Павел СТОВБЧАТЫЙ
(Детектив)
(Жалғасы. Басы газеттің № 36(1789) санынан басталады).
– Орманға қалай жеткілеріңіз келіп еді?!
Қыздың сұрағы арқадан қамшымен осып жібергендей болды. «Қап мына тағдыр-
дың қысастығын-ай. Боқмұрын қызға күлкі етті-ау. Қайда, қалай жүру керектігін, не істеу қажеттігін енді бізге осы үйретпек», – деп қаным қайнады. Бірақ, істер қайран жоқ.
– Енді… – деп күмілжідім.
– Мен сіздерге көмектесем. Әлгінде сіздер солай дедіңіздер ғой.
Ыңғайсыздықтан тағы да қыз құтқарды.
– Саспаңыздар, мен шын ниетіммен көмектесем. Бұл жерден аман кетесіздер. Сосын бірер күннен кейін мені мүлдем ұмытасыздар. Бәрі сөйтеді…
Бойжеткеннің сөзінде әлде бір салмақ бар екенін сездім. Бірақ бізде дәл қазір оған айтатын сөз, беретін еш көмек жоқ еді. Өзіміз қыл ұшында тұрмыз. Сонда да болса үнсіз қалуды жөн көрмедім.
– Мүмкін, тағдыр жазса тағы кездесерміз. Жер әлемі дөңгелек қой…
– Онда сіздер де маған көмектесесіздер, – деді қыз «сіздер» дегенді ерекше екпінмен айтып.
– Мұнымен не айтқың келеді?
Мен қыздың қайда бұрып тұрғанын түсінбедім. Әйтсе де қызымыз әуелде біз ойлағандай аңқау, әлжуаз емес екені байқала бастады. Дәл айтқанда, оның бейкүнә жан еместігін өзімізше лагерьлік өлшемдермен бағдарлап, шешіп те қойғанбыз.
– Бір адам бар…
Света кеудесін кере терең күрсініп алды да:
– Нағыз оңбаған жан. Ол маған мектепте жүргенде өлердей ғашық еді. Таяуда оған күйеуге шығуымды сұрады. Мен бас тарттым. Өйткені, оны жек көрем. Көргім де келмейді.
Бойжеткен сәл ойланып отырып қалды.
– Өзі шіріген бай. Бірнеше рет үйіне де апарған. Жағдай соған апарған еді… Аздап қарызға ақша сұраған едім, ол бірден төсекке сүйреді. Менен үш жастай үлкен. Бар байлық әкесінен келді. Әрине, өзі де қосты, – деді сосын Света. – Процентке ақша береді жұртқа. Жеке фирмасы, күзетшілері бар. Офис ұстайды. Бір сөзбен айтқанда, «новый русский»…
– Сонда? Біздің көмегіміз қай жағынан керек? – деп сұрады Гадо. – Ұрып, соғайық па, әлде қорқытайық па? Бізден, қашқындардан қандай көмек сұрайсың?
– Өлтіру керек.
Света бұны жай бір әшейін әңгіме айтып отырғандай айтты. Тіпті тарақан өлтіргендей де әсер жоқ.
– Сосын оның халықтан алдап-арбап алғанын алу керек, – деді аяғын аяғына айқастырып қойып. – Менің мұны жасауға шамам келмейді, ал сіздерге бәрі бір емес пе. Ал, ондағы ақша бәрімізге жетеді. Оны көзіммен көргем…
Света сөзін аяқтар аяқтамаста Гадо қолын төбесіне көтөріп бірден қарсы болды.
– Жынданба, – деді ол. – Өзіміз пышақ жүзінде тұрғанда тағы бірдеме жамап алар жайымыз жоқ. Кешір, қымбаттым. Бірақ біз мұны істей алмаймыз.
Светаның бет пішіні бірден өзгеріп шыға келді. Бетінің ұшындағы қызылынан орын да қалмады. Аяғын айқастырып қойып шалқайып отырған қыз лезде жиналып алды. Көзінен ұшқын шашып тұр.
– Мен ше? Мен сонда сіздер үшін тәуекел етпей тұрмын ба?! Әлде сіздер шынында да мені ашық ауыз біреу деп ойладыңыздар ма? Мен әшейін сіздердің кім екендеріңізді, шын мәнінде мықтылар ма, әлде сыртта қомпаңдап жүрген қорқау ма деп сынағаным еді. Сіздер де әшейін…
Ашуға булыққан қыз орнынан тұрып кетті. Біздің қасымыздан өте шығып Толя жатқан бөлменің есігінен қарады. Сосын қайтып келіп орнына отырды.
– Мен сіздерге керекпін, ал, сіздер – маған! Сіздерді бұл жерде ешкім де білмейді. Куә тек мен ғана…
– Және сыбайлас, – деп қосты Гадо.
– Менің де айтпағым осы.
– Өзің айттың емес пе, оның күзетшілері бар деп…
– Күзетшілері тек күндіз ғана. Ал түнде бәрін таратып жібереді. Өзі жастығының астына пистолетін жастанып жатады. Үйінде иті, терезелерінде білектей темір торы бар. Оған сол жетеді.
– Сонда біз қалай кірмекпіз?
– Ол жағын мен өз мойныма аламын. Телефон соғып кездесуге келіссем болды. Қайда шақырсам да келеді. Оған көңіл берем!
– Үйі особняк па, жер үй ме?
– ЕкІ қабатты особняк. ИттерІ мені біледі.
– Тыңдашы, қымбаттым, сен кімсің өзі, адамбысың әлде перімісің? – Гадо бойжеткенге тіке қарады. – У меня такое впечатление, что ты сама десятку «оттянула»! А как рассуждалаІ О Аллах, куда мы идем?І Не дейсің бұған, Кот? Вроде не «прокладка», но похожа. Если что, снимем с нее шкуру чулком, и все дела. Не сорвется. Қысқасы не айтсаң сол болады. Өзің шеш. Ну и деваха нам попалась! Свэ-этлана! – деп тәжік таңданысын жасыра алмады.
Тағы да өлі тыныштық орнады. Бойжеткеннің «фольтигі» (фокусы) маған да Гадоға да күтпеген оқиға еді Былайша ультиматум қойғандай. Ғажап, сонда қызды осындай іске итермелеп отырған не нәрсе? Жігітке деген өшпенділік пе, әлде Фрейдше – сублимация ма, бойды буған нәпсі қызуы ма? Жоқ, ақша шығар. Ақша болса сен бағасыз деген нәрсенің бәрін иемденесің. Нағыз адам құқығы болады сенде… Мүмкін, ол мұнда мүлдем кездейсоқ келе салмаған шығар.
Аударған Ізтай Белгібайұлы.
(Жалғасы бар).