Тоқтар ӘУБӘКІРОВ!
Кеңес Одағының Батыры!
Қазақстанның Халық Қаһарманы!
Ең бастысы, ол – тұтас Түркі жұртының, исі мұсылман әлемінің мынау жұтаңдау жалғанға тазалықтың нышаны, намыстың наркескені болып келген, Алаштың айбарын қайта қанаттандырып, ұлтының рухын заңғар көкке самғатқан Қазақтың Тұңғыш Ғарышкері!
Таяуда Тоқтар ағама телефон шалдым. Ойым – сұхбат алу. Көкейде: «Келісе ме, келіспей ме?» деген күдік көлденең тұр. «Шешінген судан тайынбастың» керін келтіріп: «Жезқазған жағында «Мысты өңір» деген апталық газет бар. Одан тыс Балқаш, Қаражал, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау, Жаңаарқа аудандарына, Қызылорда, Түркістан облыстарына 6250 данамен тарайды. Негізгі оқырмандары – кеншілер, байытушылар мен металлургтер» деп төпелеп жатырмын.
Келісті! Көңіл орнықты.
Сонымен,..
Туған топырақ. Ғарышқа сапар.
– Тоқтар аға, әңгіменің әлқисасын туған топырақтан тамырлатсақ…
– Мен Қарқаралы ауданындағы бұрынғы – Бірінші Май, бүгінгі Мартбек Мамыраев атындағы шағын ауылдың тумасымын. Ата-анамнан жастай жетім қалып, Теміртау қаласында жездем мен апамның қолында ер жеттім. Мектептен кейін 1962-1965 жылдары Теміртау құю-механикалық зауытында токарь болып, 1964 жылы есімім облыстың «Құрмет кітабына» алтын әріппен жазылды.
– Ұшқыш болуды бала кезден армандадыңыз ба?
– Журналистер осы сауалды қоюдан жалықпайды екен?! (бір сәт күліп алды). Олай десем, артық болар. Бала күнімде ауылға жеңіл ұшақ жиі қонатын. Балалар келуін күтіп тұрып, таласа-тармаса ішіне отырып алатынбыз. Ауыл баласына бұдан асқан арман жоқ еді. Ұшқыш болуға аңсарым сол кезден ауа бастады. Ұлы Отан соғысында ерен ерлік көрсеткен Нұркен Әбдіров, Талғат Бигельдинов сынды қазақ батырларын жақын білген сайын арманым мақсатқа ұласты.
Бүгінде бір нәрсеге көзім анық жетті – алдыңа айқын мақсат қоймасаң, өмір бойы адасып өтесің. Жұмыс істеп жүргенде, ең алдымен, бос уақытымда аэроклуб үйірмесіне қатыстым, парашютпен секіруге әуестендім. Ақыры Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесіне түстім. Оны тәмамдап, Қиыр Шығыста, Амурдағы-Комсомольскіде әскери борышымды өтедім. «СУ-15» ұшағын меңгеріп, Қиыр Шығыстың «Ең үздік ұшқышы» атандым.
Кеңес Одағы Әскери-әуе күштері Қиыр-Шығыс әскери округінде ұшқыш, звено командирі, эскадрилья командирінің орынбасары болдым. Мәскеу ұшқыштар-сынақшылар мектебін, Мәскеу авиация институтын бітіріп алдым. Мәскеудегі А. Микоян атындағы Тәжірибелік-конструкторлық бюроның ұшқыш-сынақшысы болдым.
КСРО тарихында тұңғыш рет жерге қонбай, әуеде ұшаққа екі мәрте жанармай құйдыру арқылы Солтүстік полюске ұшу сапарын жүзеге асырдым. 250 шақырымдық жылдамдықпен ұшқан реактивті ұшақты авиакрейсердің палубасына дәл қондырдым. Реактивті ұшақтың 50-ге жуық жаңа түрін сынақтан өткізуге қатыстым. Рас, қорқынышты болды. Бірақ, бойдағы намыс босаңсытпады. Айтайын дегенім, осының бәрін қазақ баласы жасады. «Қазақтың қолынан техника тізгіндеу келмейді» дейтіндердің аузына құм құйылды.
