Павел СТОВБЧАТЫЙ
(Детектив)
(Жалғасы. Басы газеттің өткен жылғы № 36(1789) санынан басталады).
– Алтын! – деді Света дауысы саңқ етіп. – Мынау алтын ғой, Андрей!!! Оның көзі шырадай жанып, өзі менің үстіме түсердей болып тұр. Адам баласының құныққанда дәл осындай кейіпке енетінін бұрын-соңды білмеппін. – Старательдердікі!.. Қазір олар мұнда жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Борис сол алтын қазушылардан арзанға салып алған ғой мұны. Иә-ә!
Мен түйіншектегі ақшаларды былай алып тастадым да былғары қалташаларды санай бастадым.
– Жетеу. Әр қайсы бір-бір жарым келі салмақ тартатындай. Ораманың осынша ауыр болып көрінгені осыдан екен ғой, – дедім мен жаратушыға осыншалық сый жасағанына ризашылығымды білдіре отырып.
Бірақ, алтын жүрген жер қырсық пен қатерге толы. Тіпті өлімге де апарады. Оны мен өзгелерден гөрі жақсы білем. Осыған дейін мен білетін үшеудің түбіне осы алтын жеткен. Ендігі кезек біздікі…
Өз ойымнан өзімнің денем түршігіп кетті.
– Мені қайыра орныма тездетіп жайғастыр да зула, – дедім Светаға алтын мен ақшаларды орамаға қайта орап жатып.
– Қазір, бір секунд – деді Света маған еңкейе түсіп. Осы нағыз қолайлы сәт. Бір шешімге кел… Қолыңда «стволың» бар. Бір-ақ оқ шығындайсың. Сонымен шаруа тынады. Мына мол байлық екеумізге ғана қалады. Ойлан да шеш… – Светаның сыбырлаған дауысы маған улы жыланның ысылындай болып естілді. Шоқша жайнаған көзі өңменімнен өтіп барады. – Түсінбеймін, не ойланатыны бар. Ендігі жерде тек екеуміз ғана қалуымыз керек. Марқұм әкемнің атымен ант етемін, мен сені ешқашан сатпаймын да тастамаймын да… Егер бір сәттерде саған жүк болып, мазаңды алатындай болсам, өзім-ақ кетіп қалам. Шешімге кел, Андрей! Ө-ті-нем!
Света менің қос қолымды қысып алып кеудесіне басып, босатар емес. Енді сәл болса жылан арбаған торғайдай торға түсетінім анық еді. Қолымды сілке тартып, тіктеліп алдым.
– Сенің ақылың ауысты ма?! Не айтып отырсың?! Мына жердегі алтын да, ақша да үшеумізге молынан жетеді. Үштен екі бөлігі біздікі. Не үшін өлтіруіміз керек?
– Сен білмейсің, ол өте қауіпті адам. Сені арбап алған. Сөзінен-ақ байқалып тұр емес пе. Мен одан қорқамын. Шын айтам… Жарайды, ол шынымен де жақсы адам бола қойсын, бірақ, үшеу деген екеу емес қой, Андрей. Әйел адам мұны еркектерден гөрі жақсы біледі.
Мен келіспейтін рай танытып, қозғал деген белгі бердім. Света қайтатын емес.
– Мен саған шынымды айтып отырмын. Егер сен қолыңды былғағың келмесе, мен-ақ орындайын маған берші «стволды».
Ол қолын созған күйі тапжылар емес. Мен өзімді екі оттың ортасында қалғандай сезіндім. Ойым да сан-сақта. Қарсы алдымдағы сұлу бейнені қанға бояй салайын ба, әлде, тәжіктің тағдырын бір оқпен шештіре салсам ба. Дәл қазір біреудің өмірі қыл үстінде тұр. Біреудің соңғы секундтары тықылдап өтуде.
– Жарайды, дегенің болсын. Менің қолым таза. Мә, өзің орында өз қалуыңды, – деп белдігіме қыстырылған тапаншаны суырып алып бердім.
