Орта мектептің 9-сыныбын бітіргеннен кейін одан әрі оқуы-тоқуы болмаған Екатерина адам өлтіруге оқталып, төсекте жатқан жәбірленушіге бірнеше дүркін пышақ жұмсаған қылмыстық әрекетіне орай сотталды. Оның істі болуы бұл бірінші рет емес еді…
Екатеринаға қатысты қылмыстық істі қараған Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының отырысында мәлім болғандай, сотталушының тағдыры аянышты-ақ. 12 жасынан бастап балалар үйінде тәрбиеленуге мәжбүр болады. 15 жасында ол жерден қашып кетеді. Сөйтіп Екатеринаның осыдан бастап қаңғыбастық өмірі басталады. Не тұрғылықты тұратын жері болмайды. Еш жерде не жұмыс істеп жарытпайды. Көшеде қол жайып, қайыршылыққа бой ұрады. Буыны бекімей жатып тағдыр тәлкегіне түскен Екатерина ішімдікке салынады. Өзі тәріздес маскүнемдермен бірге жүреді.
Ол отыз жасқа толған туған күні қараша айының 11-інде қылмыс жасады. Сол күні кейінгі уақытта ажырамас серіктеріне айналған Айротпен және Арманмен таңертең кешегіден қалған спирттік ішімдікпен «бас жазады». Олары аздау болып, туған күнді одан әрі тойламақ ниетпен кеше ғана «олжалаған» керуетті металл қалдығы ретінде өткізбекке аттанды. Қайбір той тойлауды ниеттенді дейсің, олар үшін бұл күнделікті үйреншікті жайтеді.
Айрот, Арман және Екатерина үшеуі керуетті өткізіп тапқан тиын-тебенге әрқайсысы 0,7 литрлік 5 бөтелке вино сатып алып келгенде оларды екі жігіт күтіп отыр екен. Қыз бұл жігіттерді бұрын-соңды көрмеген еді. Жаңа таныстары Нұрлан және Виктормен қосылып бесеуі орталарына алған бес бөтелкені бірінен соң бірін босатқан. Одан кейін дүкенге және барып келген.
Екатерина отырыс қызған бір сәтте Арманға Нұрланның үстінен шағым-
данды:
– Сендер сыртқа шығып кеткенде үйде Нұрланмен екеуіміз ғана қалып едік қой. Жігіт сонда маған қол жүгіртті, құшақтап сүймек болды. «Сен маған ұнайсың», – деді. Маған жыныстық қатынас жасау ниетін білдірді, – деп қыз сөз қозғайды.
Қыздың бұл айтқаны Арманның қызғанышын оятты. Ол сол мезет Нұрланға тарпа бас салып, жұдырық ала жүгіреді. Жоқ жерде таяқ жеген Нұрлан ұйықтап жатқан Виктордың қасына барып құлайды.
Екатерина сот отырысында жауап беру сәтінде жаңа танысы Нұрланға не үшін кектенгенін ашып айтып бере алмады. Әйтеуір өзіне оның сөзі де, іс-әрекеті де еш ұнамағанын айтты. Әрбір қылығы жынына тиіп, жаны нәзік қыздың оған деген ашу-ызасыбойынбилейді. Ақырыөзін-өзі ұстай алмаған қыз ас үйге барып пышақты алады да, шалқасынан жатқан Нұрланның ішіне бірнеше мәрте пышақ салады…
Аяусыз соққылардан онсыз да ауыр жарақаталған Нұрлан есінен танып қалады. Алайда Екатеринаның оны өлтіруге бағытталған ойы ақырына дейін жүзеге аспайды. Айроттың қыздың қолын шұғыл қағуының және медициналық жедел жәрдем көмегінің арқасында жәбірленуші Нұрлан тірі қалады.
Сот отырысында берген жауабында жәбірленуші Нұрлан сол күнгі оқиғаны егжей-тегжейлі айтып берді. Таңертеңгілік танысы Виктор екеуі металл қалдығын өткізуге барған. Сол жерде Арман және Айрот есімді екі жігітпен танысады. Олар бұл екеуін өздерінің баспанасына шақырады. Сөйтіп сол жерде кездесуге сөз байласады.
