Павел СТОВБЧАТЫЙ
(Детектив)
(Жалғасы. Басы газеттің № 36(1789) санынан басталады).
Тәжіктің сұсты жүзі қызды тұқыртып тастады.
– Мен әншейін, сіздерге оңай әрі ыңғайлы болсын деген едім. Мен рас сіздерді аяймын. Сіздер не, мені қашып кетеді, не сіздерді ұстап береді деп ойлайсыздар ма? Ол маған не береді. Және сіздер маған еш жамандық жасаған жоқсыздар. Ал жасауға болар еді…
– Мәселе онда емес! Көршілер бар… Біздің әрбір ойланбай істеген ісіміз өзімізге қатер төндіреді. Сондықтан есікті таза ашпағанымыз дұрыс. Ал, сені мұнда кіргізгеніміз, қабырғадан бәрі естіліп тұрған еді. Сен пәтерде әлдекімдердің барын естідің ғой, солай емес пе?
– Алайда мұнда төрт пәтер бар ғой. Есікті менен басқа біреу қағуы да мүмкін еді.
– Біз сен екеніңді білдік. Толя бізге сенің қабырғалас тұратыныңды айтқан.
– Иә, пәтердегі дабыр-дұбырды естідім. Шынында да, егер есікті ашпағандарыңызда, күдіктенуім де мүмкін еді. Жә, енді не істейміз?
– Не істегені не, сал суретін. Сенің бұл көмегің үшін, әрине, бір-екі жылды жапсырып жіберуі де мүмкін. Оны ойламадың ба?
Гадоның сөзінен Света шошып кетті.
– Не үшін?
– Сыбайлас болғаның үшін, қымбаттым. Тиісті жерлерге хабар бермегенің үшін, тағысын тағы.
– Олар қайдан біледі? Сіздер не құтылып кететіндеріңізге сенбейсіздер ме? Маған сіздер ұсталмайтындай көрінесіздер.
Света маған бір, Гадоға бір назар тастап соңғы сөзін күбірлеп айтты.
– Ал егер қолға түсіп қалған күнде де… мені сатып жібермейтін шығарсыздар, солай емес пе?
– Сатпаймыз, қорықпа. Егер олардың қолына түсе қалсаң, өзің-ақ «ағыңнан жарыласың». Жә, қазір ана көршің де оянады. Менттер де ақымақ емес. Жылдамдат.
– Мен ештеңеден қорықпаймын. Мені ұстай қалса, қорқытты, қинады деп айтамын.
Қыз ақымақ емес сияқты. Әр нәрсеге терең мән береді екен.
– Ал бірақ, картасыз сіздерге қиын, адасып кетесіздер, – деді ол өз дегенінен қайтпай. Оған Гадо үзілді-кесілді қарсы болды.
– Керек емес! Бізге тек орманға жетсек болды. Арғы жағы өз үйіміздей. Ал, орманда картаның көк тиын пайдасы болмайды.
– Дегендеріңіз болсын. Әйтсе де мен орманмен жүрмес едім. Жоқ!
Света қағазға қайыра шұқшиды. Ал оның соңғы сөзіне біз екеуміз де елең ете қалдық.
– Сонда сен не істер едің, – деп әуелі Гадо сұрады.
– Орманда сіздер еркін жүре алмайсыздар. Біріншіден, қазір саңырауқұлақ терушілер онда өріп жүр. Солардың біріне болмаса біріне жолығып қалуларыңыз әбден кәдік. Ал, көріндік дегенше бітті. Оларда рация да бар. Одан кейін вертолет те, аңшылар да орманды сүзуге кіріседі. Маған әкем айтатын мұндайды.
– Әкең кім? Аңшы ма ед?
Бойжеткен айтсам ба, айтпасам ба дегендей екі ойлы отырып барып.