– Төлқұжатпен түйіндесек, туған жылыңыз бен ай-күніңіз: 1946 жылғы шілденің 27 жұлдызы. Бірақ, Сіз: «Туған күнім – 1991 жылдың 2 қазаны дейді екен» дегенді құлағым шалып қалды…
– Оның рас! Мен қазағым үшін қызмет етуге жарап, қазағымның ғасырлар бойы арманы болған Азаттығы жолында басымды бәйгеге тіккен күнімді, жылдар бойы арманы болған ғарыш сапарына елімнің ақ тілеулі батасымен ұшқан күнімді өзімнің туған күнім деп есептеймін!
– Өзіңіз бастап кеттіңіз, ендеше ғарыш тақырыбына ойысайық…
– Мен 1990 жылы ғарышкерлер құрамына алындым. 1991 жылы 2 сәуірде Ғарышкерлер даярлау орталығында дайындыққа кірісіп, сол жылы 2 қазанда Александр Волковтың басшылығымен Аустрия ғарышкері Франц Фибок және мен Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұштық. Ғарыш кемесі жер төңірегіндегі «Мир» орбиталық кешенімен түйісті. Онда биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зертеу жұмысын жүргіздік. Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу үдерісі, сол зиянды аэрозолдың Қазақстан мен Ресей аймағына таралуын ғарыштық суретке түсірдік. Сондай-ақ, Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды аспанды астрофизикалық бақылау жұмысы ойдағыдай өтті. Ғарышта 7 күн 22 сағат 13 минут уақыт болдық. 10 қазанда Анатолий Арцебарский, Франц Фибок және мен Жерге оралдық.
– Айтпақшы, Сіз «Түркияның тұңғыш ғарышкері» екеніңізді екінің бірі біле бермейді…
– Мәселенің мәнісі мынада: сексенінші жылдардың ортасынан ауғанда Түркияда «Жаңа ғасыр – миллениумға үндеу» науқаны өтеді. Оған 12 мыңдай хат жазылыпты. Арасында Ататүріктен бастап түркі әлемінің барлық атақты ұл-қызына арналған хат бар. Соның бірін ыстамбұлдық 4-сынып оқушысы Байрам Кая 1987 жылы 21 қазанда түріктен шыққан болашақ тұңғыш ғарышкерге арнапты. Ол: «…тек Сіздің арқаңызда түркі халқының көп жылғы арманы, Түркияның тұңғыш Президенті К. Ататүріктің болашақ – авиация мен ғарыштың еншісінде деген ұлы арманы орындалды» деп жазыпты. Бұл беделді комиссияға ұнайды. Сол күнді ерекше күтеді. Бірақ, түрік халқынан ғарышкер шықпады. Содан соң комиссия әлемді назарға алып, түрік халқы мені таңдайды. Анкараға шақырып, өте үлкен жиын өтті. Маған Ататүріктің өзі салған үлкен марка тапсырылды. «Сіз Түркияның тұңғыш ғарышкерісіз!» деп құрмет көрсетті.
– Ал, ғарышқа ұшқан алғашқы сәт есіңізде ме?
– Бұл менің бүкіл қазақтың намысы екенімді мықтап ұққан күнім еді!.. Оны ұмыту мүмкін бе?! Бәрі күні кешегідей… Елбасыға қазақша: «Сапарға дайынмын!» деп рапорт бергенімді білемін. Бір кезде санау басталып кетті. Ұшуға шамамен 1 минут қалды. Зымыранға отырдық, есіктің бәрін дұрыстап бекітіп, жауып тастады. Юрий Гагариннің ғарышкерлер арасындағы жазылмаған атақты «қағидасымен» командирім: «Поехали!» дегенде, мен сол «дәстүрді» бұзып, қазақшаға тілім келіңкіремей қиналып айтқаным: «Ал, қазағым, сен үшін жануға да, ұшуға да дайынмын!». Бұның бәрі таспаға түскен.
Тіл туралы. Отанға оралу.
