Павел СТОВБЧАТЫЙ
(Детектив)
(Жалғасы. Басы газеттің өткен жылғы № 36(1789) санынан басталады).
Иттерді үйшігіне кіргізу біздің біраз уақытымызды алды. Светаның шақырғанына еркелеп келгенімен күркеге кіргілері келмеген төбеттер екі жаққа қашып, әбігер қылды. Уақыт тым тығыз еді. Түн ортасынан ауып кеткен уақытты ойлағанда жаным қысылғандай болды. Қыстың күніндей емес, көктемгі түн де қысқара бастаған.
Тіпті, кері барып «клиентті» алып келсек қайтеді деген де ой оралды санама. Әйтпесе, мына «волкодавтар» ыңғайға көнер емес, Атып тастауға болмайды. Тапаншаның дауысы түнде қалай естіледі дейсің. Олай істеу өзіңді-өзің ұстап бергенмен бірдей. Мұндайға тек ақымақтар ғана барады.
Біздің бағымызға қарай Света иттердің «тілін» тапты-ау ақыры. Екі итті үйшігіне қамап, есігін мықтап жапқан ол машинаға келіп мойныма асыла кетті де ерніме сүлікше қадалды.
– Бітті! – деді ол маған жабысқан күйі қуаныштан жүзі бал-бұл жанып. – Қазір жүгірген бетте үйге кіріп кетесіңдер. Иттер үріп-үріп қояды. Кілт қайда?!
– Гадода, – дедім мен іле.
– Ә, иә!..
Машинадан лып етіп шыққан Света шат қимылдап жүксалғыштың қақпағын ашты. Тәжіктің манадан бері шыдамсызданып жатқаны түрінен аңғарылып тұр.
– Құда күткендей соншама созғандарың не?! – деді жүксалғыштан шығып жатып күңкілдеп.
– Иттер… Күркеге әрең кіргізді, сайтан алғырларды! – деп түсіндірдім мен мән-жайды екі ауыз сөзбен. – Қазір үйге кіреміз. Кілтерді бер Светаға.
Гадо кілттерді ұсынды. Бірақ, Света орнынан қозғалмады.
– Былай істейміз, – деді ол сосын. – Қазір мен машинаны ішке кіргіземін. Шығу қиын емес. Есесіне сендер көзге түспейсіңдер.
Біз машинаға қайыра отырдық та Света бізді дәл кіре беріс есіктің алдына бірақ әкелді.
– Үйде ешкімнің жоқ екеніне сенімдісің бе? – деді кенет Гадо машина есігін ашпай тұрып. Сірә, манағы күзетші жайлы «сюрприз» есіне түсіп кетсе керек.
– Егер әулиенің рухы мен домовой болмаса, – деді Света күліп. – Әйтпесе, үйде біреу болса бағана-ақ белгі берер еді ғой. Ендігі легавылар да келіп тұрар еді.
Солай деді де света есікке қарай нық сеніммен қадам басты. Бұл кезде бөтен иісті сезді ме қарғыс атқыр төбеттер де үре бастады. Одан әрі далада тұру ақылғы сыймайтын еді. Дес бергенде итке соғылған күркенің есігі де мықты екен. Олардың үргені даладағыдай қатты шыққан жоқ. Біз де лып етіп үйге кіріп кеттік.
Талайды көрген әкі емес пе, Гадо үйге кірген бойда дабылқақышты іздей бастады.
– Әуре болмай-ақ қой, ондай құрылғы мұнда жоқ, – деді Света Гадоның не іздеп жатқанын айтпай ұғып. Сөйтті де есікті іштен құлыптап алды. – Сақтықта қорлық жоқ. Сырттан біреу-міреу кіріп қалмасын.
Алғашқыдай емес, бойымыз үйрене бастаған сыңайлы. Света терезелері үйдің сыртқы жағына қарайтын бөлмеге бастап алып келді. Сөйтті де қай шкафтарды ашу керек екенін көрсетті. Біз дереу іске кірістік. Бірнеше шкафты аштық, әйтсе де қолымызға қағаз салынған папкалар мен жалаңаш қыздардың фотолары ғана ілікті.
