Павел СТОВБЧАТЫЙ
(Детектив)
(Жалғасы. Басы газеттің өткен жылғы № 36(1789) санынан басталады).
Күзетшіні алып келу Светаға онша қиын болған жоқ. Шыққанынан кіргені жылдам болды.
Үйге кіре бере қалтарыста тұрған Гадоны көрсетпеу үшін есікті әдейі шалқасынан ашьп тастады. Гадо күзетшінің тап алдына келуін күтіп тұр. Ал мен ваннада тұрмын. Егер тәжіктің шамасы жетпей жатса, көмектеспекпін.
Светамен тіркесе төрге оза берген күзетшіні есіктің саңылауынан көргенде шошып қалдым. Еңгезердей неме екен. Әй қалай болар екен деп ойлап үлгергенше болмады, барысша атылып шыққан Гадо күзетшіні қарақұстан екі рет ұрып үлгерді. Екінші ұрғанда ыңырсыған күзетші түйедей болып төңкеріліп қүлай берді.
Мен қасына келіп күзетшіні аяғыммен түртіп көрдім. Былқ-сылқ етеді. Сірә ұзаққа кеткенге ұқсайды, Бірақ дене бітімі бөлек екен. Шашын тақырлай алғызған тықыр бас терісі желке мойынмен бірігіп, иықпен тұтасып тұр.
– Бәрі ойдағыдай, тексермей-ақ қойсаң да болады, – деп өз-өзіне риза болған Гадо мені кейін тартты. – Мұндай «гревтен» өгіз де өкіре құлайды.
Гадо күзетшінің қойны-қонышын тінтіп шығып, оның да қол-аяғын байлап тастадық.
– Енді бізде екі ствол, Кот, – деп Гадо маған күзетшінің тапаншасын берді. – Оқшантайын тексер және зерттеп көрші, мен бұрын мүндайды көрген емеспін, – деді ол сосын «стволға» қарап қойып.
– Мен де керемет қарушы емеспін, – дедім оған, қолымдағы ақ жылтыр «ойыншықты» айналдырып, төңкеріп қарап отырып. – Сірә да италияндық болар…
Бұл кезде сағат тілі түнгі бірді керсетіп түрған. Біз жұмысымызды күткендегідей тез әрі дыбыссыз орындадық. Бәрі де сәтті өтуде. Клиенттің портмонесінде үш жүз доллардай бар екен. Оны Света алды. Алда-жалда, бетін әрі қылсын, «қыстыруға» қажет. Енді күтетін ештеңе қалған жоқ.
Тағы да бір рет клиент пен күзетшінің байлауын бір бақылап алып, жайлап үйден шықтық. Машина подъезден бес метрдей жерде, талдың тасасында тұр екен. Үйлердің терезелері қап-қараңғы, бір де бір жарық керінбейді. Жұрт қалың ұйқыда.
Машинаны ашып барлап шыққан Света жайлап жүксалғышты ашты да, біз Гадоны сонда жақсылап жайғастырдық. Машина кең, жайлы екен. Бізге беймәлім бір иномарка.
Мен машинаның артқы жағына екі орындықтың арасына орналастым. Света мені үйден алып шыққан жамылғымен мықтап жауып тастады.
– Қалай? – деп сұрадым мен жайланьп орналасқан соң.
– Әлі де бірдеңе жетіспейді. Тағы да бір нәрселер табу керек. Мен қазір! – деді де қыз подъезге кіріп кетті. Көп кешікпей қайта шыққан ол менің аяқ жағыма әлдебір кардон қорапты қойды да үстіме кілем сияқты шиыршықталып оралған бір затты тастай салды.
– Енді бәрі де ойдағыдай. Ал, кәне қымбаттым, қозғал! – деп Света машинаны от алдыра бастады.
– Мен айналма жолмен жүремін. Тәжікті аздап соғып тастауы мүмкін. Есесіне өзімізге қауіпсіз, – деді қыз жылдамдықты ауыстырып жатып. – Бұл жолмен жеңіл машиналар мүлдем аз жүреді. Мен талай жүргенмін.
– Сенің не, жүргізушілік куәлігің бар ма? – деп мен таңырқай сұрадым.
– Иә, бар. Әкем марқұмның «Москвичі» бар болатын «Жигули» алуды армандайтын… Бағанға барып үрылады екен дел ойламай-ақ қой. Ал қарсы бағытта қозғалыс жоқ. Жолымыз болар, – деген Света музыканы қосты.
