Павел СТОВБЧАТЫЙ
(Детектив)
(Жалғасы. Басы газеттің № 36(1789) санынан басталады).
Мен Гадодан не ойлап отырғанын сұрадым.
– Мэ-тро-по-ли-тэн туралы ойлап отырмын, – деп сөзіне «э» қосып жауап берді. Сірә, менің көңілімді көтергісі келсе керек.
– Бір шетінен мінсең, бір шетінен бірақ шығасың. Ешқандай проблема жоқ.
– Иә, қазір метро мен қуырылған балық туралы ойлайтын шақ.
Мен де оның тонымен қисық жауап бердім.
– Жә, оқасы жоқ, бірдеңе ойластырамыз. Ең ауыры артта қалды. Жүйкеміз жұқарып кетпесе, бір жағынан шығармыз. Шығуымыз керек пе? Сенің басың алтын, Кот… Саған мұндай «погонялоны» тегін берген жоқ қой.
– Херня, бәрі де: Кот, Лис, Плут… Егер бізді «укроют» онда аяғымызда бирка мен номер ғана қалады. Білесің бе қайда екенін…
Мен зонаның сыртындағы зектардың қорымын мегзедім.
– Ойлан, ойлан, бала. Безвыходных положений нет. Сен үрейге көп бой алдырма. Өзіңе білінбеуі мүмкін. Ал, маған сырттан бәрі көрініп тұр. Расслабься! Ешкім де екі рет өлмейді. Ал, бірінші де соңғы «воскрешение» осыдан екі мың жыл бұрын болып кеткен.
– Сондай өзі болып па?
– Сендер болды деп жүрсіңдер ғой. Мен өзім білмеймін.
– «Сендер» кім? Ол анау еврейлер ғой осындай ақ бұқа туралы ертегі шығарып жүрген. Ал өздері Моисейдің заңымен жүреді. Мен украиндықпын, менің пращурларым язычниктер болған, бүкіл Русьқа келіп христиандықтың тұқымы себілгенше… Солар келді де язычниктерді ешкіден де бетер қылды.
– Сонда не, жаман болды ма?
– Әй, түкіргенім бар ма! Қай дінде болса да өзара қырқылжың. Қақтығыс. Адам емес бәрі… Қандай болды, солай қала береді. Жекесі жеке, ортағы ортақ… Мен діндәр емеспін. Мен өз бетімше, өзімізше айтқанда «один на льдине».
– Жақсы. Естіп пе едің «ломом подпоясанный» дегендерді. Сондай болмағаныңа шүкір.
– Естігенде қандай. «Красные шапочки», «ломом подпоясанные», «суки», «польские воры»…
Мен бір-екі рет кәрі «четвертачниктермен» (40-50-жылдары 25 жылға сотталғандарды солай атаған. – Автор.) кездестім. Біреулері сонау қырық жетінші жылғы указбен отырғандар. Нағыз публика солар. Қазіргідей емес. Қазіргінің бәрі жеңілдің асты, ауырдың үстімен жүретіндер. Ал олар төрт приговорды өздерімен алып жүрді. Төрт «четвертак», Гадо, жүз жыл, ұғасың ба? Бірақ еш мойымайтын жандар. Зоналарда тәртіп те болды. Менттердің де мінездері жібектей болған. Ал қазір ше? Кілең нашақорлар, боксерлар, рэкеттер, бір сөзбен айтқанда, жабайылар.
Гадо қашып шыққаннан бері шын көңілімен көзінен жас аққанша күлді.
– Етікті айтамын, етікті де қалдырмай қыстырып кетті ғой.
– Козел! Онда бірдеңе бар ма, жоқ па, бәрібір. Қалта қаққыштардың әдеті емес пе, бәрін тексеріп көруі керек. Алғаны ас болмағыр. Бәрібір біз өз дегенімізге жетеміз!!!
Жарылардай болып, қолымды бір тістеп орныма отыра кеттім.
– Жетеміз, Кот! Сөзсіз жетеміз. Оны да түсінуге болады. Дәл қазір оған қару да, ақша да ауадай қажет. Ал бізден… Сондықтан да етікті жетелеп кетуге мәжбүр болды. Әдетте біздің ақшаны қайда тығатынымызды ол жақсы біледі ғой. Жә, төбелес біткен соң жүдырық сермеме деуші ме еді?
Гадо қайтадан шалқая отырып, басқа арнаны қосуды сұрады.
– Кішкене көңілділеу бірдеме тапшы андағыңнан. Тек дауысын басып қой.
Менің орнымнан тұрып, телевизорға жақындай бергенім сол еді, кенет есіктің қоңырауы безілдей жөнелді.