Суреттерге қарағанда ондағы қыздер жеңіл жүрістілерге ұқсамайтын сияқты. Сірә, біздің «клиенттің» жеке коллекциялары болса керек. Света да фотоларды жылдамдатып қарай бастады. Түрінен аса ұнатып тұрмағаны байқалады. Суреттегі
қыздар да кілең он жеті мен он сегіздің арасындағы жастар екен.
Суреттердің әрқайсында қалған қолымыздың ізін сүртіп уақыт алмас үшін мен бәрін алдым да қалтама салдым.
– Кейін құртамыз. Қазір әр нәрсені бір ұстап, «із тастай» бермеңдер, – деп мен серіктеріме «қауіпсіздік шараларын» де ескерттім. Бізде қолғап жоқ еді. Бірақ мен орындықтың арқасында ілініп тұрған көйлегінің бір жеңін жұлып алған болатынмын.
Үшінші жәшікті ашқанымызда Света іздеген нәрсесін тапты. Ол тартпадан целлофан пакетке салынған бірнеше орам ұнтақ заттарды алып шықты.
– Бұл не? – деп сұрада Гадо пакеттерге қарап тұрып.
– Не болушы еді, есірткі, – деді Света жайбырақат. Сөйтті де бір үлкендеу, екі шағын ораманы сөмкесіне салып алды.
– Ол не, инеде отыр ма?! – деп сұрадым мен таңырқай.
– Жоға. Ол мұны қыздарға салады. Сосын рахатына батады. Бұл оның хоббиі. Осы шкафтардың бірінде қыздардың «қылығы» түсірілген бірнеше таспа да болуы керек. Негізі ол біртүрлі тип,… с причудами. Бөлмелердің бірі тапсырыс бойынша түсірілген портреттерге толы…
– Не дейсің?!
– Не деуші едім, ол жерде хайуандардың бет бейнесіндегі адамдардың суреті. Ол он жылдан кейін бұл «галерея» қыруар қаржы әкелетін қымбат дүние болатынын айтып мақтанған. Қазірдің өзінде оған «қызығушылық» танытатындар бар көрінеді…
Мен таңданыстан ысқырып жібердім. Светадан сол бөлмені көр-
сетуін өтіндім. Бірақ, бізді Гадо тоқтатты.
– Бос шаруаны доғарыңдар! Иконалар мен ақша қайда?
Ол енді тәуекелге барған шаруамызды аяқасты еткісі келмеді. Бізді асықтыра бастады. Дауысында да зіл бар.
– Қазір, асықпа! – деп күңк ете қалға Света, шкафтардың тағы біріне қарай бет алды. – Міне. Бұрын осында тұратын.
Шкаф құлыптаулы екен, бірақ біз оны оп-оңай аштық. Света айтқан екі икона шынымен де сол жерде жатыр екен.
Мен өнер туындыларынан көп нәрсені түсінбей-ақ мына икондардың ежелгі дүниелер екенін ұққандай болдым. Олардың шынайы екенін түсіну үшін керемет маман болудың қажеті жоқ еді. Және «жалаңаш қыздардың қылығын» жинақтаушы ақымақ неме жалған дүниені босқа жинамаса керек деп ойладым.
Орал мұндай нәрселерге өте бай, тіпті бұған дейін сан мәрте тоналған Новгородтан кем кездеспейді мұнда. Мына иконалар менің пайымдауымша бірнеше мың «жасылға» тартылары анық, мәселе тек сатылымда…
Бізді оның мұндай құнды дүниелерді банкте, сейфте емес, үйде ұстағаны таң қалдырды. Алайда, оған таңырқайтын да ештеңе жоқ. Байлардың мұндай өзіндік «ерекшеліктері» мен өлшемдері бар. Олар қалтасындағы үш сомның құнын бағалап отыратын қарапайым халықтай емес, заттың бағасын есептеп жатпайды. Олар үшін сондай дүниенің үйінде болғанының өзі мәртебе, мақтаныш.
