Павел СТОВБЧАТЫЙ
Қайта оралу 2-бөлім
(Жалғасы. Басы газеттің № 45 (1844) санында).
Неге екенін білмеймін, қала маған көңілсіз, әрі сұрғылт болып көрінді. Тура Ресейдің шынайы болмысы сияқты. Маскүнемдер, қайыршылар, мүгедектер, кришнаиттар… Олар мұнда қайдан келіп алған? Дегенмен, кришнайттар нағыз еңбекқорлар. Ал кришна – меніңше, жалғыз лайықты дін немесе дәлірек айтқанда, философия. Өздерінің «айла-шарғылары» мен міндеттемелері бар, бірақ онсыз қандай дін бар дейсің? Мен «Бхагавад-Гитаны» оқығанмын және біраз нәрсе түсінгенмін.
Осы жақта Виктор Беликов тұрады. Ол – құқық қорғаушы әрі журналист, өте талантты адам. Бірде, түрмеде отырғанымда, оған хат жазып жібергенмін, өте салмақты хат, ал ол маған жауап берді. Осылайша, біздің сырттай достығымыз басталды. Біраз уақыт ол «Юность» журналының редакциялық алқасында жұмыс істеді, бірақ, жергілікті «әдеби мафия» шыншыл провинциалды тез «жеңіп» тастады. Қазір «Комсомолкада» жүрген шығар. О, егер бір күні кезбе Кот оған қонаққа бара қалса, не туралы жазуға болатынын елестетіп көріңіз! Бірақ мен оның қайда тұратынын білмейтінмін. Әрі, оған баруға құлықты да емес едім. Ондай ессіздіктің қажеті де жоқ еді. Әрбір қадамың аңдулы жүргенде қалай өлсең де бәрібір емес пе. Сенің «даңқты» өлімің ешкімге керек емес бұл жалғанда. Тек, Құдай бәрін көреді және бәрін есінде сақтайды, ал адамдар уақыт өте келе бәрін ұмытып кетеді. Сорлылар… Маған айналамда жүргендердің бәрі бір пішіндес сияқты болып кетті. Мен шамадан тыс «жомарттық» жасаған жоқпын ба осы деген де күдік келді. Әлігінде көшеде отырған жарлы-жақыбайдың бір-екеуіне «жүздіктер» ұстатып кетіп едім. Сол «жомарттығым» әлгі кедейлерді күнәға итермеледі ме? Мен енді сақтық үшін айналамдағы жыртық-жамаулыларға бажайлап қарай бастадым. Жоқ. Әшейін сәйкестік сияқты. Жалпы, маған қайғыда жүрген қарт әйелдерге көмек көрсету және олардың менің құрметіме деген шын көңілден дұға естуі ұнайтын. Егер, олар кімге дұға етіп жатқанын білсе ғой! Бірақ мен оларға ақшамен көмектесуді құдайға жағыну үшін жасамадым, мен оларға шын жүректен бердім.
Менің сағатым Пермь уақытымен үш жарымды көрсетіп тұрды. «Түнгі жатар орын туралы ойланатын уақыт келді, – дедім мен өзіме іштей. Нәтиже ретінде бірнеше қолайлы нұсқаларды да санамда санамалап шыққаннан кейін мен… шаштаразға баруға шешім қабылдадым. Бір ғажабы, осы шешімді қабылдағанымда менің көз алдыма Светаның бейнесі келе қалды. Неге екенін өзім де түсінбедім. Сірә, көңіл түкпірінде оған деген бір сезімнің қалғаны-ау деп ойладым.
Шаштаразда әрқашан жас қыздар көп, олардың көпшілігі итальяндықпен танысудан бас тартпасы анық. Негізгі шарт – олар ата-анасыз, жалғыз тұруы керек. Артық куәгерлердің қажеті жоқ. Егер, мен оларды арбай алмасам, онда пәтер жалдауға тура келеді. Оны әрине, қаламаймын, бірақ не істей аламын? Мен бірден өзімнің қымбат, күннен қорғайтын көзілдірігімді кидім де, жоспарымды жүзеге асыру үшін ойға алған бағытыма қарай қозғалдым. Жөн сілтеушілердің айтуынша ол «нысан» бұл жерден онша қашық емес еді.
