Облыс орталығы – Жезқазғанда биыл ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Соның бір парасы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС мен облыс әкімдігі арасындағы меморандум аясында атқарылуда. Осы екі жақты меморандум негізінде қолға алынған жұмыстардың алды сәтті аяқталып, қолданысқа берілуде.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС бастамасымен және қаржылай көмегімен қаламыздағы көрікті жерлердің бірі саналатын бұрынғы «Металлургтер алаңы» заманауи үлгіде қайта жаңартылып, «Қаныш Сәтбаев алаңы» атауымен қолданысқа берілді.
Алаңның ашылу салтанатына «Қазақмыс» корпорациясының Басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриев пен Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов қатысып, жұртшылықты Халықаралық балалар күнімен және осы мереке күні пайдалануға берілген алаңның ашылуымен құттықтады.
– Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық және Жезқазған қаласының 70 жылдық мерейтойларына лайықты сый әзірлеу үшін біз «Металлургтер алаңын» жаңғыртуды қолға алған едік. Биыл осы жұмыс сәтті аяқталып, елдің игілігіне беріліп отыр. Аталмыш алаңды академиктің құрметіне «Қаныш Сәтбаев алаңы» деп атауды жөн көрдік. Міне, осы көрнекті алаң балаларды қорғау күні қарсаңында ашылып отыр. Қос мереке, қос қуаныш құтты болсын, – деді Нұрахмет Қанатұлы өз сөзінде.
Орайы келгенде айта кетейік, алаңды жаңғырту жұмыстарын «Тансу констракшн» ЖШС жүргізді. Жаңа алаңда құрғақ фонтан, Серке Қожамқұлов театрына қарама-қарсы амфитеатр, балалар ойын алаңы, тынығуға арналған орындар қарастырылған. Одан бөлек, көгалдандыру, жарықтандыру жұмыстары атқарылды.
Іс-шара 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне арналған мерекелік концертпен жалғасты.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