Көктемнің алғашқы күні – Алғыс айту күні. Қазақстандықтар бұл күнді Алғыс айту мейрамы ретінде кеңінен атап өтеді. Басқа мерекелерге қарағанда, бұл күн мазмұны жағынан да өзгеше. Ол бүгінде шын мәніндегі халықтық мерекеге айналған.
Бұл күн – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне қоныс аударған түрлі этностың құт сыйлаған қасиетті мекені мен кеңпейіл қазақ халқына деген терең тағзымының белгісі іспетті. Кешегі қилы заманда қазақ халқы тағдырдың жазуымен елге келген өзге ұлт пен ұлыс өкілдеріне кең құшағын жайып, бауырына тартты, бір үзім нанымен бөлісті. Бұл мерекенің басты мақсаты өскелең ұрпақты достық, бір-біріне деген құрмет пен толеранттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, Қазақстанда этносаралық келісім мен ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту болып табылады.
Осы орайда біз Сәтбаев қаласындағы Достық үйі жанында корей халқының ынталы тобына жетекшілік етіп отырған Ирина Кимге жолығып, әңгімелескен едік.
– Жеке адамның қайғысын түсінуге болады. Ал тұтас халықтың қасіретін қалай сипаттарсың?… Тоталитарлық жүйе өткен ғасырдың 30–50 жылдары аралығында талай жанның құқығын, саяси еркіндігін аяққа таптап, кіндік қаны тамған жерінен, мәдениетінен, тілінен, ұлттық болмысынан жұрдай етті. Бала-шаға демей шетінен қойдай көгендеп, малша айдады. Солардың бірі – корейлер еді.
Ата-әжелеріміз 1937 жылы Қиыр Шығыстан жер аударылып осы мекенге келген екен. Сол уақытты көзімен көрген үлкен кісілеріміздің өзі ол кезде кішкентай бала болыпты. Сонда да көрген-білгенін бізге айтып отыратын. Бұл орайда, әсіресе Эльза Цхайдың анасы айтқан әңгімесін біз әлі күнге ұмытқан жоқпыз. «Бізді пойызбен әкеліп, далаға тастап кетті. Егерде қазақтар бізді паналатып, үйлеріне кіргізбегенде, біз аштықтан да, ауа-райының салқындығынан да аман қалмас едік. Біздерді өздерінің үйлеріне бөліп-бөліп кіргізіп алды. Бұл жақта да қысылтаяң кезең еді. Біз қазақша, олар біздің тілімізді түсінбейді. Соған қарамастан қазақ жұрты жатсынбай, кең құшағына алып, бауырына басты. Жылы қабақ танытып, туғанындай қабылдады. Татулық пен достықтың үлгісін сөзбен емес, іспен көрсетті. Әке-шешелеріміз өле-өлгенше қазақ халқына деген ризашылығын айтып, ақ алғысын жаудырып өтті. Жақсылығын сатпайтын, қамқорлығын аямайтын мәрт, жомарт халық деп шаң жуытпайтын. Анам айтқан осы әңгіме менің санамда жаттаулы. «Қазақтардың мейірімділігінің арқасында осы күнге жеттік. Оларға алғысымыз шексіз», – деп отырушы еді Эльза апай.
– Адамдар рухани құндылықтардан ажырап бара жатқан бүгінгідей сәтте ХХ ғасырдың зұлматын, өзгелерге өнеге боларлық қазақ халқының қиын-қыстау кезеңдегі адамгершілік асыл қасиеттерін жас ұрпақ біліп, жүрегімен сезініп өскені абзал. Алғыс айту күнінде басымызды иіп, рақметімізді айту бір-бірімізді одан әрі жақындастыра түсері анық.
Біз ол уақытты көзбен көрмедік. Десе де, жастайымыздан ата-бабамыздың қандай қиын заманды бастан кешіргенін өсе келе білдік. Ата-әжемізден, ата-анамыздан қазақ халқына деген ризашылықты естіп, санамызға сіңіріп өстік. Сондықтан да менің қазақ халқына құрметім ерекше. Біз ұлтқа бөлінбедік, бәріміз бірге жүрдік. Бұл үрдіс әлі де солай жалғасын тауып келеді. Біздің құжатымызда «корей» деп жазылғанымен, барлығымыз қазақ жерінде өмірге келгенбіз. Менің ойымша, осы жердің азаматы ретінде біз қазақша білуге міндеттіміз. Қай жерге барсақ та, сол елдің тілін білуге ұмтыламыз ғой. Сол секілді қазақ жерінде өмір сүрген соң, қазақ болмасақ та, бұл тілді білуіміз шарт.
Мен өзім Ұлтқа құрмет ретінде мемлекет құраушы ұлт – қазақ халқының тілі мен дәстірін бойымы сіңіруге тырыстым. Қазақ тілінде еркін сөйлеймін. Қазақ еліне алғысым шексіз. Себебі, қазір де еш кедергісіз жұмыс жасап жатырмыз. Өзге ұлт өкілі ретінде ешқандай қысым жоқ. Еліміз тыныш, бейбіт. Осы өлкеде өмірге келген соң, Отанымды Қазақстан деп есептеймін. Мереке қарсаңында әрбір отбасыға бақ-береке, елімізге тыныштық тілеймін, – дейді Ирина ағынан жарылып.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.