Шаштаразда адамдардың саны аз болды, негізінен әйелдер залында ғана шоғыр бар. Мен жағдайды тез бағалап, бірден үш қызды нысанаға алдым. Олардың бірінің бойы менен сәл төмендеу және жасы жиырма бестерге жуықтайтын сияқты. Мен оған итальянша сәлемдесіп, өзімнің қалың шашымды нұсқап, орысша етіп басып беруін сұрадым.
– Түсінбеймін, – деді ол қолдарын сермеп, күлімсіреп. Сөйтті де қасындағы серігіне қарады.
– Түсінбейтін ештеңе жоқ, Анжела, – деп күлді ол. – Ол саған шашымды басып бер деп тұр. Испанша сөйлеп жатқан сияқты ғой. Сен оған «си» де де, мүмкіндігінше баяу қимылдап, шашын басып бер. Ол валютамен төлейді. Алға!
Қыз мені қолымнан ұстап, бос креслоға нұсқады:
– Сізді қазір ешкім танымастай етіп шығарамын, құрметтім. Сізге ұнағандай етіп басам шашыңызды.
Бойжеткен солай деді де мені креслоға төсекке жатқызғандай етіп сұлата салды. Ал мен ештеңе түсінбеген адамдай қарсылық танытып, мұрнымнан міңгірлеп отыра бердім. Жайлап Анжеланың қолына да қарап қойдым. Оң қолында неке сақинасы жоқ екенін көрдім, мен жаңылмаппын.
– Сіз соншалық асықпаңыз, – дедім мен орысша. Сөйттім де, көзілдірігімді сәл көтеріп оның әлігіндегі лыпылдап тұрған құрбысына бұрылдым. – Иә, мен валютамен есеп айырысамын, мына кісімен, – деп мен Анжеланы нұсқадым. Ол күліп, қызарып кетті.
– Өзіңіз әртіс екенсіз! – деді де құрбы қыз жылдам шетке ығысты. Мен креслоға жайғасып отырып, Анжеладан шын мәнінде баяу қиюды өтіндім. Біз тез тіл табысып кеттік. Шаш басу аяқталғаннан кейін мен оны шай ішуге шақырдым. Бірнеше секунд ойланып, бірақ ол келісті.
– Сіз шынымен эмигрантсыз ба? – деді ол маған көшеде. Біз бір жарым сағаттан соң, жұмыстан шыққаннан кейін қайра кездескен едік. Мен такси шақырып, оны күтіп алдым, бірақ ол менімен бірге таксиге отыруға тәуекел етпеді. Бұл кезде көше қараңғыланып та қалған.
– Иә, нағыз эмигранттың өзімін. Одақтан сонау 86-жылдары кетіп едім.
– Ал мұнда, Пермьде не істеп жүрсіз?
– Оқимын.
– Оқығаны қалай? – деп таңғалды ол.
– Өмір сүруді, тірі жүруді үйреніп жатырмын.
– Ах, осы ма?..
Менің жауабым оған ұнамағандай көрінді. Егер, мен өзімді бизнесменмін десем, ол жабыса түсер еді. Дегенмен, кафе ішінде мен оған өзімнің әмиянымды көрсетіп, тамырын басып көрген едім… Ол әмиянға өзінің керемет көздерінің қиығын ғана елеусіз тастаса да сол сәтте айналаны ұмытқан еді. Мен де оның ендігі жерде «өзімнің меншігіме» айналғанын сездім. Мен мұны сөзсіз түсіндім. Кешкі тоғыз жарымда біз оның үйінде болдық. Анжела анасымен екеуі үшінші қабатта, үш бөлмелі пәтерде тұрады екен. Анасы дәл қазір сапарда жүрсе керек. Бұл жағдай менің ойымнан шықты.
Біз аздап коньяк ішіп, әңгімемізді жалғастырдық. Менің не айтқаным дәл қазір есімде жоқ, бірақ көп нәрсені қиюластырдым. Тіпті, межеден асып та кеттім-ау деймін… Итальян азаматтығы, Украинадан шыққаным, ұлтшылдық, бұрыңғы саяси тұтқын. Одан кейін белгілі диссиденттердің және «отсиденттердің» аттары кетті. Әбүйір болғанда бойжеткен оның бірін де ұққан жоқ.
Орысшадан аударған
Ізтай Белгібайұлы.
(Жалғасы бар).