– Мент…
Бойжеткеннің жауабын естігенде бойымыздан тоқ жүріп өткендей дір ете қалдық. Көз қиығым түсіп еді, Гадо сұрланып кеткен екен. Екі қолымен орындықтың арқалығын сығымдап ұстап, орнынан көтеріліп келе жатты. Маған оның саусағының сықырына дейін естілгендей болды.
– Иә, әкем мент болған, – деп арадағы үнсіздікті қыз бұзды.
– Қалай, мент болған?! – мен қызды әлде қалжыңдап, әлде бізді сынағысы келіп тұр ма деген оймен қарсы сұрақ қойдым. – Әзілің бе бұл?
– Жоқ, түк әзілдеп тұрғаным жоқ. Кәдімгі қызыл жағалының өзі болатын. Бауыры ауыратын еді. Ақыры содан көз жұмды.
– Ал, шешең ше?
– Шешем әкеммен қызметтес болған досына күйеуге шығып кетті. Оған бір қыз туып берді. Ал бізді, ағамыз екеумізді әжеме қалдырды. Дәлірек айтсам, тастап кетті. Содан бері мен ол екеуін жек көрем. Оның ішінде шешемді.
– Иә…
Көңілі орныққандай болған Гадо иегін уқалап, ойлы кейіпте сәл отырды да:
– Жә, мент болса, мент болсын, – деді сосын. – Сонда сен орманмен жүру тиімсіз дейсің ғой.
– Ол енді өз жұмыстарыңыз.
– Егер сен біздің орнымызда болсаң, не істер едің? – деп әңгімеге мен де араластым.
– Мен пойызбен кетер едім.
– Немене?! Пойызбен! Қазір пойыздардың астын үстіне келтіріп тінтіп жатыр емес пе? Вокзалдарда «мусоралардан» аяқ алып жүре алмайтын шығарсың. Оның үстіне әр бұрышта «құлақтардың» да жүрмесіне кім кепіл. Сонда пойызға қалай отырмақшысың?
– Мен вокзалға бар деп отырмын ба? Станциялар қаншама… Мысалы, ең шеткісі. «Тепловая» станциясы.
– Сеніңше ол жақта менттер жоқ па?
– Бар, жоқ деп анық айта алмаймын. Ал, одан сәл төменіректе жоқ екені ақиқат. Ол жақты мен жақсы білемін.
Света бұл сөзді сенімді түрде айтты.
– Балалардың составқа жабысып ойнап жүргенін талай кергем. Ол жерде пойыз өгіз аяңмен жүреді. Тасбақаша қыбырлап келе жатқан жүк пойызының вагонына қарғып міну еш қиындық тудырмайды. Тіпті кыз бала – маған да…
Света жанарын бізге аударып сәл үнсіз отырды да:
– Ол жердө адам баласы жоқ. Тек батылдықтарыңыз жатіп, вагонға секіріп жабыса алсаңыздар, дөңгелекке түсіп қалмасаңыздар болды.
Оның бұл нық сеніммен айтқан сөздері бізді ойландырып тастады. Шындыққа да сиымды сияқты. Бойжеткеннің бізге тастаған құтқару құрығы біршама үміт отын жаққандай. Әйтсе де біз өте сақпыз. Мұндай батпан құйрық, тегін жатқан құйрық қалай болар екен деп те ойлаймыз. Шынында да орманмен қашу онша тиімді емес екенін өзіміз де сеземіз. Ол әшейін «суға кеткен тал қармайдының» кері. Ал, мына қыздың «дәлелді» сезінде жан да бар сияқты.
– Ол жерге біз қалай жетеміз?
Гадо ыңғайсызданса да осы сұрақты қоюға мәжбүр болып түрғанын сезем. Ондай ыңғайсыздық өз бойымда да бар. Ана сүті аузынан кетпеген, сары ауыз балапаннан ақыл сұрағанымыз екеумізге де оңай соғып тұрған жоқ.
– Орманға қалай жеткілеріңіз келіп еді?!
Аударған Ізтай Белгібайұлы.(Жалғасы бар).