Павел СТОВБЧАТЫЙ
(Детектив)
(Жалғасы. Басы газеттің № 36(1789) санынан басталады).
Машина бізді заводтың алдында күтіп тұрады. Жасыл түсті «Техпомощь», ол қазір сонда тұр… Егер мені вышкар жалпамнан түсірсе, ештеңеге аялдамаңдар, бірден жүргізушіге барыңдар. Ол қайда апаратынын біледі… Бітті!
Жылдам-жылдам сөйлегеннен алқынып қалған Гадо терең бір тыныс алды да, кімде қандай сауал барын сұрады.
Мені маңайдағы өзге вышкалар ойландырып тұрған еді. Онымды іріккен жоқпын. Өйткені оң жақтағы вышкар естімей қалғанмен, сол жақтағының мылтық дауысын естуі мүмкін ғой. Түнгі дыбыстың жаңғырығы және бар. Жарар, екеуі де естімесін, ал Фрицтің бір атқанда сақшыны жайрата аларына кім кепіл болады. Егер жақын маңдағы вышкалардың бірі сезіктеніп қалса бітті, жаңбырша жауған оқтың астында қалдым дей бер. Одан аман шығуың екіталай.
Менің күмәнді ойларымды Гадо қарсылықсыз мойындады.
– Бұл жерде жүз проценттік гарантия жоқ. Болуы да мүмкін емес, – деді ол менің сөзімді бөліп. – Жазым болайын десе, быламыққа да тіс сынады… Вышкаға қарай ол оқ ата ма, атпай ма әзірге белгісіз. Біріншіден, ол оқиғаға көз жеткізіп, болған жайды ұққанша біз де тірі жан емеспіз бе, бір жақты етеміз. Екіншіден, қозғалып келе жатқан адамды анадай қашықтықта бірден «снимать» ету мүмкін емес.
Гадоның аргументтерінен кейін мен ойланып қалдым. Оның қауіп кедергіден аман өтеріне мүмкіндігі бар. Ал менің ше… Менің жағдайым мәз емес. Соңғы түйенің жүгі ауыр болатыны сияқты, соңында келе жатқан мені асықпай көздеп отырып қағып тастаулары әбден мүмкін…
– Егер қаласаң, бірінші болып шығуыңа болады. Мен өз жолымды кез келгеніңе берем. – Гадо менің ойымды айтқызбай білгендей, бәрімізге көз тастап жауап күткендей бір сәт үнсіз тұрып қалды.
– Сен бекер үркесің, Кот!
Жанымда тұрған Пепел менің иығымнан қағып қойды.
– Сақшы өлмесе де жаралы болуы мүмкін. Ал оның вышкаға алғашқы болып көтерілгенді «прошить» етуі әбден мүмкін. Бұл жерде біреуді-біреу оққа байлайын деп тұрған жоқ. Пешенеңе не жазылса, соны көресің. Бәрі тағдырыңа байланысты. Ең бастысы, бізді тачка күтіп тұр, уақытша паналайтын да жер бар. Енді бір жиырма минуттан соң біз қалада боламыз. Ал мына «козелдар» бір сағатсыз жолдарды жаба қоймайды. Бұл – факт. Өйткені олар әуелі екі зонаны тексереді. Одан кейін карточка бойынша тексеру басталады. Бұл уақытта…
– Сен олай деп менттерді ақымақ санама, Пепел! Дабыл бірден қағылуы мүмкін. Ал жолдар вышкардың өлгені белгілі болысымен жабылады. Олар бірден жақын маңдардағы елді-мекендерге хабар беріп, бәрін аяғынан тік қояды. Дегенмен, біздің олардан бұрын қимылдап қалуға мүмкіндігіміз бар. Мұнда отырғандарды да зерттеп көргем. Олар ұйымдасып қашуға еш әзір емес. Менттер да мұндайды күтпеген. Ал жүргізуші осы төңіректі бес саусағындай біледі. Ол бізді ешкім білмейтін айналма жолмен алып кетеді.
Тәжіктің әрбір сөзі дәлелді еді. Ешқайсымыз қарсы дау айта алмадық. Және шегінетін де жер қалмады. «Шешінген судан тайынбас» деген тағы бар. Не де болса тәуекелге бел будық.
Тағы да елу грамнан жұтып алдық. Мүмкін бұл біздің соңғы ішуіміз де болар… Одан соң көзді жұмып «іске» кірісіп кеттік.