Гадо отырған орнынан бір-ақ ырғып менің қасыма келді. Сосын аузын құлағыма тосап:
– Саспа! Стволды маған бер , – деп сыбырлады. Мен тэтэшникті Гадоның қолына ұстата салдым.
– Тықыр шығармай терезеге таман барып сыртты бақыла, – деді де өзі мысықтабандап есікке барды. Осы кезде қоңырау қатарынан үш-төрт рет безек-безек етті. Одан соң тоқылдата жөнелді.
– Толя ағай, бұл мен ғой, мен! – деген жас әйелдің жағымды дауысы естілді.
– Сіз не, ұйықтап жатырсыз ба, әлде тағы да стаканға бас қойдыңыз ба?! Ашыңыз!
Гадо «сыртта қалай?» дегендей белгі берді. Мен ешқандай қауіптің жоқ екенін сыбырлап айттым.
Екі оттың ортасында қалдық. Ашпайық десек, әйел пәтерде біреулердің бар екенін бағанадан естіген болуы керек. Оны сөзінен де байқап тұрмыз. Ашсаң…
– Толя ағай!
Әйел есік қоңырауын ұзақ басып тұрып алды.
Одан әрі шыдай алмаған Гадо есіктің кілтін бұрай бастады.
– Ол ұйықтап жатыр, сәл сабыр етіңіз.
– Ашыңызшы, мен кипятильнигімді алайын деп едім. Маған аса қажет болып тұрғаны.
Әйелдің дауысы күнделікті күйбің тіршіліктің айналасында айтылатын әңгімедей болып естілді. Ешқандай алдаусырату байқалмайды. Соған қарағанда, қасында менттер жоқ-ау деп ойладым.
Есікті ашқанда табалдырықтың арғы жағында жасы жиырма-жиырма төрттер шамасындағы, үстінде үй халаты бар бойжеткен тұр еді.
– Сіздер кім боласыздар? – деп сұрады әуелде бізге таңырқай қараған ол. Сосын ішке батыл кірді. Оның бұл әрекетінен мұнда бұрын да еркін келіп-кетіп жүрген жан екенін ұқтық.
Мен үлкен бөлмеде тұрғандықтан есіктің әйнегінен оны анықтап көре алмадым.
– Толяның таныстары боламыз. Мана бір кезде келіп, аздап жұқалап едік, шаршап қалыппыз. Әзер ояндық.
Гадо өтірікті соғып жіберді. Онысы жаман шықпаған да сияқты. Қыздың қаперінде күдік жоқтай.
– Онда мен затымды алайын, – деп Гадоны айналып өтіп мен тұрған бөлмегө қарай беттеді.
– Толя ағай! – бөлмеге кіріп келген ол мені көріп үнсіз қалды.
Ал, Толя бұл кезде темір керуетте бетін қабырғаға беріп, екі бүктеліп қорылға басып жатқан.
– Көрмейсің бе, ол енді ұзаққа сілтейді, – дедім мен үнсіз қалмауды жөн көріп.
– Жоғыңды ас үйден ізде.
Бойжеткен мені басымнан аяғыма дейін барлай қарап алды да іле:
– Несі бар, іздеймін, – деп бұрыла берді. Мен оның тұманды жанарынан мені бір жерде көргенін, бірақ қай жерден екенін есіне түсіре алмай тұрған жанның кейпін ұқтым. Оның бет бейнесінде де өзгеріс пайда бола қалды.
– Қазір іздейміз, – деп тағы бір қайталаған қыз ас үйге қарай аяңдады. Бірақ, оның бір түрлі ойлы, кібіртің қимылы бізге байқалмай қалмады. Манағы еркіндік те ұшты-күйлі жоғалған.
Мен Гадоға қарап екі саусағымды тамағыма тіредім. Бұл лагерьде «вилы», қауіп-қатер дегенді білдіретін ишара. Қыздың бізге үлкен кедергі, кесапат келтіретіндігін ыммен білдірдім.
Бөлмедегі жағдайды манадан бері көріп тұрған Гадоның өзі де мен айтпай-ақ барлығын ұқса керек, үнсіз бас изеді.
Бойжеткеннің әлде неден күдік алғаны сөзсіз еді. Біріншіден, оның көршісіне қарағанда біз ішпеген адамдай сап-саумыз. Екіншіден ол бізді бұл пәтерде бұрын-соңды кездестірген емес. Үшіншіден, Гадоның бет пішіні. Оның орыс еместігі бесенеден белгілі еді. Егер бойжеткен біз сияқты манағы хабарларды көрген болса, біздің кім екенімізді айтпай-ақ біліп тұр. Ойлануға уақыт жоқ. Қыз іздеген нәрсесін
тауып, кеткелі жатыр. Ол кетті дегенше…
Аударған Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
(Жалғасы бар).