Павел СТОВБЧАТЫЙ
(Детектив)
(Жалғасы. Басы газеттің өткен жылғы № 36(1789) санынан басталады).
Иә, әннің күші деген керемет қой. Ол адамның ойларын еріксіз, қандай да бір ақылды құрылғы сияқты ауыстыра алады. Сондықтан соғыс пен қиыншылықта жақсы ән бағаланған. Соңғы уақытқа дейін лагерьлерде гитара мен баянға бейресми тыйым салынды. Менттер зектердің жиналуынан қорқып, топталып жиналуға мүмкіндік бермеді, сондықтан барлық музыкалық аспаптар клубта, басқарушы белсендінің қолында болды. Бірақ, кез-келген сахнада «өнер көрсету» өз-өзін құрметтейтін зекке лайықты емес еді. Казармада көптеген жылдар бойы тек радио нүктелері ғана болды, содан кейін олар бір отрядқа, бір теледидарға рұқсат берді.
«Белсенді» кернейшілер әр таң сайын, тіпті қатты аяз бен боранда да зектерді жұмысқа шығарып салғанда ойнайтын. Ал, кешке жұмыстан оралған кезде тек нормасын орындағандардың құрметіне ғана ойнады. Мұның бәрі неміс концлагеріне өте ұқсас еді. Бірақ біз бірте-бірте үйреніп қалдық. Кернейшілерге жақсы жалақы төленетін.
Бірде, сәрсенбіде, белсенді кернейшілер дәстүрлерінен жаңылды. Оған ақ шашты еврей Марик себепші болды. Қалай көндіргенін білмеймін, күнде патриоттық марштарды ғана орындайтын кернейшілер бізге әйгілі «Семь сорок» әуенін аңыратып берді. Бірақ, ол ұзаққа бармады. Марикті тез «сындырып», биржада «баланы катать» етуге жіберілді. Ол алты айға ғана шыдады. Биржалық кеңсенің жанында нәжіс сасыған әжетханада асылып қалды.
– Марик есіңде ме, Гадо? – деп сұрадым мен тәжіктен.
– Музыкант па?
– Иә.
– Есімде… – Естуімше Сара одан бас тартыпты. Ал оны жұмыстан сатып алуға ешкім ақша бермеді. Мерзімі он екі жыл еді, сондықтан ол «кетуге» шешім қабылдаса керек. – Мен оны аяймын. Жақсы еврей, адал еді, – деп қосты Гадо. – Сол адалдығы оның түбіне жетті. Бір жағынан, олардың барлығы әлсіз және тәуекелсіз, бір сөзбен айтқанда, орыстардай емес.
— Иә, зиялы қауым елінен ғой олар. Мүмкін, олар шынымен де шынайы адамзат өкілдері шығар, – дедім мен. – Оларды биліктегілер сол үшін де ұнатпауы мүмкін ғой. Олар ақылды және ештеңені өз еріктерімен бүлдірмейді.
Неге екенін білмеймін, мен бала кезімнен еврейлерді құрметтеп, олармен көп уақыт өткіздім. Машина қағып кеткен он екі жасар шахматшы Штепа осы күнге дейін есімде. Штепаның ата-анасы қолдарында бардың бәрін сатты, содан түскен ақшаға Штепаға арнап Орталық комитеттің бұрынғы хатшылары көрмеген ескерткіш қойды. Нағыз еврейлер!
Әңгімемен келе жатып біз төбеге шыққанымызды да аңдамай қалыппыз. Оң жақ қапталымыздан шағын станцияның шамдары көрінді. Мен бірден Светадан бұл рельстердің қайда апаратынын сұрадым, Өйткені бұған дейін де бір «қашқындар» товарнякка мініп, тура зонаның қақпасына келіп кіргенін естіген едім. Біздің биржаға да күн сайын қырық-елу жабық және ашық вагондар кіріп, шығып жатады. Сондықтан біз де сондай карусельге мініп жүрмелік деген сақтық еді.
Өкінішке орай Света ештеңе білмейтін болып шықты. Біз жүгі бар вагондарды ғана таңдауды және бос товарнякка мүлдем жабыспауды шештік. Алда бізді тағы бір шағын төбешік күтіп тұр еді. Бұл соңғы бел болатын.
* * *
– Мынау не? – деді Гадо бізден алпыс-жетпіс метр қашықтықта, терезесінен жарық көрініп тұрған шағын нысанды нұсқап. Бәріміз тұра қалдық. Үйшік дәл теміржолдың жиегінде тұр. Былай қарағанда стрелочниктің күркесі сияқты.
– Сайтан алғыр! Қайдан сап ете қалды. Айналып өтуіміз керек. Мұнда біреулер бар сияқты, – деді тәжік. Сосын өз тілінде бірдеңе деп күңк ете қалды. Оның жақсылап тұрып бір сыбағанын ішім сезді. Боқтамай қайтсын. Қиыршық тасқа табанымыз тайғанап, осы төбеге әзер шықтық емес пе. Енді қайыра түсіп, басқа тұстан шығуымыз керек.