– Тіліңіздің төселіп қалғанына қарағанда, олай ойлау әбестік көрінеді екен…
– Солай көрінуі мүмкін. Бірақ, бәрі бірден бола қойған жоқ. Жасөспірім шағым Компартияның қылышынан қан тамған қысылтаяң шаққа дөп келді. Интернационализм ұраны жер жарып тұрған кезең. Орыс тілінде сөйлеу сәнге айналып, жастардың дені ана тілінде амандасудан әріге аса алмайтын деңгейге жетті. Соның сапында мен де бармын. Заман сондай болды. Білім алған жер, араласқан орыс тілді орта қазақ тілінің өрісін тарылтты.
Авиация саласындағы қызметімді орыс тілді қазақ болып бастадым. Бертінге дейін солай болды. Басында қазақша дұрыс сөйлей алмайтынмын. Амандасып, әрі қарай өзге тілде шүлдірлеп кететінмін. Кейін үлкен аға-апаларымнан орынды сын естідім. Содан соң санама саңылау түсіп: «Мен неге өз тілімде сайрап тұрмаймын?» деп, өзімді-өзім қамшыладым.
Кейде, сол күйі қазақ тілін үйренбей кетсем де, төбесіне көтеріп, әспеттеген елім өкпелемей қоймас еді, деп те ойлаймын. Халықтың құрметі мен қошеметі керемет қой! Әйтсе де, туған ұлтыма қазіргідей етене жақын бола аламын ба? Қаны қазақ болса да, тілі бөгде жанды жатсынып тұратынымыз жасырын емес. Өйткені, ондайлардың бойында ұлттық сана мен намыс, рух болмайды.
Әрине, тілді үйренемін деп ниеттену бір бөлек те, оны орындау мүлдем басқа әңгіме. Қазақша үйренем деген талайдың уәдесін естіп, нәтижесін көрмей келдік қой. Алдымен өзіме серт бердім және сол сөзімде тұрдым. Арнайы ұстаз жалдап, әріп ежіктеп отырмадым. Ана тілі құлағыма әннің әуезімен құйылып, алпыс екі тамырыма тарады. Құпиямды айтайын: мен тiлді қазақи ән-жыр тыңдау арқылы үйрендiм.
Шынтуайтында, менде намыс болмаса, Ана тілімді үйренбес едiм. Әсіресе, кейiнгi жастарға: «Негізі жігіттің негізі қасиеті – намыс!» дегенді жиі айтып жүремін. Орысша да, ағылшынша да үйренсiн, бiрақ, ең бiрiнші қазақ тiлiн – өз Ана тiлiн міндетті түрде бiлсін! «Маған қазақша керегі жоқ, орысша сөйлей беремiн» дегенді көп кездестiрдiм. Жарайды, солай-ақ iстесiн. Бiрақ, олар бойдағы намыс – ұлттық болмыстың сақтаушысы екенін ойламайды.
Тектілік қанмен беріледі. Әкесі орыс тілді болған соң одан туған баланың да тілі шұбарланып кетуі – заңды құбылыс. Менің екі ұлым да әу баста орыс тілді болған. Өзім қазақылыққа бет бұрған соң, олардан да соны талап еттім, үйреттім. Ресейде өмірге келген ұларымның қазақы тәлім алуы үшін әрқилы тәсілге бардым. Әуелі, қазақша ән-күй тыңдаттым. Мына құдіретті қара, кенжем де қазақша әнге әуес болып шықты.
Алғашында қазақша тәрбиелеу қиынға соқты. Себебі, өзім орысша ойлайтын едім. Әке тәрбиесі – қазақылықтың қазығы. Ұлттың болмысын, бөлек ел екенін көрсететін басты белгі – тілі. Ел алдында жүрген азаматтардың бойында намыс болуы тиіс. Сол кезде ғана тіл мәселесі түбегейлі шешіледі. Өкінішке орай, тіл мәселесі көтерілгенде ұятты болып қалатын сәт жиі кездеседі. Ондайда, «Шіркін, бойында намыстың ұшқыны болса ғой?» деп еріксіз ойлайсың. Кейде батырып айтып та жіберемін.
