Павел СТОВБЧАТЫЙ
Детектив)
(Жалғасы. Басы газеттің № 36(1789) санынан басталады).
«Импровизация» – бұл Гадо айтатын сөздерге мүлде ұқсамайтын тың сөз еді. Сондықтан да болар, менің де санама аздап сызат түсіргендей болды.
– Импровизация, Гадо… Білесің бе, бұл табылған жол. Сен ұғасың ба бізге не істеу керектігін? Униформа! Сол арқылы біз қауіп-қатерден уақытша болса да құтыла аламыз.
Ол сәл ойланып отырып:
– Әйелдерше киінуге мына түрімізбен жұртқа күлкі боламыз. Күлкі болып қана қоймаймыз, өзімізді-өзіміз орға жығамыз. Ал, әскери не мент болып киіну де бізге бұйырмаған. Сонда қандай униформаны айтасың?
– Ойлану керек, Гадо, ойлану!
Мен өз ойымнан қайтқым келмеді. Бірақ, қас қылғандай «қара қазанға» қайнайтындай жөндемді бірдеңе келсейші.
Гадо терең күрсінді.
– Бүгін түнде Тимур қажетті нәрселердің бәрін әкелмек еді. Тіпті, осы өңірдің картасы да қолымызға тиетін. Әттең, азғын неме бәрін бүлдірді. Неге ғана кеңірдегін қия салмадым екен?!
Ашу бойын буған Гадо өзін-өзі ұстай алмай, әлденені теуіп жіберді. Онысы даңғұр-дұңғьр етіп будканы басьна көтерді.
– Тыныш! Абайла! Біреу-міреу естіп қояды. Демімізді ішке алып, тына қалдық. Қолымның белдігіме қыстырылған тэтэшниктің тұтқасына қалай барып қалғанын да аңдамадым. Сезікті ештеңе байқалмайды. Аз тың тыңдап отырғаннан кейін мен будканың еденін сыйпалап тінткілей бастадым. Қолым ағаш жәшікке тиді. Қақпағын ашып сипалап жүріп үлкен кілт, трубаның сынығын, шумақталған сым тауып алдым.
– Мұнда жұмыскер қолғабы, мазут не салидол, не әлде бір май болуы керек, Гадо. Жақсылап іздейік.
Екеулеп будканың астын үстіне келтірдік. Айтқандай, бір пар қолғап табылды. Қолы-басымыз да күйелеш-күйелеш болды.
– Ал, Гадо, грабліңді үстіңе армансыз сүрт. Кастюміңді аяма. Бет-аузыңа да жақ. Будем «канать за демидовских рабочих».
Сөйттім де өзім іске кірісіп кеттім. Майға әбден малшындым. Тіпті туфлимді де майладым. «Гримденіп» болған соң қойнымдағы «стволды» түзеп қойып Гадоға қарадым.
Менің бұл қимылымды аңдап қалған қырағы Гадо қалтасынан оқ толы обойманы алып маған ұсынды.
– Мә, мынаны да ал. Екеуі бір жерде болсын…
Арада бес-он минуттай өткеннен кейін қолымызға бір-бір кілт-сайман ұстап, жайлап «Техпомощтың» есігін аштық. Айналамыз бұзылған машиналар екен. Адам қарасы көрінбейді. Тек алыста күйбеңдеп жүрген бірлі-жарымдар болмаса. Күнге қарап, сағат түскі бірлердің шамасы-ау деп жобаладық.
Будкадан бірінші болып мен секіріп түстім де машинаны айналып кеттім. Соңымнан Гадо түсті. Гараждың қоршауы бізден жиырма метрдей жерде екен. Дуалы биік жасалыпты. Қанша сабырлы болайық десек те, қоршауға лезде жетіп келдік. Осы жерде мен бұрышқа таман бірінің үстіне бірі жиналған сыраның темір жәшіктерін байқап қалдым.
– Әне… – деп Гадоның назарын сонда бұрдым да өзім солай қарай бастадым.
– Олар осы жерден шығып жүрген болса керек. Слесарьлар да жүк түсірушілер сияқты, жұтқыш келеді. Сірә, осы маңда не дүкен, не дүңгіршек бар. Мына дуалдан қарғи саласың. Ал, проходнойдағыларға бір сәлем.
Мен жәшіктің үстіне шықтым да аяғымның ұшымен тұрып, дуалдьң арғы жағына көз тастадым. Бізден таяқ тастам жерден жол өтеді екен. Жолдың арғы жағында көп қабатты үйлер, ларектар, шатырлар. Маңайы әдеттегідей абыр-сабыр халық. Солардың бірінен музыка үні естіледі. «Кеңселер» бұл маңайда көзге шалынбайды. Сірә, бұрыстау, не көшенің басқа бетінде болса керек.
