Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫНЫҢ журналистік өтіліне биыл 50 жыл толып отыр. Ол кезінде Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетінде еңбек жолын бастаған еді. Ардагер журналист бүгінде де қаламын серік етіп келеді. Ол, әсіресе, өмірдің көлеңке бір тұсы – қылмыс тақырыбын тұрақты қаузайды. Бүгінгі кәсіби мерекемізге орай журналистің детектив жанрына жазған әдеби туындысын оқырмандарымыздың назарына ұсынып отырмыз.
«Мысты өңір».
Аса ауыр қылмыс бөлімінің басшысы майор Елеуов Алпамыс тергеу ісімен айналысқан қаншама жыл ішінде дәл мұндай тығырыққа тірелмеген болар-ау. Жұмбақ өлім. Ешқандай із жоқ. Куә ол жоқ. Көрген-білгенін кімнен сұрарсың, егер ер адамның мәйіті қаладан жетпіс шақырымдай жерде Сарысу өзені жағасынан табылса. Сенбі күні таңертеңгілік осында балық аулауға келгендер дүңкиіп жатқан жансыз дененің үстінен түскен ғой. Сот-медициналық сараптама жәбірленушінің түнгі сағат 03:15-те жан тапсырғанын анықтады. Қанды қол иесі аса қатыгездікпен өлтірген… Үстіндегі киімдерін де жоқ қылыпты.
Сол күні түстен кейін адам жоғалғаны жөнінде суыт хабар жеткен. Жақындарына мүрдені көрсеткенде жоғалған адам сол болып шықты. Оңтүстік Жезқазған кенішіндегі № 65 шахтаның бригадирі екен. Адам өліміне қатысты жедел жүргізілген тергеу барысында анықталғандай, сол жұма күні шахта жұмысшыларының айлығы беріліпті. Жалақыларын алған үш кенші Сәтбаев қаласындағы мейрамханаға келіп, бригадирдің еңбек демалысына шыққанын «жуыпты». Қызу отырыс түнгі сағат 10:00-ге дейін созылса керек. Қасындағы екеуінің берген жауабына қарағанда, бригадир оларды отырған орындарында қалдырып, өзі Жезқазғандағы үйіне жетуге асығып, тұрып кеткен. Ана екеуі Сәтбаев қаласының тұрғындары екен. Қызып қалған олар сыртқа шықпай, орындарында қала береді де, бригадирдің немен кеткенін көрмеген…
Шахта кеншілеріне сол күні жалақы таратқан кассир әйел бригадир айлығымен қоса демалыс ақысын да алғанын айтты. Ақша ауысқаннан кейінгі беріліп отырған алғашқы айлық қой, 25 сомдық купюрды бума-бумасымен берген. Бригадирдің сонда алғанын бір пакетке салып жатқаны кассирдің есінде қалыпты.
Алпамыс кассирдің берген жауабын оқып отырғанда жұрт аузында тарап кеткен сол кездегі анекдот ойына оралып, мырс еткен. Ақша ауысқаннан кейін жолдасы үйіне көп ақша әкеледі ғой. Сонда келіншегі:
– Баяғыдан бері «Шіркін, бір мың сом ұстасам» деп армандаушы едім. Ақыры сол арманыма жеттім-ау! – деп қуанғанынан жылап жіберіпті.
Сол анекдот еді Алпамыстың есіне түскені.
Сонымен бригадир еңбек демалысын «жуған» соң кештетіп Жезқазғандағы үйіне Сәтбаевтан немен қайтуы мүмкін? Әрине, жолай бара жатқан автокөлікке қол көтеріп мініп кетпек. Әйтпесе, қазір не көп – такси көп, оның жеке меншігі де бар, қос қалада жолаушылар таситын автопарктікі ол да бар, қайсысына мінгенін қайдан білерсің?! Кім де болса жолаушының пакет толы қыт-қыт ақшасы барын байқап қалып, «алтын көрсе періште жолдан таяр» дегеннің керін келтірсе керек… Қарап отырса, біреу өштесетіндей бригадирдің басбұзар қылығы жоқ. Жасы қырыққа келіп қалған жігітті бірге туып, бірге өскен қатарластары да, пәлен жыл бойы қоян-қолтық бірге еңбек етіп келе жатқан әріптестері де еш жамандыққа қимайды. Оған қастандық жасалуының еш реті жоқ. Тек сол ақша ғана…
Аса ауыр қылмыс бөлімінің басшысы бұрын-соңды дәл мұндай қиналмас. Жұмбақ өлім. Міне, бір апта өте шықты. Тергеушілер ілік етер ештеңе тапқан жоқ. Есепте тұрған қаныпезер қылмыскерлерді де сүзіп шықты. Тергеушілер олардың сол қайғылы оқиға болған күндерде қайда болғанын тексерген екен, күдіктенерлік ештеңе таппапты. Бригадирді асқан аяусыздықпен өлтіру тек кәнігі қылмыскердің ісі екені анық. Тік шегінен ағаш тығып, іш құрылысын парша-паршасын шығарған! Алпамыс қылмыс әлемінде дәл мұндай сұмдық әрекеттің орын алғанын естімепті.