* * *
Ол кезде мені қандай түленнің түрткенін тап басып айта алмаймын, бірақ, бір ұққаным, менде еркіндік жоқ еді. Бізге күтпеген жерден құлаған джекпоттың қуанышынан ба, әлде жай ғана шарасыздықтан ба, дәл осыған бардым. Мүмкін менің мұнда, қарағай ағашының түбінде, болмаса бөгде біреудің көлігінің артқы орындығында өлгім келмеген шығар. Оған сол кезде есеп беретіндей болмадым-ау деймін. Сондықтан да Светаның қолына «Тэтэшканы» тапсырдым.
Света қолымнан тапаншаны алысымен күрт бұрылып машинаның артына қарай адамдай жөнелді. Мен оның қимылынан алған бетінен танбайтынын ұқтым. Енді сәлден кейін Гадоның да ақтық демі таусылады. Қыздың сөзі мен ісі алшақ түспейтін, бірбеткей екенін шын ұқтым. Енді сәл кешіксем Гадодан айырылатыным анық.
– Тоқта!
Шапшаң қимылдап барып Светаның иығынан шап бердім. Қолындағы «тэтэшканы» да қағып алдым. Ә, дегенде ештеңеге түсінбей қалған қыз ұзын кірпіктерін қағып-қағып қалып маған тесіле қарады.
– Мындайды тек салдақылар ғана жасайды. Сенің адам өлтіруге еш қақың да жоқ. Оның ішінде Гадо сияқты кәнігі жанның өмірі ойыншық емес. Ол ақша көрсе жолдан таятын ашкөз де емес. Гадо сөздің қадірін, бағасын білетін азамат.
Байсалды ойлау қабілеті маған қайта оралды, сонда барып мен өзімнің бұрынғы ойларымнан қорқып кеттім. Өкінішке қарай, солай болды.
– Егер сәті түсіп жатса, мен саған біздің қандай «заңдармен» өмір сүретінімізді кейінірек түсіндіремін. Әзірге біздің әңгімелерімізді ұмыт, олар болған жоқ деп есепте. Сен бұл үшін маған әлі риза болуың мүмкін…
Мен сөзімді аяқтадым да машинаға отырып, осында келгендегі орныма жайғастым. Одан кейін лям-ми деп тіл қатпадым. Әуелде қыз егіліп жылар деп ойлағам. Олай болмады. Діні қатты екен. Гадо да өзінің тар «купесінде» жатып, мұндағы жайдың салқындығын сезді ме тықылдатып белгі берді. Мен де оған жауап қаттым. Сөйттім де Светадан тездетуді сұрадым. Бірнеше секундтан кейін машина орманнан шығып қалаға баратын күре жолға түсті.
* * *
Мен үшін уақыт зуылдап жүгіре бастады. Дегенмен қобалжу да жоқ емес. Діттеген жерімізге жеткенше дегбірім қалмады. Таң атқанға дейін бір жарым сағаттан астам ғана уақыт қалды деген ой басқа ойлардан басым болды. Мен тек пойыз бен станция туралы ойладым. Егер біз созбайлақтап жүріп, ол жерге тым кеш жетсек, бізді біреу-міреулер байқап қалуы да мүмкін. Товарнякты күтуге қанша уақыт кететіні әлі белгісіз. Тездетпесек болмайды.
Светаның құжаттар мен киім-кешектерді алып шығуға аса көп уақыты кете қоймас. Көліктің жайын айтсаңшы… Көршілердің гаражы туралы ойлаудың өзі ақымақтық. Ең тиімдісі попутка ұстау, басқа ештеңе жоқ. Тіпті, еш амалын таппасақ, осы көліктің өзімен тартып отырамыз. Қайдан шықса, одан шықсын. Біздің айымыз бүгін оңынан туып тұр. Мұндай жағдай жүз жылда бір-ақ рет болады! Лотерея сияқты.
Неге екенін қайдам, ойыма Пепел оралды. Шынымды айтсам, оған бар ниетіммен сәттілік тіледім. Егер оның «фокусы» болмағанда, бәрі басқаша болар еді. Жасаған иеміздің жолдары шынымен белгісіз! Мына ақымақ қыз бәрін бүлдіре жаздады. Гадоны «құртқысы» келді! Неге? Әшейін ашкөздік пе, әлде үрей ме?.. Өз жаны үшін қорқыныш шығар.
Аударған Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
(Жалғасы бар).