Павел СТОВБЧАТЫЙ
(Детектив)
(Жалғасы. Басы газеттің № 36(1789) санынан басталады).
Кейде ол жақтан лақтырылған «сый қалта» діттеген жерінө жетпей, запреткаға түсіп жатады. Мұндайда зектар жанды шүберекке түйіп, алаңқайға жүгіріп шығып «гревтерін» аламын деп оқтың астында да қалып жатады.
Күзет ротасындағы солдаттардың бәрі бұл «жанды» нүктені жақсы біледі. БІрақ, оны жабуға ешқайсысы асықпайтын. Өйткені жазылмаған заңда біз ешкімді «лақтырып» кетпеуіміз керек, біз вэвэшниктармен түскен «табысымызды» қылдай бөлісіп отырдық. Олар да біздің бұл «бизнесімізге» бөгет болмайтын.
Міне, сол «жанды» нүктеге түн жамылып келіп тұрмыз. Бұл жолы тек «грев» алу емес, біржола бостандыққа жол салу үшін келдік. Гадоның тапқырлығына осы жерде тағы тәнті болдым. Шынында да қашуға осы жерден қолайлы өзге жер болуы да мүмкін емес еді. Біріншіден, биохимия заводы вышкаға тақау. Арасы он бес-ақ метрдей. Егер, осы он бес метрді жүгіріп өтсек болды, вышкарларға құйрығыңды да ұстатпайсың. Ар жағында заводтың корпусы. Сенің қыл-көпірің осы он бес-ақ метр!..
Осы кезде Фриц пөн Пепел кою қараңғылыққа кіріп жоқ болып кетті. Тек сәлден соң, солар кеткен жақтан сытыр, сыбдыр естіле бастады. Түн тыныштығында ол ел көшкөндей болып шығады өкөн.
– Мынау не? – деп сұрадым мен Гадодан тағатсызданып. Оның үстіне вышкалардағылар естіп қойды ма деп зәрем де ұшып барады.
– Қазір басқыш әкеледі. Ол онда жасырып қойылған, – деп түсіндірді Гадо жаймен. – Оны мұнда әкелу де аз әбігер болған жоқ. Ақша да аз кетпеді.
– Әрине! – дедім мен қаншалықты күш кеткенін бірден түсініп.
– Басқыш екі бөліктен тұрды, – деп әңгімені жалғады Гадо. – Кішісі жерде тұрады. Ал ілгешегі бар ұзын бөлігі вышкаға ілінеді. Бәрі есептелген, қорықпа. Сынбайды да.
– Қалай вышкаға лақтырамыз дейсің?
– Кәдімгідей. Төртеуміз көтереміз де, лақтырып ілеміз. Аса ауыр емес. Айттым ғой бар жағдай есептелінген деп.
– Ал егер лақтырып іле алмай қалсақ ше? Онда ол запреткаға барып түспей ме!
– Ұзындығы тоқсан сантиметр. Басқыш та жерден көп жоғары. Оның үстіне бой да бар. Сенің өзің бір де сексен екісің. Біз де тапал бойлы емеспіз… Тіпті болмаған күнде төменгі басқыштың өзі вышканың жақтауына секіруге жетіп қалады.
– Запретканың тікенек сымын қайтесің?
– Ой, оны қойшы. Оған күні кеше жүз жыл болды. Үзіліп кетпесе де, майысады. Ал, алдыңғы қабатын Фриц қияды.
Біз Гадо екеуміз осылай әңгімелесіп тұрғанда, Фриц пен Пепел басқышты да алып жетті. Бірден іске кірісіп кеттік. Жылдамдатып құрдық та, сәл дем алуға отырдық. Осы кезде Гадо өз қапшығынан спирт құйылған грелка алып шықты.
– Дәл мынадай жағдайда нағыз есуас-
тар ғана арақ ішер. Бірақ, біз ішімдікке салынбаймыз. Тек шалбарымызды мықтап ұстау үшін ғана ішеміз. Солай емес пе? – деп әзілдеп алды да пластмасса кружкаға спирт құя бастады. – Бұл әншейін гидролиздалған қоспа емес, нағыз таза спирт, – деп нақтылап қойып, кружканы Фрицке ұсынды.
Фриц қалтасынан темекі алып күпәйкесімен көлегейлеп тұтатып алды. Сөйтті де:
– Құдайым мүлт кетіре көрме, – деп күбір етті де кружканы өңешіне аудара салды.
– Ух, блин, тамаша, – деді сосын темекісін құшырлана сорып.
Біз де кезекпен бір-бір кружканы төңкеріп тастап, алдағы жоспарды талқылауға кірістік. Байқаймын спирт басқа шапқандай болды. Мен өзімді көп жеңіл сезіндім. «Нағыз дзотқа атылатын шақ осы» деп ойладым. Бірақ ойымды ашық білдірген жоқпын…
Осы уақытқа дейін маған жұмбақ болып келген жайттардың беті жайлап ашыла бастады. Оны Гадо менің атқаратын рөлімді түсіндіргенде барып ұққандай болдым.
– Осы жерден жүз, не одан сәл қашықтау жерде салынып бітпеген цехтың құрылысы бар, – деді ол. – Оны сен кірпішінен танисың. Сол маңайда ақ кірпіштен салынған жалғыз құрылыс. Сенің міндетің – сол жерге жылдамдата жетіп, құрылыс басындағы бетонараластырғышты тауып аласың. Тоқ қосқыш ажыратылып тұруы мүмкін. Қорабын аш та, міндетті түрде тексер. Қажет десең, қосып көруіңе де болады. Ол сағат сияқты істеп тұруы керек. Бәрінің мүлтіксіз екеніне көз жеткізген соң, бұрышқа келіп зажигалкаңмен бір-екі рет жағып сөндіріп белгі бересің. Біз де саған «маячить» етеміз. Бұдан кейінгі жағдай қас пен көздің арасындай мезетте орындалуы керек.
Гадо әр сөзін шеге қаққандай нық-нық айтты.
– «Стволды» қойнына тығып алған Фриц вышкаға барады да вышкармен шай, спирт туралы «келісім» жасайды. Сағызша созып тұрып алмай, қысқа әрі сезіксіз сөйлейді. Ол жерден мұның бәрі саған көрінбеуі мүмкін. Мен оны бұған дейін бақылап көргем. Әйтсе де, біз белгі бергеннен кейін бір, бір жарым минуттан соң бетонараластырғыш іске қосылуы керек. Оның дауысы сәл болса да көрші вышкалардың дыбыс естуіне кедергі келтіреді. Усек? Машинка қосысымен осылай қарай үкідей ұш. Тура осы жерге емес, штабельдің келесі басына кел. Сол жерде біз басқышты әзірлеп сені күтіп тұрамыз. Фрицтің мылтығының дауысы естілісімен, жүгіріп сонда жетеміз де төртеулеп басқышты вышкаға ілеміз. Бірінші болып мен шығам, екінші Фриц, одан кейін Пепел екеуің тіркесіп жетесіңдер.
Аударған Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
(Жалғасы бар).