Павел СТОВБЧАТЫЙ
(Детектив)
І. Қашу
(Романда сипатталған оқиғалар автордың ойынан шыққан дүниелер және ықтимал сәйкестіктер болуы – кездейсоқтық).
Мен қашу туралы ешқашан ойлаған емес едім. Бірақ, сол күні маған бірдеңе қатты әсер еткендей болды. Бәлкім көктемнің келгені ме, әлде Гадоның сөздері ме көңілімді астаң-кестең еткен. Тәжік майда дауысымен сөздің мәйегін тамыза сөйлейді. Оның қоңыр дауысы тыңдаушыларын өзіне ұйытып алады. Оны тыңдай бергің келеді. Мен де оны тыңдап отырып, ішкі жан дүниемде әлде бір өзгерістің болып жатқанын аңғардым.
Біз бір бірімізді сегіз жылдан бері білеміз. Бірақ, онымен дәл бүгінгідей жақын сырласпаған екем. Ол өзінің азияттықтарымен, мен өзімнің самаралықтарыммен ғана араласатынбыз. Тіпті оның шын есімінің кім екенін де білмейді екенмін. Есімі тым ұзақ болғандықтан мұндағылар оны Годоев деген тегіне лайықтап Гадо деп атап кеткен. Онымен бір-екі рет карта ойнағанда кездескенім бар. Менен алты жастай үлкен және отырғанына он төрт жылдай болып қалған еді.
Негізі, екеуміздің де екі-екіден лагерлік «довескамыз» бар. Екеуміз де жаңа мыңжылдықта ғана бостандыққа шығамыз. Қазір тоқсан алтыншы жыл екенін ескерсек, бір ғана бостандық туралы ойдан кез келген адамның ақыл-есі ауысып кетер еді. Гадо қолдан «ствол» жасаудың да шебері. Бірақ, қазір оны қойған. Өйткені осы «өнертапқыштығы» үшін қыста екі рет алты айдан БУР-да отырып шықты. Енді қайталаса оңбасын ол біледі.
Оның маған жасаған ұсынысынан жүз пайыздық «вышканың» иісі аңқып тұр. Алайда, далада Оралдың кеш келетін көктемі көңіл қытықтайды. Ал, алдымда әлі тар қапастың тоғыз жылы тұр. Менің жазам ешқандай қысқартуға да, амнистияға да жатпайтын еді. Егер бәрі дұрыс болса, мына қапастан қырық үш жасымда ғана бостандыққа шығуым керек. Егер аман болсам… Гадо да сұңғыла ғой. Осының бәрін ойластыра келіп, таңдауы маған түскен сияқты. Бірақ, неге мен? Сірә, ол мені әбден зерделеп, зерттеген сияқты. Мен екінші рет әлде бір кеудемсоқ менттің кесірінен жеті жылға кесілген едім. Жексұрын неме менің соңыма шам алып түскендей болды. Қит етсе болды ШИЗО-ға сүйрейтін. Әбден қалжыратты. Шыдамның да шегі бар емес пе. Төзімім таусылғаН бір сәтте әлгі нақұрысты кірпіштің сынығымен жақтан отырғыздым. Жаңғақ шағылғандай «шарт» етіп жағы сынып кетті.
Гадо ойлануға да мұрша бермеді. Бірден жауап беруімді талап етті. Өзі бәріп ойлап, пішіп қойыпты. Бәрі дайын, «ствол» да әзірлеп қойған. Менен бөлек тағы екі адаммен келісіп те қойыпты. Оның әңгімесінен ұққаным, сақшыны мен де емес, ол да емес өзге бір сенімді адам атады екен. Бұл егер операция сәтсіздікке ұшырап, қолға түсіп қалатындай болсақ, біздің жазамызды жеңілдетудің бір жолы. Бірақ, дәл қазіргі жағдайда біздің әрекетіміздің жазасы – ату. Өйткені, біз қаруланған қашқындармыз.
Жалпы, бұл Гадоның үшінші қашуы. Алғашқы екеуі сәтсіз аяқталып, жылына жыл қосып алған еді. Екінші рет ол зонаға келе жатқан жерінде сытылып шыққы. Бұл Калинин қаласында болды. Зектар қамалған вагон он екі сағат тұйықта тұрғанда Гадо айдауылды жұдырықпен бір ұрып естен тандырады да, әжетхана терезесінің торын жұлып алып, сыртқа бір-ақ ырғыйды…
Ол кезде Гадо қазіргідей орысша шешен сөйлей алмайтын. Акценті көп еді. Оның үстіне түр-әлпеті де анадайдан «азиат» деп айқайлап тұр. Осының салдарынан ол бостандықта бар-жоғы төрт-ақ күн жүрді. Бірақ, тәжік бірбеткей, рухы мықты жан. Маған ол оқтан да, оттан да қорықпайтын сияқты көрінді. «Егер қолға түсіп қалсақ ,сотқа жетпейміз, не атып тастайды, не иттерге талатып итөліммен құртады» деп едім, тәжік мұнымды шыбын шаққандай көрмеді. Бар-жоғы суық жымиды да қойды.
Оның өз ойлағанына жетпей қоймайтын осы қайсарлығы менің күмәнімді сейілтіп, соңғы нүктені қоюыма сеп болды. Мен аздап ырымшыл едім. Тағдырға сенетінмін. Гадо да мені сол «тағдырмен» қыспаққа алды. Әлде бір туысқан болып келетін кәрі бабай кезінде оған түрмеден үш рет қашатынын, үшінші қашуы сәтті болатынын айтыпты. Мұны туысқаны Гадо ең алғаш зергерлік дүкенді тонап сотталғаннан кейін айтса керек. Мен одан осы айтқандарының бәрі рас екенін Алланың атын айтып ант-су ішуін сұрадым. Ол менен көзін тайдырмай тұрып ант-су ішті.
«Мүмкін бұл менің мына азапты өмірден құтылуымының жалғыз жолы шығар», деп ойладым. Бостандық дегеннің қандай құдіретті дүние екенін ұғып тұрмын. Оған жетудің жолы қиын, қауіпті екенін ішім сезеді. Түрмеде өтейтін он екі жылымды аман-сау отырып шығуыма сенімім де жоқ. Әлде бір құдірет пен үкіметтің маған жеңілдік жасарына сену ақымақтық. Гадоның туған жерінде азын-аулақ ақша мен қымбат бұйымдары бар екен. Тәжікстанға табанымыз бір тисе бәрінен құтылатын сияқтымыз.
Аударған ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
(Жалғасы бар).