Жыл сайын елімізде 28 маусым – БАҚ қызметкерлерінің күні ретінде атап өтіледі. Қоғамда орын алып жатқан жаңалықтарды халық қажеткізу жолында тер төгіп жүрген сала мамандарын ұлықтау шарасы биылғы жылы да жалғасын тапты.
«Amanat» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалы, «КәсіпҚорған» кәсіподағы басшылығы мен кәсіподақтың Жезқазған филиалы, «JastarBolashaq» Жастар одағы аймақтағы БАҚ өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.
«Мысты өңір» газетінің ұжымына арнайы келген «Amanat» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалының өкілі Әлия Өксікбаева құттықтауын жеткізе келіп, журналистика саласының ардагерлері Амандық Рахұлына, Әлібе кӘбдіраш пен Шахмұрат Ибадатовқа филиалдың атқарушы хатшысы атынан Алғыс хат пен ақшалай сыйақы табыстады. «КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалы төрағасының орынбасары Сержан Жақсыбеков өндіріс пен өңірдің тыныс-тіршілігін қатар қамтып отырған басылымның алдағы еңбегіне жеміс тілей келіп, «Мысты өңір» газеті редакциясы» ЖШС директоры әрі редакторы, кәсіби мерекеде Қазақстанның Құрметті журналисі атағын иеленген Төлеш Асановты, аға тілші Бағдат Қазкеновті филиал төрағасының Құрмет грамотасымен және ақшалай сыйақымен марапаттады.
Бүгінде іргелі ұйымға айналып, қанатын кеңге жайған «Қазақмыс Холдинг» ЖШС еңбеккерлерінің «JastarBolashaq» Жастар одағының газетпен арадағы байланысы жүйелі түрде қалыптасқан. Сондықтан жастар ұйымы өндірістік басылымның қызметкерлерін биыл да марапаттап, құрметтің үлгісін көрсетті. Газеттің дизайнері Гүлиза Ақышева мен газет таратушы Кенжекүл Қамбасова Жастар одағының марапатына ие болды.
Жылына бір келетін кәсіби мерекеде аталмыш ұйымдар қалам иелерінің мәртебесін осылайша өсіріп, шабыттандырды.
Бағдат АЙТӨРЕ.