Света бұл жолы да үнсіз қалды. Өзі әлде бір қалың ой үстінде сияқты. Мен алға озыңқырап барып Гадоны тоқтаттым.
– Осындай жеті түнде үйшікте кім жүруші еді. Кәрі стрелочница кемпір отырған шығар, есігін жеті жерден құлыптап алып, – дедім де алға түстім.
– Онда абайлап жүр. Біреу-міреу шығып қалмасын, – деді Гадо әдеттегідей сақтыққа шақырып. Біз үйшіктің жанынан өте бергенімізде біреу терезенің шымылдығын сырып, қарағандай болды. Артынша есік те сықырлап ашылып, сыртқа қолында үлкен фонары бар әйел шықты. Бізді байқап қалған болуы керек, қолындағы фонарын бізге қарай бұрды. Біз қалт тұрып қалдық. Шатынаған жарықтан әйелдің сұлбасын ғана көріп тұрмыз. Ал ол бізді айқын көргені анық еді. Бірақ, бір-бірімізге ләммим деп тіл қатпадық. Сәлден соң әйел жарықты теміржол табанына қарай аударды. Біз әйелді анықтап көре алмадық. Ол сәл тұрды да үйшікке кіріп кетті. Біз де жылдамдатып алға жылжыдық.
– Ол неге үндемеді, Кот. Бірдеңеге сезіктенді-ау шамасы…
Гадоның мына сөзі онсыз да қобалжып келе жатқан көңілімізді одан сайын күпті етті. Шынында да ол бізге «Бұл кім?» деп бір ауыз тіл қатуы керек еді ғой. Ол оны істемеді. Оның үстіне, әйел адамның түн ішінде, мынадай елсіз жерде далаға шығып, кетіп бара жатқан бөгде жандардың назарын өзіне аударуы да ақымақтық болар еді. Менің ойымды Гадо да жазбай ұқты. Кәнігі жанкешті емес пе, ол біреудің сөзінен гөрі өзінің ішкі түйсігіне көбірек сенетін жан. Бұл жолы да сөйтті.
– Тоқта Свэта! Кейін қайтпасақ болмайды, қымбаттым. Сезік тудырмаш үшін үйшіктің есігін қағып, бірдеңе сұраған бол. Әйелді әңгімеге тарт.
Света «сен не айтасың», дегендей маған қарады.
– Бар. Бес минут уақыт ештеңені өзгерте қоймас. Есесіне, қауіпсіз боламыз.
Біз кері оралдық.
– Егер, есікті ашпаса топсасымен қосып жұлып аламын, – деді Гадо нығырланып. Света оған жалт қарады. Оның көзінен «олай істеудің қанша қажеті бар?» деген сауалды оқуға болатын еді.
– Үйшікте телефон бар. Кім біледі, әйел станциядағы легавыйларға қоңырау шалуы мүмкін ғой. Оған тиіспейміз, қорықпа. Жүр, жүр, – деп асықтырды Гадо Светаны итермелеп.
Света үйшіктің табалдырығына көтеріле бастады. Қимылынан қобалжығандық айқын аңғарылып тұр. Біз одан бірер метрдей жерде тым-тырыс тұра қалдық.
– Қақ есікті! – дедім мен сыбырлап.
Света соны күткендей, есікті баяу қаға бастады. Ешқандай белгі болмаған соң тағы қақты. Сол кезде есік шалқасынан ашылып, іштен екі ер адам атып шықты. Света кейін шегіншектей берді.
– Тоқта! Қолдарыңды желкеге қойып, жерге жатыңдар! – деп ақырды бірі. Екіншісі автоматын бізге қарай бұрып тұра қалды.
– Живей, суки!!!
Мына дауысты естігенде менің денем тітіркеніп қоя берді. Жазбай таныдым. Бұл – Макуха! Прапорщик Макуха!!! Оны өзге адаммен шатастыру мүлде мүмкін емес.
Есік алдына шыққан екеу де қарапайым киінген әскерилер еді. Қашқындарды іздегенде олар әдейі осылай киінеді. Бірақ, жауыз Макуханы жүз адамның ішінен жазбай танитын болып алғанбыз. Ол біз сияқты қашқындардың талайын қанға бөктірген. Оның қанжығасында он бір қашқынның басы байлаулы. Соның сегізін мен өз көзіммен көрдім. Олардың бәрі зонаның қақпасы алдында сұлап жатты. Өзге зектер көрсін, қашқандағы күндерінің қандай боларын деп әдейі зәрелерін ұшыру үшін қойған еді. Енді, міне, сол сұмпайы біздің алдымыздан шығып тұр. Гадо да оны жазбай таныған болуы керек. Танымауы мүмкін емес. Ол біздің – ажалымыз…
Аударған Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
(Жалғасы бар).