Ақша мен алтын зергерлік бұйымдар да осы жәшікте, бірақ басқа тартпада екен. Алтын аса көп емес екен, алайда барлығы бағалы тастармен көмкерілген. Біз төбедегі жарықты қосқан жоқпыз, бірақ алтын бұйымдар қолымыздағы қалта шамының болмашы жарығының өзіне шағылысып жатты.
Гадо иконалар мен алтындарды «клиенттің» дипломатына салды. Ал, ақшаларды мен алдым. Қолымда қанша сома бар екенін нақты айту қиын еді. Ойымша, маркалар мен долларлар кем дегенде елу мыңдай. Мен мұндай мол ақшаны бұрын-соңды қолыма ұстап көрмеп едім, жүрегім еріксіз аттай тулап кетті. Осы сәтте ғана мен айымыздың оңынан туғанын түсіндім. Мұндай «табыстар» үшін басты бәйгеге тігу өкінішті емес еді. Қымбат болсын, азапты болсын, мейлі! Бұл нағыз өмір. Және ол қандай өмір?! Жердегі жұмақ осындай болар, ал сол жұмақта басқа біреу емес, өзім жүргеніме сенбейтіндеймін. Бұлай болады. Нағыз сиқыр немесе соған ұқсас нәрсе бұл. Ең жоғары бақыт пен қуанышты сәттер осылай сезіледі.
Біз үйден басы артық және қажетсіз ештеңе алмадық. Икондардың өзімен-ақ Санкт-Петербургте де, Мәскеуде де оп-оңай «күйіп» кетуге болады. Алайда, Құдай ұрыларды иконаларды ұрлағаны үшін жазалайды деген танымал пікірге қарамастан, мен оның бізге көмектесетініне шын жүректен сендім де.
– Тезірек кету керек, – деді Гадо. Қанша қауіптенгенімен оның жүзі мол табыстан алаулап тұр еді. – Ұрлық қылған жерде көп аялдауға болмайды, – деді де Светаны бөксесінен зілсіз салып қалды. Анау, тығыршық атқан бөксесін бір бұлаң еткізгені болмаса, қарсы сөз айтпады. Мен оның не ойлағанын жақсы түсіндім. Қалай болғанда да, ол бізбен салыстырғанда әлсіз және негізінен қорғансыз әйел ғой. Біздің басымызда не бар екенін кім біледі?..
Гадоның ана жолғы сұрағы маған тыныштық бермеді, мен өзім туралы да ойладым. Ол мені Светамен бірге станцияның маңында жерлей салмасына кім кепіл? Алтын көрсе періште де жолдан таяды. Ал, мынадай мол дүние Гадодан да мықтыларды есінен тандырары анық.
Менің ойым сан-сақта. Осы қас-қағым сәтте өзіммен-өзім арпалыста қалдым. «Кешір, досым, сен өзің кінәлісің. Сен маған қорқыныш ұялаттың, мен оны сейілте алмадым», – деп бір оқты құрбан ет деген ішкі ойымды естігенде селк ете қалдым.
– Асықпаңдар. Мынадай, сәтті шаруаны жумағанымыз кешірілмес күнә болар. Бірер жүз граммнан алмаймыз ба? – деген Светаның дауысы санамды серпілткендей болды.
– Қайдағы жүз грамм?! Есің дұрыс па, сен көлік жүргізесің қазір, – деді Гадо үзілді-кесілді қарсылық танытып. «Клиент» пен оның күзетшісі туралы да еске салды. – Олар әлі тірі екенін ұмытпаңдар! Ал егер олардың біреуі босанып кетсе ше…
Бұдан әрі аялдаудың мағынасы болмады. Оның сөзінің жаны бар. Тағдырымыз қыл ұшында тұрғанда ішімдік туралы айту әбестік еді. Біз қолымыздың ұшы тиді деген барлық жерлерді мұқият сүрттік те далаға бет алдық. Бірақ, шыға беріс есікке жете бергенімізде үйдің дәл алдына келіп тоқтаған машинаның дауысын естіп тұра қалдық. Осы кезде үйшіктеріндегі қос төбет те әупілдеп үре бастады. Маңайға бөгде жандардың келгенін ұқтық…
Аударған Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
(Жалғасы бар).