Біріміздің соңымыздан біріміз ілешала дуалдан қарғып түстік те жолдың келесі бетіне өтіп алдық. Жүрісіміз жылдам. Күн онша суық болмаса да денем мұздап кетті. Костюммен жүру әлі ертерек еді. Жанымда келе жатқан Гадоға көз қиығымды тастап едім, оның да жағдайының мәз емес екенін ұқтым.
– Қазір, сәл шыда. Үстімізге ілер жылы, жеңілдеу бірдеңе сатып аламыз. Сен осында тұра тұр, мен ана ларектардың біріне «сүңгіп» шығайын. Базарсымақ бірдеңе ме деймін. Мүмкін қармаққа да бірдеңе қауып қалар.
– Бір шиша арақ та ала сал, тіске басарын молдау қыл. Бой жылытайық, – деді Гадо.
Шынында да бірер шиша арақ бізге артық болмайтын еді. Кішкене буын-буынды босатпасақ, денеміз нервіден сіресіп қалғандай. Басым өзімдікі емес сияқты. Қанша күштеп ұстасам да жан-жаққа жалтақ-жалтақ бұрыла береді.
Гадодан бірнеше ірі купюралар алып өзімнің «жасылдарыма» қостым да базарды бетке алдым. Қолымда үлкен кілт пен отвертка бар. Буда сымды Гадоға қалдырып кеткенмін. Базарда адам ығы-жығы екен. Сол тобырға барып, мен де араластым да кеттім.
Сезікті ештеңе байқалмаған соң, базарды еркін аралауға кірістім. Ең әуелі арзанқолдау спорттық сумка сатып алып, алған «дүниелерімді» соған салдым. Әрине, сақтық шараларын жасауды да естен шығарған жоқпын. Ә дегеннен «сірә қызыл сөзде дес бермейтіннің бірісің-ау» деген оймен көзілдірікті, етжеңді әйелдің қапталына ілестім. Жаңылмаппын. Қазіргі өмір, базар мен баға жайлы бастап беріп едім, қамшы салдырмай іліп әкетті. Өмірді де, өкіметті де қара есекке теріс мінгізіп қойды. Екеуміз тез «тіл табысып» кеттік. Кәдімгі бір подъезден шыққан адамдардаймыз. Мұным сырт көзге түспеуден сақтауға көп септігін тигізді. Сырттай «әңгімеші» жан болсам да жан дүниеммен жан-жағымды жіті шолып келемін. Кенет, төменгі сорттағылардан жоғарылау, бірақ алқаштықтың алғашқы сатысына жеткен тәпелтек сары көзіме шалына кетті. Іздегенім табылғандай болды.
– Сәлем, туысқан, – дедім тәпелтек сарының қасына таяй беріп, мүмкіндігімше қарапайым тілде сөйлеуге тырыстым. Әуелде ол маған тосырқай қарап, «үшінші болып қосылмайсың ба?» дегенімде «өздерінің» адамдары деп ұқса керек:
– Оған ештеңе болмай тұр ғой, – деп қиналды. Түрі сондай аянышты болып кетті.
– «Үмітсіз шайтан» деген, бауырым. Ішімдік бізде бар, тек жайлы орын болса. Тәпелтек сары елпең ете қалды.
– Орын деген сөз бе екен. Қазір иесіз қалған үйлерден көп нәрсе жоқ. Тек тамақ жібітетін бірдеңе болса болды.
Мен оған иесіз үйлерді торауылдаушылар көп болатынын және қасындағы серігім екеуміздің «спецприемниктен» әлгінде ғана шыққанымызды, қайта көзге түскіміз келмейтінін жайлап түсіндірдім.
– Ол, жағынан да қам жемендер. Ақшаларың бар ма?
Оның бұл сұрағынан «спецприемниктен» шыққандарда қандай күй болушы еді» дегенді ұқтым. Әйтсе де тәпелтек сарының үміт шоғын өшірмейін деп қулыққа көше қойдым.
– Осыдан жарты сағат бұрын ғана «откупился», бір келіншектің кошелегін қақшып кеткен едім. Бұл жерде емес, қорықпай-ақ қой. Әзірге үшеуге жететін қаржы бар.
Одан әрі тұруға тәпел сарының шыдамы жетпеді білем, томпаңдап алдыма түсті. Жолайы «разливухаға» соғып, «қан жүгіртейік» деп қылқылдап болмай жүз граммнан тастап алдық. Онысына мен қарсы болған жоқпын. Күндікке сіресіп қалған жүйкем сәл босағандай болды. Жылдамдатып о жер, бұ жерге соғып ішімдік пен тіске басарлар алдық. Сыртқы пішінімді өзгертуге қажет болар деп көзілдірік іздеп едім, ол неме табылмады. Бір жағынан онысына да қуандым. Жалпы, көзілдірік деген сырт көзді өзіне тартып тұра ма, қалай. Ал менттер осындай өзге жұрттан өзгешелеу киінгендерге назар аударғыш келеді ғой.
Аударған Ізтай Белгібайұлы.
(Жалғасы бар).