рет көрген соң полицияға хабарлауға бекем бел буады. Сосын полиция басқармасына барып, Қанат есімді жігіттің автосервисте заңсыз есірткі заттарын сақтап, өткізумен айналысатындығы туралы көрген-білгенін хабарлайды. Сотта берген жауабында өзінің есірткіні қолданбайтындығын айтты. Қылмысты әшкерелеуге соншалықты батыл қадам жасағанын ұғынатынын, полицияға жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өтініш жазғанын тілге тиек етті.
Сот отырысында жауап берген куә Берік біраз жайттың бетін ашты. Оның Қанатпен жете танысып-сыйласқандарына екі-үш жыл болып қалған. Өзі медициналық жоғары оқу орнында оқитын. Сабақтан бос уақытында Қанатқа көмектесіп, тиын-тебен алатын. Өзінің сол көлік жөндеу шеберханасына келіп жүргенінде Қанаттың қолынан ішінде жасыл түсті шөбі бар пакетті бірнеше рет көріп, бұл зат есірткі екенін білген. Сосын Қанаттан «Мұның не?» деп күдіктене сұраған. Ол:
– Елден өзіміздің ағайындарға беріп жіберген сәлемдемелері ғой, – деген жайбарақат. Оның Тараз қаласының тумасы екенін, ағайын-туыстары сол жақта екенінен хабардар еді.
Кейін өткен жылдың тамыз айының соңына таман екеуі Қанаттың автокөлігімен сайман-бөлшектер алуға Тараз қаласына барып, бір түнейді. Қарағандыға қайтар жолда мектептің жанында Берікті қалдырады да, өзінің бір адаммен жолығатын шаруасының барын, тез сонда барып келетінін айтып кетеді. Берік ол келгенде автокөлігіне марихуана шөбін тиеп алғанын аңғарады. Күдігі ұлғая түседі. Бірақ Қанаттың есірткі сатып жүргеніне сенбес еді.
Екеуі қыркүйек айында Таразға және барады. Себебі Қанаттың атасы сырқаттанып қалған екен. Берікке дәрігер ретінде көруін өтінген. Қайтарда салон ішінде шөп иісі шығып тұрғандықтан ол осы жолы да есірткі затын әкеле жатқанын сезеді. Сосын ол:
– Қанат, марихуана иісі мүңкіп тұр, оны неге автокөлігіңізге салып алғансыз? Бұл есірткі затын тасымалдау аса ауыр қылмыс екенін білмейсіз бе? Жол полициясы ұстаса, не істемексіз? – деп оның жасы үлкендігін сыйлап, сыпайы ескерту жасайды… Осыдан бір апта өткенде Қанатты полиция қызметкерлері ұстағанын естігенін айтты сотқа берген жауабында.
Куәгерлер ұсталған жігіттің автокөлігі мен пәтеріне тінту жүргізілгенде көрген-білгендерін жайып салды. Машинаның жүксалғышынан табылған қара сөмке ішінен екі полимерлік пакет алынған. Олардың ішінде өсімдік тектес, иісі бар жасыл түсті заттар болған. Ұсталған адам ол заттар өзінікі екенін айтқан. Ал пәтерге тінту жүргізу барысында жатын бөлмедегі шкафтың ішінен жасыл түсті, өсімдік тектес зат анықталды. Содан соң 2 медициналық қолғап, таза пакеттер мен электрондық таразы табылды. Пәтер иесі Қанат ол заттардың өзіне тиесілі екенін, есірткі заттарын сататынын айтты. Тінту кезінде бейнежазба түсірілді, хаттамалар толтырылды.
Сот Қанаттың қылмыстық іс-әрекеті сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарымен ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі 3-тармағында көзделген қылмыспен, яғни есірткі заттарын аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау болып дұрыс дәрежеленген деп тапты. Сотталушының тағылған айып бойынша кінәсі сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде жинақталған және сот тергеуі кезінде зерттелген дәлелдермен толық бекіді.
Сот үкімімен Қанатқа 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды және жаза қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеу белгіленді.
