Сол күнгі сұмдық оқиға А. кентінің тұрғындарын дүрліктіріп тастады. Бір отбасының үш бірдей жанының өмірі қиылғанына құлақтанған жұрт жағасын ұстады. Мұндай жантүршігерлік оқиғаны мұндағылар бұрын-соңды естіген емес.
Сотталушы Андрей – осы жердің тумасы. Отыз төрт жаста. Әлі үйленбеген. Ол елуді еңсеріп қалған Айқынның көз алдында өскен. Үйлері де бір-біріне жақын. Одан қалды, бір жерде бірге жұмыс істейді. Әріптес.
Тамыздың 11-і. Сағат 22:00 шамасы. Андрей үрлемелі резеңке қайығын уақытша пайдалануға сұрап алмаққа әріптесі Айқынның үйіне бет алды. Оның қайығымен бұрында да бірнеше рет балық аулаған. Айқын Андрейдің қолын қаққан емес. Сұраса беретіні анық. Онысын біле тұра Андрейге жолай қайықты неге ұрлап алмасқа деген бөтен ой келді. Қайта-қайта сұрап қайық иесін мезі еткенше, қалаған уақытында балық аулауға баратын өзінікі болғанға не жетсін! Үрлемелі қайықтың қайда тұратынын жақсы біледі. Ұрланып гаражға келсе, есігі құлыптанбапты. Сөйтіп, Андрей Айқынның үрлемелі қайығын қолды етті. Бар пәле осы ұрлықтан басталған еді.
Тамыздың 12-сі. Сағат 08:00. Жұмысқа келгені сол мұны көрген Айқын әдеттегідей:
– Андрей, аман-есенсің бе? Не жаңалық? – деп жарқын үнмен өзімсіне амандық-саулық сұраған. – Таңертең жұмысқа кетіп бара жатып гараж есігінің ашық қалғанын көрдім. Қарасам, ішінде қайығым жоқ. Сен алған жоқсың ба?
– Алған жоқпын, – деді Андрей жүзін төмен салып міңгірлей.
– Таң атпай әйелімді біраз қуырып алдым. Гараж есігін ашық қалдырған сол. «Андрейден сұрасаңшы. Одан басқа сенің қайығың кімге керек?», – деп бажылдап ол қалды. Кім алды екен, ә? – деді Айқын өз-өзіне күбірлеп. Сосын қалтасынан ұялы телефонын алды да әйелімен сөйлесті:
– Раушан, қайықты Андрей алмапты. Қайдан тапсаң одан тап! Көршілерден сұрастыр…
Андрей түк естіп-білмегендей еш шырай танытпады.
Сағат 16:00 шамасы. Раушан олардың жұмыс орнына келе Андрейге бассалды:
– Сен ғой алған қайықты. Сұрап алсаң да болатын еді ғой. Сенен ол қайықтың несін аяймыз…
– Айттым ғой, алған жоқпын.
– Қой, мені әуре-сарсаңға салма! Сен алмағанда оны кім алмақ? Балалардың аузынан жырып, қолақпандай қырық мың теңгеге алған жоқ па соны анау қоярда қоймай. Өз мүлкіне өзі ие бола алмай енді менен көріп отыр екен ана ағаң Айқын… Сен алған шығар деп ойлап едім… Қой болмас, полицияға барып арыз жазайын.
– Раушан апай, қайтесіз полицияға барып… Бармаңыз…
– Неге бармаймын, Андрей-ау. Маған керегі – ақшасы. Полицейлер ұрлық жасаған адамнан оның құнын қайтарып берсе болғаны, – деді Раушан.
Сағат 19:00. Жұмыстан шығысымен Андрей Айқынның өзін күтпестен оның үйіне келді. Ойы оның зайыбы полиция бөлімшесіне барған-бармағанын білу. Мұны қорқыту үшін жай айта салған сөзі болар. Әлі бармаған болса, онда Раушанды алдап-сулап, арыз жазбауға үгіттеп бағуы керек. Әйтпесе құрығаны! Полицейлер келіп тінтсе, сарайында тұрған қайықты тауып алары анық. Жұмыста жүргенде осы ой оған маза бермеген.
Раушанның әлі полиция бөлімшесіне бармағанын білгенде алғашқы сәтте қуанып кетті. Бірақ көп ұзамай ол қуанышы су сепкендей басылды. Раушан таңертең тұрысымен полицияға барып, арыз жазатынын айтудан танбады. «Айекең қайықты біреуге берген шығар. Онысын өзі ұмытып қалған болар. Қайтесіз полицияға барып. Қайықты алған адам ертең-ақ әкеледі», – деп алдаусыратып баққанымен Раушан көнер емес. «Алған басқа емес, тура сен!» деп өзіне бассалсын. Өзін қанша жерден кінәлі емес екенін айтып баққанынан ештеңе шықпады. Салы суға кетіп, үйіне қайтты.
Сағат 21:40. Андрей осы бір сәтте орнынан апыл-ғұпыл тұрып, киіне бастады. Ол үйіне келгеннен байыз тауып отыра алмады. Ұрлығының ізін қалай жасырсам екен деп дал болды. Ойына сан түрлі әрекет келді. Ақыры бір ұйғарымға бекем бел байлады. Сол оймен ас бөлмесінен қоңыр түсті ағаш сабы бар ас пышағын алды да, оң қалтасына салды.
Сағат 22:00 шамасындаолардың үйіне жақындап келіп аңдысын-аңдып біршама тұрады. Іштен ешқандай дыбыс не дауыс естіле қоймайды. Үйлерінде тек ерлі-
зайыпты екеу ғана тәрізді. Бөтен ешкімнің жоқтығына көзі жеткен соң Андрей жазғы ас үйдің жанында тұрып:
– Раушан апай, сыртқа шығып, қайықты алыңыз, – деді дауысын көтере. Әдетте үй иесі Айқынның ерте жатып қалатынын білгендіктен оны оятып алмас үшін неғұрлым қаттырақ сөйлемей.
