(Детектив)
(Жалғасы. Басы газеттің № 36(1789) санынан басталады).
Мен есіктің кілтін жауып Гадоға бердім де ас үйге беттедім.
– Сен осы үймен қабырғалас тұрасың ба?
Бұл жолы әңгімені еш мәймөңкелемей, тіке бастадым. Дауысым да ызғарлы шықты.
– Иә, жайша ма?
– Бір минутқа тізе бүк, қымбаттым. Мен сенен әлдене сұрайын деп едім. Не бары бір минут.
Бойжеткен иығын қиқаң еткізді де орындықтардың бірін өзіне тақап алып, шетіне жайғасты. Сосын маған бұрылып:
– Тыңдап отырмын, – деді.
– Балаларың бар ма?
Оны неге сұрағанымды өзім де білмеймін.
– Әзірге жоқ, – деп менің сұрағыма таңырқай жауап берді ол да.
– Есімің қалай, егер құпия болмаса?
– Света. Светлана Анатольевна. Жай ма?
– Сен мұнда кіммен бірге тұрасың, Света?
Менің үшінші сұрағымнан кейін барып қыз есін жиғандай болды.
– Оның сізге қанша қажеті бар? Сіз кім едіңіз сонша?!
Қыз ашулы кейіппен орнынан тұрғалы жатыр еді, мен дауысымды мейлінше жұмсартпақ болып, оны сабырға шақырдым.
– Өтінем, менің сұрақтарыма жауап берші. Сосын бәрі де орнына келеді. Жақсы ма?
– Айталық, әжеммен бірге тұрам. Ары қарай не сұрайсыз… Жоқ, сіз мені неге тергеп отырсыз.
Мен оның қарсылықтарын құлағыма да ілген жоқпын. Өз сұрақтарымды одан әрі жалғастырдым.
– Әжең қазір қайда?
Ол орнынан ұшып тұрды. Мұның бәрінің жай еместігін енді ұққандай.
– Сіздің қанша шаруаңыз бар? Маған неге кенедей жабыстыңыз? Мен сізге жауап беруге міндетті емеспін. Сізді бірінші рет көріп тұрмын, және…
– Не «хрусти». Отыр орныңа!
Мен оған қарай бір адым аттадым.
– Быстро, ну!
Бірден болмаса да біртіндеп айтқаныма көне бастады. Оның жүзінен үрейдің табын көру онша қиын емес еді. Үлкен көздері жыпылық-жыпылық етеді.
– Міне, мұның жөн, – дедім мен.
– Ал, енді ешқандай фокуссыз сұрақтарға жауап беруге тырыс, қымбаттым.
– Жарайды. Әжем үлкен ағамның үйінде, немерелерін бағып жатыр. Ағам Лысьвада тұрады. Болды ма?
– Жоқ, өкінішке орай. Сенің көз қарасыңнан мен бізді танып отырғаныңды байқадым. Солай ма, жоқ па?
Мен одан арбаған жыландай көзімді алмай қарадым.
– Ну!
Дауысым қатты шықты. Қыздың бізді танығаны сөзсіз еді. Қандай оқиғаға тап болғанын енді білген қыз, қандай жауап айтарын да білмей дал болған кейіпте. Үрей оның бойын абден билеп алды. Оның орнында кез келген адамның үрейі ұшары анық.
– Егер сен шыныңды айтсаң, бәрі ойдағыдай болады. Джентельменнің сөзі, – деп уәде бердім.
Гадо бізге таман келді де, менің қасыма жайғасты. Оның да қимылы менің айтқанымды дәлелдегендей болды.
– Біз қаныпезерлер, баскесерлер емеспіз, қорықпа, – деді ол сосын қызға дем бере.
Ас үйде бір сәт шыбын ызылы естілердей тыныштық орнады.
– Таныдым.
Терең бір күрсінген қыз қорыққаннан көзін жыпылық-жыпылық еткізіп бізге бір қарады да:
– Таныдым, – деп алғашқы айтқан сөзін нықтап тағы бір қайталады.
– Сонда біз кімбіз? – деп сұрады Гадо.
– Қашқын. Сіздерді әлгінде ғана телевизордан көрсеткен… Қазір жұрттың бәрінің аузында сіздер жүрсіздер… Бірақ, телевизордан үш адамды көрсеткен. Сіздер лагерьденсіздер ғой?
«Тезірек сабасына түсіру керек. Әйтпесе, айқай-шу шығарып, күш көрсетуімізге тура келер» деп ойладым мен.
– Азаматсың! Айтқаның жақсы болды. Сенің бізді танығаныңды ә дегенде-ақ білгенбіз. Жә, танысаң таныған шығарсың. Одан енді ештеңе өзгермейді. Сен одан да бізге көмектес.
Света мұндайды күтпесе керек, шын таңқалды. Онысын жасыра да алмады.
– Мен?!
– Иә, онша қиын емес… Дәл қазір бізге қаладан шығып кету мүмкін емес. Өзің түсінесің. Ал, сен бізге құдайдың өзі жіберген құтқарушысы шығарсың, – дедім мен.
– Мен сіздерге қалай көмектесем? Мен жай ғана шаштаразбын. Толя ағайдан сұраңыздар, сенбесеңіздер. Ол кісі мені бала жасымнан біледі. Мен сіздер туралы тірі жанға айтпаймын. Шын айтамын. Маған оның керегі де жоқ, айтудың.
Света қатты абыржыды. Біздің одан не талап ететінімізді де ұға алмады.
– Саспа, қымбаттым. Сен әуелі абыржыма, қорықпа. Біз саған ешқандай жамандық жасамаймыз. Қазір біз бірдей адамдармыз. Түсіндің бе?
Мен Светаның иығынан қағып, шашынан сипайын деп бір ойладым да, ол ойымнан тез кайттым. Өйткені, маған менің бұл қылығымды қыз басқаша түсінер деген ой келді.
Жалпы, мен әйелдердің, оның ішінде қыздардың психологиясын білмейді екенмін, ойлап отырсам. Осы жерде оның ішкі жан дүниесіне үңіліп кім екенін, қандай жан екенін білгім келіп кетті де. Бір жағынан мұндай әрекетке бару біздің қазіргі жағдайымызда аса қажет те сияқты. Гадоға қарап едім, ол өз бетінше ойда отыр. Бір сәт маған тәжіктің де ойында қызға деген «қызығушылық» бар ма деп шошып қалдым. Кім біледі, пенде емес пе. Бірақ, Гадо ондай адам емес. Анау-мынау ұсақ-түйекке бармайды. Ол өзінің беделін, орнын жақсы біледі.
Света аса сұлулардың қатарынан болмаса да адам қызығарлықтай түр-әлпеті, құлын мүшесі бар қыз. Мен оны бір жерден көрген де сияқтымын. Қайдан? Бірақ, ондай болуы мумкін емес те. Тек оның әлде бір танымал артистерге ұқсастығы сондай әсер қалдырған шығар.
Манағыдай емес Света сәл өзін еркін ұстай бастағандай. Әйтсе де үрейден ада бола алмай отырғаны да анық. Біз оны күштеп ұстамасақ та, таза еркіне жібергеніміз жоқ. Содан ба, ол не толық ашыла алмай, не тұйыққа тірелгендей емес күй кешуде. Оны сырттай бақылаған мен анық сездім.
Аударған Ізтай Белгібайұлы.
(Жалғасы бар).