Павел СТОВБЧАТЫЙ
(Детектив)
(Жалғасы. Басы газеттің өткен жылғы № 36(1789) санынан басталады).
Сәтін салғанда, бәрі оңынан шешілді. Енді ана үйде байлаулы жатқан «клиент» пен оның күзетшісінің де көзін жоюдың керегі жоқ. Қанның жолы ауыр. Ал, бүгін аз қан төгілген жоқ. Әрине, бұл қаншық біздей емес, басқаша тәрбиеленген. Ол үшін вордың өмірі түк емес! Ол «жаңа толқынның» өкілі…
Машина жүйткіп келеді. Қыздың маған қитығып қалғанын қимылынан және машинаның екпінінен сезіп отырмын. Сонда да болса тамырын басып көрейін деп жағдайды сұрадым. Свете бірдеңе деп міңгірледі де қойды. Қаншықтың мына қылығы енді менің жыныма тиді. Мысықтың баласындай мойнын бұрай салар едім. Бірақ, қазір қарым-қатынасты анықтайтын уақыт емес, оны да түсінуге болады. Жылы ұядан бір жола күдер үзіп, беймәлім ортаға қадам жасау, әрине оңай емес екені белгілі. Әсіресе, криминалдық өмірді қабылдау, өз көлеңкеңнен өзің шошып, әр ментті көрген сайын үрейлену денең үйренгенге дейін қандай қиын болатынын мен жақсы білем. Содан кейін оңайырақ. Мен алты жыл бойы «серуенде» жүрген «артистерді» де кездестірдім. Солардың кейбіреулер, тіпті учасковойлармен бірге арақ ішіп, «осы паразит-қылмыскерлерді жер қалай көтеріп жүр» деп пәлсапа соққандарын да естідім. Әрине, Света олардың санатынан емес, сондықтан оған қиын болады. Мүмкін ол дәл қазір осы туралы ойлап келе жатқан да шығар…
Кенет машина жылдамдығын күрт баяулатты.
– Андрей, менттер!…
Оның осы бір ауыз сөзінің өзі менің үстіме тастай су құйылып кеткендей әсер етті. Денем қалтырап қоя берді. «Енді шаруа шынымен тынды!» деген суық ой санамды жайлап бара жатты. Мен жеделдете қанша адам екенін сұрадым.
– Машинамен тұр. Бірнеше адам. Тоқтатып жатыр!
Света тежегішті басып, машина баяулап келіп тоқтады.
Қазір бір козел келіп құжаттарын сұрайды. Сосын жүксалғышты ашуын өтінеді. Сосын…
Мен біздің ендігі тағдырымыз Светаның қолында тұрғанын шын ұқтым. Егер қыз қылмыңдап, менттің «жүрегін қытықтай» алса, тілінен бал тамызып, сөзбен арбай білсе, қалтасына қомақты қаржы тыға алса бәрі жақсы болуы мүмкін. Оның өзінде, мына «ешкілердің» түңгі атыстан хабарлары болмаса ғана. Егер түнгі оқиға жайлы хабар тараған болса, ана орамадағы алтын мен ақшалардың бәрін берсең де көмектесе алмайды. Ал, хабардың ендігі тарамай қалуы мүмкін емес…
Машинаға таяп келген мент өзін таныстырды да құжаттарын сұрады. Света сыйқырлана күліп, сөзбен арбамақ болып еді, мент әлде оқиғадан хабардар, әлде қызметіне берілген адал біреу ме илікпеді. Света әлі де болса менттің көңілін табуға тырысып жатыр. Бірақ анау көндігер емес. Дауысынан отыз, отыз бестердегі жан-ау деп топшыладым. Байғұстың қыздан сонша «көңілі» неге қалғанын ұқпай отырмын. Әлде Светаның дауысынан қобалжығандықты аңғарып қалды ма екен. Әйтеуір бір кәкір бар. Машинадан шығып, жүксалғышты жедел ашуын талап етті. Онысымен қоймай қасындағы серігін де шақырып, әлдене деп айтып жатты. Оның не айтқанын мен ести алмадым. Света енді сөмкесінен ақша шығарып, «қызықтыра» бастады. Аналар оған да келіспеді. Амалы таусылған қыз енді оларды «махаббат майданына» шақыр-
ды. Екеуінде ұмытылмас ләззатқа бөлейтінін ашық айтты. Бірақ, махаббат та, ақша да, басқа да менттердің мықты қалқанын бұза алмады.
– Жақсы. Сендерге осы ғана керек болса ашайын, – деп қызымыз ренжіген кейіп таныта дауысын қаттырақ шығарып машинадан түсті. Мұнысы бір жағы бізге берген белгісі екенін ұқтық.
Бұл кезде мен ойларыммен арпалысып жатыр едім. Машинадан атып шығып, екі ментті де жайратып тастасам ба, әлде Гадоның атқанын күтсем бе? Ол да осы сәтте өзінің жоспарын жүйелеп үлгерген шығар. Ал, егер Гадо мына жағдайлардан әлі бейхабар болса, Света жүксалғышты ашып жатып Гадоға белгі беруі керек. Белгі беруге тиіс те.