– Бұл сен бе, Андрей? – деп сөйлей шықты Раушан. – Бәсе, ол қайықты сен алмағанда кім алмақ. Әкелдің бе, кәне?
– Гараж жақта, – деді Андрей.
Раушан солай қарай бара жатып, ауладағы шам жарығынан қайық көзіне түспеген соң-ақ ренжи:
– Әй, қайық көрінбейді ғой… Әлде желін шығарып тастадың ба? – дегені сол оның артынан ілесіп келе жатқан Андрей шалт қимылдап, әйел шыңғырып көмек шақырмас үшін сол қолымен аузын жаба басын арқасынан қапсыра ұстап тұрып, оң қолымен тамағынан орып жіберді. Онымен ғана шектеліп қалмай, бет-жүзіне, мойнына бірнеше мәрте пышақ сілтейді. Раушан жерге құлап түседі. Андрей әйелдің демі таусылғанына әбден көзін жеткізу үшін жатқан жерінде оның тамағынан және орып жібереді. Сосын жансыз денені жазғы ас үйдің артындағы қараңғы жерге сүйреп апарады.
Енді оның күйеуін жазым етпекке үйге бет алған Андрей ойламаған жерден жазғы ас үйден шығып келе жатқан қызды көргенде қатты сасады. Андрей мектепті қызыл аттестатқа бітірісімен Гүлнұрдың Түркиядағы жоғары оқу орнына түсіп, ата-аналарын қуантуға келгенін білмейтін.
– Ой, Гүлнұр, қашан келіп қалғансың? – деді асып-сасып Андрей. Сосын аузына түскен сөз: – Гүлнұр, су берші, – болды.
Ойында еш алаң жоқ қыз:
– Андрей ағай, қазір… – деп ас үйге қайта кіріп, су құйып алып жатқанда анасының мәйітін тапқанда оны өлтірген өзі екенін айтып қояды-ау деген ой келген. Сол-ақ екен арқасынан қапсыра құшақтай аузын жауып, екінші қолымен қызды тамағынан орып жібереді. Одан соң тағы екі мәрте қыз денесіне пышақ жұмсайды. Қыздың өлгеніне көзі жеткен соң барып үйге бет алады.
Үй иесі Айқын төсегінде ұйықтап жатыр екен. Еш дыбыс шығармай мысықша басып келді де, шалқасынан жатқан оның ішіне пышақты сұғып алды. Сол сәт шырт ұйқыдан оянып кеткен ол жанталаса Андрейдің пышақ ұстаған қолына шап берді. Сөйтіп екеуі айқаса кетті. Екеуі жұлқысып, жатын бөлмеден дәлізге шықты. Пышақтан Андрей айырылар емес. Не дегенмен, әрі жастығының арқасында, әрі қарулы болған соң қойсын ба, оның денесіне бірнеше мәрте пышақ салып алды. Ауыр жарақаттардан Айқын бірден мерт болды. Оның ажал құшқанына әбден көзі жеткен соң барып, пышақ сілтесін доғарады.
Сосын бөлмеден бөлмеге өтіп, жолындағы бар дүние-мүліктің төңкерілетінін төңкеріп, құлайтынын құлатып, қолына түскенін шаша бастайды. Дәл бір тонау орын алғандай, үй ішінің астан-кестеңін шығарады.
Өз үйіне қайтып бара жатқан жолда бір отбасындағы үш адамның өмірін қиған пышағын жолай әлдебір ескі қораның төбесіне лақтырып кетеді. Үйіне келе үстіндегі бар киімін жуып-шаяды.
Тамыздың 13-і күнгі сағат 15:22. Әлдебір шаруасымен барғанында қайғылы үйдің жағдайына тап болған көрші әйел дереу полиция бөлімшесіне телефон шалып, көргенін хабарлайды.
Суыт хабарды алысымен қылмыстық оқиға болған жерге жеткен полиция қызметкерлері дәл мұндай қаныпезерлік қылмысқа барған адамды кәнігі қылмыскерлер арасынан іздеуді ойластырған. Тергеушілер Айқынмен бірге жұмыс істейтіндермен тілдескенде барып күдіктінің ізіне түскендей болған. Марқұм Айқынның бір әріптесі сол күні «Қайықты алған сенсің», – деп айқайлап ұрысқан әйел дауысын естігенін, сәлден соң қараса дауыс көтерген әйел Айқынның зайыбы екенін танығанын, ол Андреймен сөзге келіп қалғанын баяндап берді.
– Ол айқайды қасымдағы Алдияр да естіпті. Ерлі-зайыптыларды қызымен қоса өлтіріп кетіпті дегенді жұмыста жүргенде естідік. Сол мезетте Алдияр бірден: «Андрей емес пе екен», – деп қалды. Мен де солай ойлаған едім, – деп ағынан жарыла әңгімеледі әлгі әріптесі.
Сағат 19:10. Андрей жұмыстан келіп үйіне кірген мезетте оның артынша полицияның жедел әрекет ету қызметкерлері сау етіп кіріп, күдіктіні ұстады. Тінту барысында ұрланған резеңке үрлемелі қайық оның сарайынан табылды. Андрей қылмыстық әрекетін толығымен бірден мойындап, бүге-шігесіне дейін айтып берді.
Соныменұрлығыныңізін жасырмақ болып, бір отбасының үш жанының өмірін қиған жасы небәрі отыз төрттегі Андрей өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын арқалады. Қор болған ғұмыр-ай!
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.