***
Гадоның айтқан құрылысын табу еш қиынға түскен жоқ. Оның ақ кірпіші зонаның қоңырқай ағаш үйлеріне қарағанда мен мұндалап тұрады екен. Құрылыстан сексен метрдей жерде адамдар жұмыс істеп жатыр. Сырт көзге түсіп қалмауыма оның да септігі тиді. Межелі жерге жетісімен тоқ қосқыш қорапты іздеп тауып алдым. Рубильникті толық іске қостым да, бес-алты метр қашықтықта тұрған бетонараластырғышты іске қостым. Жақтауына қалыңдап лай қатқан машинка гүрілдеп барып, жайлап айнала бастады. Дауысы мен күткендей «керемет» емес. Алайда аздап болса да көлденең дыбыстың «бетін қайтаруға» септігі бар.
Айнала тыныштық құшағында. Тек «пилараманың» кейде күшеніп, кейде баяу істеген дауысы ғана, осы тыныштықтың «мазасын» кетіріп тұр. Бұл да болса біздің ісіміздің оңға басарына көмегін тигізбек. Мен вышка жаққа да назар салып қойдым. Мен тұрған жерден көп бұрыстау екен. Әйтсе де сақшының сұлбасы көрініп қалады. Бәрінің ойдағыдай екеніне көз жеткізген соң, құрылыстың бұрышына келіп, келіскендей белгі бердім. Менің берген белгімді тек қарама-қарсы бетте тұрғандар ғана көре алатын еді. Ал, «военторгтің» вышкасы бір жақта бұрыс тұр. Ендеше ол жақтан еш қауіп жоқ деген сөз. Осы кезде қарсы беттен Гадолардың да берген белгі жарығы жанып сөнді. «Бітті!» дедім мен терең тыныстап. Сөйттім де сәл аялдап барып келіскен межелі жаққа қарай тұра жүгірдім.
***
Айсыз қараңғыда көкпегі қалың, оның үстіне опилкалар үйіндісі толы жермен кедергісіз жүгіру мүмкін емес еді. Алайда мен бері келе жатып жолды мұқият қарап алған едім. Соның көп пайдасы тиді. Әйтпесе мойныңды үзіп алуың оп-оңай.
Мен осы жүгірісімде ұшқан құсты да қалпақпен ұрып алатындай болған шығармын. Көзді ашып-жұмғанымша діттеген жерге жетіп үлгердім.
– Молодец! Басқыштың келесі басынан ұста, – деді ырза болған Гадо мен келіп жеткенде. Олар атылғалы тұрған барыстай болып жып-жинақы тұр екен.
– Фриц қайда? Көрінбейді ғой, – дедім мен келе сала.
– Ол вышкармен базарить етіп жатыр… Сен ештеңеге алаңдама, тек даяр бол…
Мен вышка жаққа мойын бұрып үлгерген жоқпын, кенет бірінің артынан бірі қатарлас атылған мылтық дауысы естілді.
– Тиді! – деді Гадо мойнын алға созып. Шынында да, вышкада сақшы көрінбейді. Тек жақтауша тақтайдан не басы, не иығы қарауытып көрінеді. Біз басқышпен көтерілгенде Фриц тікенді сымдарды қиып жатыр екен.
– Алға! – деген Гадоның дауысын естісімен басқышты көтеріп алып запреткадан зу етіп өте шықтық. Межелі жерге келісімен Гадо:
– «Үш» дегенде лақтырамыз, – деді де басқыштың алдын көтере берді. Төртеуміз әуелде ойлағаннан да оп-оңай қимылдап, басқышты тез ілдік. Вышканың ағашына барып тоқ ете қалып, теңселіп кеткен басқышты Гадо бар салмағымен баса қалды. Сөйтті де жоғары өрмелей бастады. Қимылы мысықша ширақ. Лып етіп вышканың ернеуіне жеткен ол төмен қарап:
– «Ствол»! «Ствол» қайда? – деді ентіге. Фриц оған жылдам «тэтэшникті» бере қойды. Лып еткізіп қаруды қағып алған Гадо вышкаға қарғып шықты.
Осы кезде біздің сол жағымыздағы вышкадан әлде бір дауыстар естіліп жатты. Бірақ біз оған мойын бұрған жоқпыз. Олардың бізге айқайлап жатқаны да белгілі еді. Бізден еш жауап болмаған соң сақшы вышкаға телефон соқса керек, вышкадағы телефон безек қағып қоя берді. Бұл кезде Гадо вышкаға шығып алып, бізге жылдамдатыңдар деп белгі беріп тұрған. Сөйткеншө боған жоқ, автомат дауысы сақылдап қоя берді
Аударған Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
(Жалғасы бар).