Мен үстімді жапқан кілемді ысырып, қолыма тапаншамды алып бойымды тіктей бастадым. Екі ментті ерткен Света жүксалғыштың қасына келіп қалыпты. Оларға әлде нені айтып жатыр. Мен бір сәтке басымды көтеріп, жан-жағыма қарадым. Менттердің машинасы біздің алдымызда емес, артымызда тұр екен. Көліктің жанында тағы екі мент тұр. Иықтарында қысқа автоматтары бар, күшейтілген патруль! Ментолардың бірі автоматын ыңғайлы етіп ұстап алыпты. Сәл бір күдік сезсе болды, жайратып салайын деп тұр. Мен өмірімде бірінші рет өлімнің не екенін сезінген шығармын. Бұл сенің тіршілікте біліп те, білмей де істеген күнәләріңнің төлемі!
Біреуді ату, өлтіру қиын емес шығар. Бірақ, өзіңнің ажалыңды күту, өзіңе көзделген мылтықтың ұңғысына қарау қаншалықты үрейлі еді. О, Тоба! Одан да өзіңді өзің жантәсілім еткенің оңай шығар! Бірақ қалай?! Құрып кетсін бәрі! Өміріңнің соңғы секундтарының соғуын күткеннен қиын ештеңе жоқ шығар. Ол жайлы ешкімнен сұрап біле де алмайсың. Бірақ, мен білем. Маған мұны өлім жазасына кесіліп, одиночкада отырған жанкештілер талай рет айтқан да…
О, жаратқан ием. Егер сен шын бар болсаң, мені мына жалғаннан тезірек алып кетші! Құтқаршы мені мына қапастан! Қысылғаннан жаным мұрынымның ұшына келді. Жайшылықта бәріміз де батырмыз. Ал, өмір мен өлім арпалысып, екіншісі басымдық алғанда қандай мықты болса да шыдас бермесін анық. Менің мына түрімді сырттан көріп тұрған біреу болса, неткен қорқақ жан еді деп ойлары анық. Иә, шындықты жасыра алмайсың, менің зәрем зәр түбіне кетті. Жүрегім лобып, аузыма ащы запыранның дәмі келді. Мен тіпті шоқыну да білмейді екенмін, олай істеуге уақытым да жоқ еді. Света жүксалғыштың құлпына кілтін салып, сылдырлатып аша бастады. Одан кейінгі жағдай қас пен көздің арасында болды. Ешкім ештеңе түсініп үлгермеді де. Тіпті бұл жағдай мына өмірде емес, өзге бір беймілім әлемде болғандай еді. Жүксалғыштың қақпағы ашылар-ашылмаста Гадо менттің бірін атып түсірді. Мен сияқты босқа абдырамай, суық қандылық танытты. Тіпті ол менттің бронежилеті болатынын дөп басты. Жақыннан атылған тэтэшниктің оғы бронжилетті оп-оңа тесіп өтетінін білсе де Гадо шалқалақтап қалған ментті маңдайдан көздеп тағы басып қалды. Мент гүрс етіп құлағанда Света бажылдаған күйі қараңғыға қарай қаша жөнелді. Гадо да уақытты жібермей, жүксалғыштан сырғып түсті де машинаның артқы доңғалағын тасалап жата қалды.
Бұл екі арада мен де қарап қалмадым. Менттердің машинасын нысанаға алып ата бастадым. Мұндайды күтпеген менттар ә дегенде абдырап қалды. Осы сәт біздің өмірімізді құтқарып қалды да. Екеуміз атқан оқтың бірі тағы бір ментті қалпақтай ұшырды. Ал тірі қалғаны машинаны тасалап бұға қалды. Сәл тынышталған кезді пайдаланып мен де Гадоның қасына барып жайғастым. Екі жақ та тышқан аңдыған мысықтай, бір-бірімізді бағып жатырмыз. Бұл үзіліс ұзаққа созылмады. Әр секундтың біз үшін қымбат екенін ұққан Гадо менттердің машинасының доңғалағын көздеп бір-екі рет атты да маған «прикрой меня» деді де өзі атып өлтірген менттің қасына бұқпантайлап жетіп жата қалды. Енді біздің де мүмкіндігіміз менттермен теңесіп қалды. Өйткені, Гадоның қолына автомат тиген еді. Ол менттердің машинасына сатырлатып оқ жаудырған күйі жолдың жиегіне барып жасырынды. Жасырынып жатқан мент әзірге бой көрсетер емес. Осының бәрін өз пайдасына шешкен Гадо менттердің машинасына қарай жер бауырлап еңбектей жөнелді. Әзірге қарсылық білінер емес. Осыған қарап мен мент не өлді, не ауыр жаралы деп ойладым. Бірақ, қателесіппін. Ол тірі екен және дін аман сияқты. Өйткені сөзі ширақ. Ол бізге екі жаққа да тиімді жолмен айырылысуды ұсынды. Оқ атпайтынын, кетуімізге мүмкіндік беретінін де айтты. Бұл біз үшін күтпеген, тосын ұсыныс еді. Мен үндемедім. Гадо да әзірге тіс жарған жоқ. Оның ұсынысы бізге аса ұнай да қоймады. Рас, ол біздің кетуімізге мүмкіндік жасар да. Бірақ, машиналарында рация бар ғой. Біз кетісімен рация арқылы барлық постыларға хабарламасына кім кепіл.
Жол әзірге ашық. Мен жауап қайтаруға асықпадым. Кім біледі, ол әдейі біздің дауысымыздың қай тұстан шығарын біліп алып, оқ жаудыруы әбден мүмкін ғой.
Тыныштықты тағы да Гадо бұзды.
– Эй, мэнт! Сен егер шынымен тірі қалғың келсе, қаруыңды таста да бері шық. Алланың атымен ант етемін, сенің бүгін балаларыңды аман-есен көруге мүмкіндігің бар! – деді дауыстап.
Аударған Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
(Жалғасы бар).