***
Сотталушылар орындығында – үшеу. Үшеуі де бұрын істі болған. 41 жастағы Виталий кезінде есірткі заттарды өткізу мақсатында иемдену, сақтау, тасымалдау әрекеті үшін 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын өтеген. Ал ағайынды 51 жастағы Виктор мен 45 жастағы Николай екеуі де бұдан алты жыл бұрын бір күнгі сот үкімімен ұрлық жасаған қылмысты әрекеттері үшін сотталған. Осы үшеуі бұл жолғы сотқа Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі, 1, 3-тармақтары бойынша берілген. Сотталушы бұл үшеудің іс-әрекеттері есірткі заттарын адамдар тобының алдын-ала сөз байласуымен және аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау болып табылған.
Осы қылмыстық іс қаралған сот отырысында куә «Иванов И.И.» өз жауабында қылмыскерлерді әшкерелеуге және заңсыз әрекеттерінің жолын кесуге ықпал етуге ерікті түрде келісім бергенін айтты. Бұрын өзі де есірткі заттарын пайдаланған. Сондықтан сотталушылар Виталийді, ағайынды Виктор мен Николайды есірткіқұмар ретінде жақсы біледі. Ол Виталийдің есірткі сатуды ұйымдастырушы екеніне көптен көзі жеткен. Ал ағайындылар оның айтуымен әрекет жасайтынына талай куә болған. Бұл қылмыскерлердің заңсыз іс-қимылы қаншама адамның есірткімен уланып, денсаулығын құртып келгенін, сөйтіп тағдыр тәлкегіне түскенін өз басынан жақсы біледі. Иә, олардың мойнында қаншама адамның обалы бар. Соны іштей ұғынғандықтан да оларды әшкерелеуге саналы түрде бел буады.
Ол осы мақсатта сәуір айының 22-сі күні Виталиймен ұялы телефоны арқылы тілдесіп, 20 мың теңгеге есірткі сатуды өтінеді. Ол еш қарсылық көрсетпестен, өтінішін орындауға ниет білдіреді. Өзі тұратын үйдің жанында сағат 19:00 шамасында күтетінін айтады. Куә оның тұратын мекенжайын жақсы білетін. Келісілген уақытта келсе, оны Виталий емес, оның «көмекшісі» Виктор күтіп тұр екен. Куә оның қолына 20 мың теңге сомасындағы ақшалай қаржыны ұстатады, ал ол болса оған ұнтақ түріндегі заттар салынған төрт алтын түстес орамды қолма-қол береді. «Иванов И.И.» ол орамды ерікті түрде полиция қызметкерлеріне тапсырады. Сараптама қорытындысына сәйкес ол орамдардағы аса ірі мөлшердегі 1,44 грамм героин есірткі заты болып табылады.
Сонымен қатар куә «Иванов И.И.» келесі мамыр айының 18-і күні Виталийге тағы да ұялы телефонымен қоңырау шалады. Ол бұл жолы 15 мың теңгеге героин сатуды сұрайды. Виталий оған сыйлас әйелінің мекенжайын айтып, сонда келіп ал дейді. Айтылған пәтерге келгенде әйел телефон арқылы сатының есігін ашады. Пәтерге келіп кіргенде керуетте жатқан Виталийді көреді. Куә оған 15 мың теңгені табыстайды. Героинді ағайындылардан барып алу керегін айтады.
Өздерінің мекенжайына келген оны көрген Николай балконда тұрып, «L&M» маркалы сигарет қорабын оған лақтырады. Ол қорапта алтын түстес жұқалтырға оралған үш бума болды. Куә сигарет қорабын полиция қызметкерлеріне ерікті түрде тапсырады.
Куә осының бәрін баяндай келіп, қылмыскерлерді әшкерелеуге ерікті түрде қатысқанын, айғақты ешқандай мәжбүрлеусіз бергенін, барлық іс-қимыл бейнекамераға жазылып алынғанын, тиісті хаттамалар толтырылғанын айтты.
Сот үкімімен Виталий – 13 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына, ал Виктор – 11 жылға, Николай 12 жылға кесілді.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.