– Тоқсаныншы жылдардың басында, ғарыш сапарынан кейін Отанға оралдыңыз…
– Қайда жүрсем де Қазақ қоғамына қол ұшын беруге, елге пайдамды тигізуге тырыстым. Қазақстандағы ғарыштық зерттеудің негізін қалауға, отандық Қарулы Күштердің әскери дайындығын жетілдіруге, партриоттық тәрбие жұмысын жолға қоюға белсене араластым. Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, Ұлттық Аэроғарыштық агенттігінің бас директоры, Ғылым және жаңа технология министрінің орынбасары, Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары, тіпті Президенттің көмекшісі де, кеңесшісі де болдым.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ХІІ және ХІІІ, ҚР Парламенті Мәжілісінің ІІІ шақырылымында депутаттыққа сайландым. Елдің көкейіндегі сөзді айтуға, қоғамда қордаланған мәселені көтеруге күш салдым. Ешкімнің көңіліне, бет-жүзіне қараған емеспін. Бірақ, мен мандатын иеленген үш шақырылым да өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатып, кезектен тыс сайлау өткізілді. Сосын «Тағы түссем, тағы да тарап кетер» деп оны біржола қойдым (күлді).
– Қазақстанның қазіргі ғарыш саласы туралы пікіріңіз…
– Көңілім толады. Бастысы – Қазақстан ғарыштық мемлекеттер санатына кiрдi. Халықаралық қауымдастық технологиясы дамыған ел ретiнде қабылдады. Америка мен Еуропаның ескi, тұрпайы көзқарасы өзгердi. Өзiмiз өз бетiмiзбен ғарышты зерттей бастадық.
Батыста «ортақ ғарышты зерттеу орталығы» деген бар. Біз де «Ортазиялық орталық» құруымыз керек. Кейде «Ғарыш орталығы зиянды» деген сипаттағы сөзді естіп қаламын. Бір жәйтті мықтап есте ұстау керек. Ғарыш, бұл – жаңа технология. Ол күнде өсіп, өзгеріп тұрады. Қазақстанда жасалып жатқан ғарыш саласындағы барлық қызметті мен екі қолымды көтеріп қолдаймын. Үкіметтен қаражат бөлініп жатыр, аз да шығар, бірақ бұрынғымен салыстырғанда тәуір. Ауқымды жобалар қарастырылып, жұмыстар жасалуда. Байқоңырды қазақтар түбі толық игеретініне менің еш күмәнім жоқ!
Саясатқа салқындық. Әуестік әлемі. Отбасы ұйытқысы
– Саясатқа салқын қарайтыныңыздан хабардармын. Бірақ, оны айналып өте алмаймыз. Саяси партияға мүшелікке ешкім шақырмады ма?
– Шақырды. Мен кезінде басқарушы, бағыттаушы, барлығын бағындыра білген Компартияның мүшесі болғанмын. Өркениетті елде ондайға жол жоқ, Кеңестер одағының жүйесінде ғана айдарынан жел есті, бәлкім Қытайда болған шығар, өзім көрген емеспін, естігем. Сосын, тәуелсіз Қазақстанда осы жағдай қайталанды. Биліктің партиясы – бәрінен басым түсетін жалғыз құрылым. Саған партияның бағдарламасы мен жарлығына қарсы тұруға ешкім мүмкіндік бермейтінін, тек қана «дұрыс сөйлеуің» керектігін түсіну үшін асқан ақылдың керегі жоқ деп ойлаймын…
– Иә, осы ғасырдың басында «ешқандай партияға мүше болмаймын» деген бір пікіріңізді көгілдір экраннан естігенмін. Артынан «Азат»-ЖСДП қатарынан көрініп қалдыңыз…
– Әу баста бұл бірлескен екі партия қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуын алдына мақсат етіп қояды деп шын сендім. Партияның мақсаты – билік пен Президентке қарсы шығу емес, керісінше, халықтың игілігі үшін ортақ стратегиялық мақсаттарға жетуге үн қосу болуы керек. Ал, әлгі партияның стратегиясында қарапайым халықтың жағдайын жақсартып, мемлекетті табысты дамытудың нақты бағдарламасы болған жоқ. Сондықтан, «Азат»» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының қатарынан шықтым.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланған кезде оның елді демократияландыру жөніндегі бағдарламасын құптап, жемқорлықпен күрес күшейеді деп үміттендім. Бірақ, елді «екі президент басқарса, өзгеріс жасауға кедергі келеді» деген күдігім барын да жасырмадым. Сол күдік «Қаңтар қасіретіне» ұласты. Мемлекет басшысының сол оқиғадан кейінгі сөзі мен іс-қимылы ептеп үміттендіреді.