Олар айтқан мекенжайға келіп, Айрот пен Арманның жанында Катя есімді әйел бар, бесеуі ішімдік ішуге кіріскен. Катяның туған күні екен, оны құттықтап, тілектерін айтқан. Отырыс қызған бір сәтте аналар Виктормен сөзге келіп қалды. Сол жерде Арман мен Айрот жабылып Викторды соққыға жықты. Таяқ жеген әрі мас Виктор матрац үстіне құлады да ұйықтап кетті.
Нұрлан серігін қалдырып, сыртқа шыққан.Үйіне кетпек болып бара жатқан. Арман өзін қуып жетті де, қайта қайтуға мәжбүрледі. Қайтып келген бете жұдырығымен басынан, бетінен соққылай бастады. Қалтасынан 600 теңгенісыпырыпалды. Ұялытелефонын да алыпқойды. Телефонының кодын сұраған еді, оны айтпаған соң тағы да ұрғылай бастады. Ауыр соққылардан талып қалады. Есін бір жиған сәтте өзін Арман мен Айрот сүйреп, ұйықтап жатқан Виктордың жанына жатқызып жатқанын аңғарады.
Ауыр соққылардан көзі ашылмай қалған еді. Әйтсе де қолында пышағы бар Екатеринаның өзіне төніп келгенін көріп қалды. Сол сәт «өшіңді ал» деген ер адамның дауысын құлағы шалған. Сол-ақ екен қыз ішіне пышақты сұғып-сұғып алды. Сосын не болғанын білмейді, естен таныпты. Осының бәрін сөз еткен жәбірленуші Нұрлан соттан Екатеринаны жазаламауды сұрады. Мастықпен істеген оның әрекетін кешіретінін айтты. Өзінің Екатеринаға қол жүгірткенін, сөз салғанын білмейтінін, мүмкін масс болып қалғандықтан қыз айтсаа йтқандай, сондай өрескел әрекетке барған шығармын деген уәж білдірді.
Сот қылмыстық іс бойынша жиналған деректер мен сот отырысында мәлім болған айғақтарды зерттеп, саралай келіп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы сотталушының іс-әрекетіне дұрыс құқықтық баға берген, оның іс-әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігінде көзделген адам өлтіру, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату дұрыс дәрежеленген деп есептейді. Сондай-ақ сотталушы Екатеринаның әрекеттері қылмыс жасауға тура бағытталған, тікелей пиғылмен жасалса да сотталушыға байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейін жеткізілмеген, яғни жәбірленуші өлімі орын алмаған.
Сотталушыға жаза тағайындау кезінде Қылмыстық кодекстің 52-бабын басшылыққа ала отырып, яғни қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесі, кінәлі адамның жеке басы, оның ішінде құқық бұзушылық жасағанға дейінгі және одан кейінгі оның мінез-құлқы, жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар, сондай-ақ тағайындалған жазаның сотталған адамның түзелуіне ықпалы ескерілді.
Сот істі қарау барысында анықтағандай, сотталушы Екатерина еш жерде жұмыс істемейді, қаңғыбастық күй кешкен. Сонымен қатар бұрын әкімшілік жауапқа тартылған. Атап айтқанда, сот үкімімен жәбірленушінің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеуге жазаланған болатын.
Сот осы мән-жайларды ескере отырып, сотталушы Екатеринаға бас бостандығынан айыруға жаза тағайындау қажет деп есептейді. Сонымен қатар қылмыстық құқық бұзушылық жасаған сипатын қарай келіп, сотталушыны алкоголизмнен мәжбүрлеп емдеуге мұқтаж деп таниды.
Сот үкімімен Екатеринаға түпкілікті жаза тұрғысында 9 жыл мерзімге бас бостандығын айыру жазасы тағайындалып, бұл жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеу белгіленді.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.