Сотталушы Акбар 40 жаста, үйленбеген, білімі – арнаулы орта. Ол бір аптаның ішінде 4 бірдей заңға қайшы қылмыстық әрекетке барған. Атап айтқанда, әйел зорлаған және ол жәбірленушіні қасақана өлтірген, сондай-ақ 2 рет ұрлық жасаған, яғни бөтеннің ірі көлемдегі мүлкін жасырын жымқырған.
Сейсенбі, сағат 17:50 шамасы. Акбар Қарағанды қаласындағы көп қабатты үйдегі Н. есімді әйелдің пәтерінде, бірге ішімдік ішкен оның құрбысы В. сыртқа шығып кетіп, әйелмен оңаша қалған сәтті пайдаланып, арам ойын жүзеге асырады. Н.-ның жанұшыра қарсыласқанына қарамастан күш қолдана отырып, онымен жыныстық қатынасқа түседі.
Сонымен қатар, Н.-ны зорлау кезінде ойына келген қылмыстық әрекетін жүзеге асыру мақсатында Акбар әйелдің бетіне, мұрнына және жағына бағыттап оң қолымен 3-4 мәрте соққы жасайды. Ауыр соққыдан әйелдің мұрны сынады. Н.-ның демалысы ауырлап, мұрнынан қан кетеді. Сотталушы көздеген қылмысты әрекетін жүзеге асыру мақсатында қолына түскен шүберекті алады да Н.-ның көмекейіне күштеп бойлай тығады. Н. тұншыға бастаған соң жанталасып аузындағы шүберекті шығарып тастауға әрекеттенеді. Алайда Акбар оны қалайда өлтіру мақсатында көмекейіндегі шүберекті шығарып тастамайтындай етіп скотчпен оның аузы-басын орап тастайды. Н.-ның қолдары мен аяқтарын қосарлап скотчпен байлайды. Сосын үстел үстіндегі сыйымдылығы 0,5 литрлік «Жемчужина» маркалы виноның бос шишасын алады да онымен Н.-ның басынан әдейілеп ұрады. Жәбірленуші бұл ауыр соққыдан есінен танып қалады. Сәлден соң демі таусылады.
Бейсенбі, таңғы сағат 06:00. Акбар әйелді зорлап, одан соң оны өлтірген күні кештете өзінің бұрынғы танысы П.-ның саяжайдағы үйіне келіп қонып, таңертең ертелете тұрысымен өзінің жеке заттарын жинастырып жатқан сәті болатын. Үй иесі П.-ның үстел үстінде жатқан ұялы телефонына көзі түседі. Оны ұрлап алуға көңілі ауады. П. да ұйқыдан оянып, өзімен қабат тұрған еді. Иесінің өз ісімен әуре болып, мұның әрекетін назарынан тыс қалдырғанын пайдаланып, оның қара түсті телефонын жымқырып кетеді. Сөйтіп, П.-ға 130 мың теңге шығын келтіреді.
Акбар ізін суыту үшін жолға шығады. Қала сыртындағы жақын маңдағы ауылдарға қатынайтын әлдебір жолаушылар автобусына мінеді. Сол автобус ішінде бұрын-соңды жүздеспеген Т.-мен танысады. Ол Ақбастау ауылындағы шаруа қожалығының иесі екен. Жаңа танысы Акбарға өз шаруашылығында жұмыс істеуді ұсынады. Акбар оның өтінішін қуана қабылдайды. Сөйтіп қол еңбегімен айналысуға Т.-ға жалданады.
Сенбі, сағат 15:00 шамасы. Акбар әлгі шаруа қожалығында болған екі күн ішінде көзіне түскен бағалы заттарды қолды етуге бел буады. Қожалық иесі мен оның малшыларының үйде болмаған ұрымтал кезін пайдаланып, қымбат ұялы телефонды, «ГАЗ-66» маркалы автомашинаның құжаттары салынған қоңыр түсті әмиянды және екі дүрбіні ұрлайды. Осылайша Т.-ны жалпы сомасы 165 мың теңгеге шығынға батырып, қылмыс жасаған жерінен қашып кетіп қалады.
Сот алқабилердің қатысуымен сотталушы Акбарға жаза тағайындау кезінде оның жеке басын және қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесін саралады. Қасақана жасаған қылмыстарының бірі аса ауыр қылмыс болып табылатындығы ескерілді. Сотталушы Акбар бұдан бұрын да қылмыстық жазаға тартылған. Сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 1-бөлігінде көзделген ұрлық жасағандығына, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқырғандығына орай оның бас бостандығын 1 жыл 6 айға шектеген. Алайда бұл жаза мерзімі Акбарға қатысты соңғы қылмыстық іс қозғалған сәтте толық өтелмеген. Мұның өзі сотталушының жеке басын сипаттайды.
Жоғарыда аталған жайттарды саралай келіп, сот алқа билердің қатысуымен жаза тағайындау қағидаларын, дәлірек айтқанда, сотталушы Акбардың бұған дейін де қылмыс жасағандығын, қылмысты қауіпті қайталағандығын және қылмыстық құқық бұзушылығының ауырлығын ескере отырып, сотталушыға қоғамнан оқшаулау түрінде жаза қолдану қажет деген тұжырымға келеді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 46-бабы 5-бөлігі 3-тармағына сәйкес ол жаза мерзімін өтейтін қылмыстық-атқару жүйесінің түрін белгілеу кезінде қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесі таңдалды.
Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты сотқа Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабы 1-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігі 10-тармағы, 188-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша берілген сотталушы Акбарға қатысты істі қарай келіп, осы баптарда көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Сот Қылмыстық кодекстің қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша жаза тағайындау атап көрсетілген 58-баптың 4-бөлігіне сәйкес сотталушы Акбарға бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жазаны 18 жыл мерзімге тағайындауға үкім етті.
Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 60-бабына сәйкес Акбардың бұрынғы сотталғандағы шығарылған үкімде тағайындалған жазаны толық өтемей тұрып жаңадан қылмыстық құқық бұзушылық жасағандығына орай соттың алдыңғы үкімі бойынша өтелмеген 6 ай бөлігін қоса отырып, түпкілікті жаза мерзімін үкімдер жиынтығы бойынша 18 жыл 6 айға тағайындады.
Сот үкімі бойынша Қылмыстық кодекстің 91-бабы 1-бөлігі 4-тармағына және 98-баптың 2-тармағына сәйкес сотталған Акбардың қылмыстық құқық бұзушылықтарды спирттік ішімдік ішіп алып жасағандығына байланысты ол алкоголизмнен емдеуге мұқтаж деп танылды, бас бостандығын айыруды өтеу орнында медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары орындалуға тиісті болды.
Сотталған Акбардан жәбірленуші А.-ның 5 миллион теңге моральдық залал өндіріп алу туралы талап-арызы толығымен қанағаттандырылды.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.