Алпамыс осы сәт қалың ұйқыдан оянғандай селк ете қалғаны. Тіпті отырған креслосынан тұрып кетті. Қолымен шап беріп ұстап алатындай оқыс қимыл жасаған. Естімегені несі! Естімек түгілі өз көзімен көргені қайда! Осы уақытқа дейін қалайша ол ойына келмеген!
Дереу тергеушінің бірін шақыртып, жедел тапсырма берген.
Еске оралған сол бір күндер Алпамыстың көз алдына қайта келе қалды. Жастық шақтың тамаша сәттері еді ол. Сол бір қызға деген ынтызарлық бойын билеп алған. Жақсы көру қандай ғанибет. Тәтті кездер еді-ау. Салтанатпен жүздесуге, тілдесуге, құшақтап мейірленуге асығып тұратын. Тәртіп сақшысының мазасыз тірлігі қызбен қауышуға мұрсат бере бермейтін. Әрі бір қаланың ішінде емес, Салтанат Рудник кентінде тұрады. Ал Алпамыс – Жезқазғанда.
Алпамыс Қарағанды Жоғары милиция мектебін сол жылы жазда бітіріп келісімен, жұмысқа тұрған. Күзінде жолдастарының үйлену тойында Салтанатпен қатар отыра қалыпты. Тағдыр қосты деген осы екен-ау. Көптен көріспеген екеуі бірден шүйіркелесе кеткен. Алпамыс қыздан екі класс жоғары оқыған. Спорт жаттығуларынан қалмайтын санаулы қыздардың бірі осы Салтанат еді. Волейбол дейсің бе, баскетбол дейсің бе, тіпті футбол да ойнай беретін Алпамыстармен бірге Рудниктегі № 7 орта мектепте оқып жүргенде. Арада өткен санаулы жылдар Салтанатты есейтіпті. Алпамыс қыздың көрікті де сүйкімді болып бойжеткенін бірден аңғарған. Сол кеште жұптары жазылмаған. Бірге билеп, бірге шаттанған. Тойдан соң Салтанатты үйіне шығарып салған…
Салтанат өздері оқыған мектепте дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі екен. Спортқа деген әуесқойлығының жетегімен барып Саран педучилищесін бітіріп алыпты. Бірі Қарағандыға, бірі Саранға қатынап жүріп, жолдары түйіспепті. Тағдыр екеуін бірнеше жыл өткен соң жолықтырды ғой, Алпамыс енді қыздан айырылғысы жоқ. Иә, ол бір махаббат буына шомылған тәтті күндер еді-ау. Алпамыс сол жастық шақты ерекше толқыныспен еске алар еді.
Салтанат оқушылардың көктемгі каникулында балаларын футболдан өтетін кездесуге Жезқазғанға апаратынын айтқан. Ойын орыс мектебінің спорт залында өтеді екен. Алпамыс сол айтқан уақытында сонда барған. Ойы балалардың ойынын қызықтаудан бұрын Салтанаттың қасында болу еді.
Алпамысқа ойын тез біткендей болып көрінді. Салтанаттың қуанышты жүзін көріп мәз. Оның оқушылары 3:1 есебімен айқын басымдықпен жеңген еді. Жеңіліп бара жатқан жақ кездесудің соңына қарай дөрекі ойын көрсете бастады. Әсіресе бұзақы балалардың «атаманы» атануымен көзге түсіп жүрген 10-кластың оқушысы Жорик тым дөрекілікпен бірнеше мәрте тәртіп бұзды. «Жығылып жатқанға жұдырық», онсыз да жеңіліп жатқанда төреші оны ойыннан шығарып жіберді.
(Жалғасы бар)
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