***
Машина салонын Элтон Джонның тамаша әуезді әні кернеп кетті. Көрмесем де сезіп келемін. Түн қараңғылығын қақ жарған машина шамы тас жолдың көз жетер жеріне дейін жарығын түсіріп, жеңіл иномарка желдей сырғып келеді. Әзірге анау айтқандай қатты шоқалақтар сезілмейді. Баяу шайқаған машина ырғағымен қалың ойға қалай кіріп кеткенімді де сезбей қалдым. Көз алдыма кеше өзім қашып шыққан зона мен ондағы серіктерім келе бастады. Қазір олар не істеп жатыр екен. Сірә, біз жайлы әңгімелері әлі басылмаған шығар. Қай зонаның болмасын түнгі тіршілігі күндізгіден мүлдем бөлек болады ғой. Түн зекті бір жағынан әртүрлі машақаттан бір сәт босатса, бір жағынан оны шыңдай түседі. Зонаның өз жазылмаған заңы бар…
Зонада түнде карта ойыншылары мен жұмыс істемейтін, өз заңдарымен жүретіндер ғана ұйықтамайды. Ал, қалғандары қалың ұйқыға кетеді. Олар да ет пен сүйектен жаралған емес пе. Күн ұзақ жұмыс пен түрменің тауқыметі оларды да қажытады, қалжыратады. Мұнда ең жаманы – ой мен үрей. «Қашан пышаққа түсіп қалады екенмін, қапылыста балтамен басым мыж-мыж болмай ма?!» деген ой адамды іштей жеп, түн баласы ұйқы бермей шығатыны да бар.
Зона да – өмір. Онда да түрлі қалжың-қағытпалар, карта ойны, чефир ішу, тіпті жейіркенішті жыныстық қатынас та болып жатады…
Қызық, осындай жағдайда біздің Конституцияның «кепілдері» зонада қанша күн, ай, жыл өмір сүре алады екен? Олар арыз-шағымдарын кімге жолдар еді? Бізге беріп жатқан нәжіске ұқсас тамақты олар ішер ме еді? Қайдам?..
Қаншама үйсіз және тастанды балалар тозаққа кезек күтуде?! Олар алдағы өмірлерінің қандай боларын әлі білмейді. Олар әлі бақытты болашақты армандайды! Қазір көптеген адамдар ақылды. Олар моральдың үрленген шар тәрізді екенін, бүгін болмаса ертең жарыла салатынын, ар-ұждан жаңбырдан кейін жарқыраған кемпірқосақ сияқты сирек кездесетін құбылыс екенін біледі.
Кейде жұмыр басқа ешқандай пайдасы жоқ «реформалар» үшін қыруар қаржы шашудың қанша қажеті бар еді деген де ой келеді. Бұл ең қиын сұраққа кім жауап береді және жауаптың дұрыс болатынына кепілдік бар ма? Ешкім жауап бере алмайды және кепілдігі де жоқ. Мемлекет сонау бір жылдардағы декабристер армандаған мифтік бақыт үшін өз халқының мәйіттерінің үстімен жүріп келеді! Тек, сол бақытты күндер қайда, ол өзі мүлдем бар нәрсе ме?! Жаңа идея – бәрінің басын айналдыратын құйын. Осыдан кейін біз билік пен көшбасшы боламыз, ал бүгінгі биліктегілер өз халқын алдаған қаскөйлер мен қанышерге айналады…
***
Даңғыл жол бітіп, ойлы-шұңқырлы тұстары келді ме, машина жүрісінен жаңыла бастады. Манадан бері іркес-тіркес келіп жатқан ойларым да сейіліп, мына өмірге қайыра оралдым.
– Не болды? – деп сұрадым Светадан.
Манадан бері өз ойымен өзі болып келе жатқан ол да тіктеліп алып, машина рөлімен алысуда.
– Таяп қалдық, – деді ол жол сәл түзелген тұста. – Шыда, сәл ғана қалды. Мен айтпап па едім, бәрі жақсы болады деп. Ал сен сенбедің.
– Мен бәрін көзіммен көріп, қолыммен ұстағанда ғана сенемін.
Света менің жауабыма қарқылдай күлді. Сәлден кейін машина да жайлап тоқтай бастады. Мен біздің діттеген жерімізге келгенімізді ұқтым.
– Қарашы, мына козёл өзіне қандай кең сарай салып алған! – деген Светаның әлде қызғаныштан, әлде ызадан тісі шықыр ете қалды.
Мен орнымнан жайлап көтерілдім. Света да машинаны өшіріп, шамын сөндірді.
Біздің алдымызда кірпіштен соғылған әдемі особняк тұр. Қоршауы да керемет. Көне үлгіде жасалған фонарлар дуалдың әр тұсына ілініпті. Аулада түрлі жеміс ағаштары мен әсемдік үшін отырғызылған көшеттер көрінеді. Көңілге демеу болғаны маңайдағы үйлер біз келген особняктан алыстау орналасқан екен. Бірақ жалы күжірейген екі төбет дарбазаға таяғанда еріксіз бұға қалдым.
Машинадан түскен Света әуелі жүксалғыштың кақпағын бір-екі рет қағып, Гадоға белгі берді де дарбазаға қарай беттеді. Манадан бері мазасызданып тұрған төбеттер Светаны көргенде құйрықтарын бұлғаңдатып, еркелей бастады. Мен Светаның алдамағанын ұқтым. Қос төбетті басынан сипаған Света оларды арнайы соғылған үйшікке қарай жетелей жөнелді.
Аударған Ізтай Белгібайұлы.
(Жалғасы бар).