– «Қазақтың тұңғыш ғарышкері, қазіргі зейнеткер, сәйгүлік сайлап, саят құрып жүр, жылқы баққанды жақсы көреді» дегенді айтады ел. Сол әуестігіңізді қойып кеткен жоқсыз ба?
– О-о-о!!! Мынау – мен үшін әдемі әуестік, әсем әлем! Мен әуестенген ісімді жолда қалдыратын адам емеспін, оның үстіне жылқыға деген сүйіспеншілігім алабөтен. Жылқыларымды ешқашан бәйгеге, ат шабысына қосқан емеспін. Менде жылқынының жанын қинайтын ондай «қанішерлік» жоқ. Сол сұлу жануарға қарап сүйсінемін.
«Жылқы – қазақтың жаны. Мен тілмен айтып жеткізе алмайтын сұлулық символындай сәйгүліктерді ата-бабамыздың дәстүріне сай өте жақсы көремін, кербез жануарларға қарап сүйсінемін, менің ермегім сол. Жылқылардың өрісте құйрық-жалын төгілтіп, шауып жүргенін тамашалауды мен ғана емес, балаларым да ұнатады.
– Соңғы сауал…
– Уф!!! (күлді).
– Аралас некеге қалай қарайсыз?
– Теріс қарасам, Татьяна Михайловнамен ондаған жыл осылай тату-тәтті өмір сүрер ме едім? «Құдай адамды жұп қылып жаратады» деген де сөз бар. Бұған тағдыр деп қараймын. Алла тағала маған бәденді ғана емес, саналы жар бұйыртқанына «Тәубә!» деп, шүкіршілік етемін. Екеуміз бір адамдай болып кеткенбіз. Ер жеткен екі баламыз, бес немереміз бар. Елдің көзінше кемшілігімді бетіме басқан емес, не болса да, екеуміз оңашада шешеміз.
Қазақ қатынын мақтағанды ұната қоймайтынын да білемін, сондықтан, бір-екі мысалмен шектелейін. Отыз жылдай Ресейде Микоян атындағы мекемеде білдей жауапты қызметтер атқардым, жалақым да, жағдайымыз да жаман емес еді. Қызметім – құпия, куәлігімде жәй ғана «жүргізуші» деп жазылған.
Бірақ, еліме қайтқым келді. Әйеліммен ақылдастым. «Осында келгенде «елім үшін» деп келген едің, енді елің үшін оралуың керек. Сен өз еліңе керексің, қайтайық» деді. Мұны өзге ұлт қызы бола тұра, өмірдің қызығы мен шыжығын бірге татып келе жатқан ер азаматына, оның еліне, жеріне деген құрмет деп қабылдадым. «Әр мықты азаматтың үйінде бір текті әйел бар» деген сөз тегін айтылмағанын түйсіндім.
Менің ғашық болуға деген түсінігім басқа. Ажырасып жататындар, кезінде есеппен үйленгендер, ұрпақ алдындағы жауапкершілігін түсінбейтіндер. Шынайы ғашық жандар қанша ренжіссе де, ажыраспайды. Қиындықты да, қызықты да бірге көреді. Сүйген адам қате сөйлесең де құптайды, кемшілігіңді жоюға жәрдемдеседі. Мен Татьянама сондай қасиеттері үшін ғашықпын. Әңгіме жүректе, жан үйлесімінде.
Бірде балалардың мамандық таңдау жайы сөз болды. Сонда жаны жайдары, жүзі жарқын, жүрегі кең Татьяна: «Бір үйге қорқытатын бір адам жетеді. Басқалары қуантсын. Мен балаларымның қате қадам жасамайтынына сенемін» деді. Мен де, балаларым да түсіндік. Осы сөзінен-ақ оның қандай адам екеніне қортынды жасай бер…
– Ашық әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Әлібек ӘБДІРАШ.