Павел СТОВБЧАТЫЙ
(Детектив)
(Жалғасы. Басы газеттің № 36(1789) санынан басталады).
Далада қараңғы түсе бастады. Мен терезеге барып, жаңбырмен мәңгі жылап тұратын Оралдың сұрғылт алтаспанына қарадым. Сағат тілдері кешкі жетіні көрсетіп тұр. Қорғасындай ауыр қара бұлттар баяу жүзіп барады. Біздің мәселемізге мән бермегендей. Бұл қалада шахталар мен он екі лагерь және он қоныс-колониясының өмірін реттейтін менттер басқармасынан басқа ештеңе жоқ. Сонда мына «фрукт» қайдан табыс тауып, осынша бай болды екен? Әлде көмір немесе ағаш саудалай ма? Несі бар, көзін тапсаң екеуі де алтыннан кем емес. Әсіресе, орман. Біздің лагерь биржасында жыл сайын жүз мың текше метр орман есептен шығарылады! Қаншама гектар орман алқабы өртеніп кетіп жатыр. Бір ғажабы, мұндай «төтенше жағдай» барлық жерде болды. Есесіне, Молдавия мен Арменияға, Украинаға және Мәскеуге қаншама вагондар кетіп жатады.
Бұл мемлекет бүгінге дейін зектарды құл сияқты пайдаланып, солардың арқасында зәулім үйлер мен қалалар салды. Соған өздері мәз болды. Есесіне қарапайым жандар жапа шекті. Қазір олардың жағдайы бұрынғыдан да нашарлап кетті. Үкімет пен биліктен көмек күтіп, жалбарынуда. Бірақ, олардан еш қайран жоқ. Тіпті Құдайдың өзінен қайыр болмай тұр. Осының бәріне жоғарыдағылар кінәлі. Енді олар өз қолдарымен істегендеріне жауап берулері керек. Алда одан да жаман болады. Құдай көмектеспейді, күтпеңіз. Қазір басқалардың кезегі. Біздің кезегіміз келді. Мүмкін бәрі емес, тек мыңның оны ғана бұғаудан шыққан шығар. Бірақ, олар өз бостандықтарына ие болды. Ол өзінің жеке басының бостандығы! Ақшаң болса, темір тордың артына көп отырмайсың, сенімді адвокаттар мен заңгерлер бар. Олар біздің қайта өңделген, бірақ жамау-жамау антитопиялық кодтың не екенін біледі. «Куәгерлер империясы» да жаңғақ сияқты шағылды. Менттер ештеңеге қабілетсіз болып барады. Түрмеде өлгендерді апаттан қаза тапқан мәйіттердің арасына «жасырып» әлек. Қанша адам із-түзсіз жоғалып кетті! Соның бәрі статистиканы ақсатпас үшін, түрменің рейтингін түсірмес үшін жасады. Әлі қаншама жасалады…
Погонды сатқындарды үрей билеген, оларды қазір жабайы үйректер сияқты әр жерде атып кетіп те жатыр. Енді олар өздерін қорғау үшін жаңа қару-жарақ пен көлікке ақша талап етеді. Ал ақымақ салық төлеушілер қайта құрылғанға дейін Батыстағы банктердің шоттарында қанша миллиардтардың жатқанын білмейді! Олар өздері төлеп отырған салық өздеріне ғажайып өмір сыйлайды деп үміттенеді. Бірақ ол ғажайыптар жоқ, табиғат өзгермейді. Тек заңдылықтар мен қайшылықтар бар. Егер сіз бай болмасаңыз, онда қайыршысыз. Үшіншісі берілмеген. Мұны мына қыз сияқты жастар да жақсы түсінеді. Сіз оларды енді мемлекеттік немесе қоғамдық идеялармен иландыра алмайсыз. Олар әлемді қайта құру, ұрпақтар туралы ойлағысы да келмейді. Қараңыз да тұрыңыз, мемлекеттік алдауды ерекше құлшыныспен қабылдамағандардың кейбірі топ, ұйым құрып, екінші Никарагуа, Кампучия басталады әлі. Әлі, жетінші қараша күні «жаулап алу» күні деп өзгертіліп, бәрі жаңаша өрбіуі де ғажап емес. Олай болмауы мүмкін емес. Демократия идеялары панацея емес. Наразыларды қайда қою керек? Қазір шығып жатқан жаңа шенеуніктер мен менттердің барлығы өздерінше дұрыс іс атқарып жатырмыз деп түсінеді. Бұрынғылар да солай ойлаған. Егер мен баррикаданың арғы жағында, бай, дәулетті отбасында дүниеге келген болсам, мен де басқаларды жек көрер едім. Бұл қатыгез шындық. Бұл хамелеонизм емес, жоқ. Тоқ адам аш адамның жағдайын ойламайды, әшейін түсінген кейіп танытуы мүмкін. Өкінішке орай, бұл да шындық.
Мен бұрылып, Гадоға қарадым. Ол Светамен қызу әңгіме үстінде екен. Екеуі де мені байқайтындай емес. Мына кейіптеріне қарағанда оларға жұмсақ төсек қана жетіспей тұрғандай…
– Братва, – дедім мен олардың назарын өзіме аудара. – Алда үлкен іс тұр. Оған дейін алдымен өзіңді тәртіпке келтіру керек. Жуынатын бөлмеге барып, бастарыңызды шайып алыңыздар, бұл көмектеседі.
Солай дедім де өзім алғашқы болып жуынатын бөлмеге беттедім. Бірнеше минуттан кейін ваннадан санамды сергітіп шықтым.
– Мұздай су – бұл барлық жағдайда жақсы құрал.
Гадо менімен дауласпады, ал Света тек бетін сулады. Оның ұзын шашын кептіру үшін ұзақ уақыт кететін болған соң, оны сулауға тәуекел етпеді.
«Бұл дұрыс іс болды», – деп ойладым мен. Серіктерім де бір сергіп қалды. Енді сенімді түрде іске кірісуге болады. Бірақ, мен қызға онша сенбедім. Қоңырау шалуға онымен бірге бардым. Біз «Клиентті» бірден үйге шақырмауға келістік. Біріншіден, оның әрекетін бағдарлап, тамырын басып көруіміз керек. Бірден үйге шақырса, бір нәрсеге күдіктенуі мүмкін еді. Сондықтан алдымен оған адамдар көп жиналатын жерде кездесуді ұсынып, кейін ғана шешімін өзгерткендей, тікелей үйге келуді сұрайды. Біз осы «жоспарға» келістік.
Света бірінші болып пәтеріне кірді де, есікті ашық қалдырды. Сәл тың-тыңдап тұрдым да мен де пәтерге зып ете қалдым. Пәтер таза және өте жайлы көрінді, бәрінде әйелдің қолы сезілді. Света үстелге жақындап келді де, тартпасынан шағын қойын дәптер алып шықты. Оның парақтарын аударыстырып тұрып, керек жерін тапты да маған ұсынды. Сүйріктей саусағымен үш телефон нөмірін көрсетті. Олардың үстінде жақшада «Борис» деген жазу тұр екен.
– Бұл соның нөмірлері, – деді де қыз бірінші нөмірді тере бастады. Арғы жақтан біреу жауап қатты. Оның бет-әлпетінен сөйлеп тұрған Борис, не Борис емес екенін аңғара алмай тұрмын. «Бұл кім болды екен? Сезік алып қалмай ма?» деген сауалдар санамды сарсаң етіп барады. Бірақ, бірнеше секундтан кейін ол сымның екінші жағындағы адамның атын өзі атады. Бұл Борис емес еді.
Аударған Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
(Жалғасы бар)