Егеменді ел атанып, етек-жеңімізді жиған 30 жыл ішінде қасиетті мекен – Ұлытауда Ұлттық құрылтай өтті.
Қазақ хандарының түп атасы саналатын Жошы хан кешенінің аумағында өткен құрылтай өз мәнінде өтуі құрылған жаңа облыс үшін межелі міндеттердің бірі болды деп есептедік. Құрылтай өтті, не ұттық, неден ұтылдық?
Жалпы, құрылтайды өткізудің маңызы сол, заманға сай біз өмір сүріп жатқан қоғамдағы экономикалық, әлеуметтік, рухани-мәдени өмірге баса мән беру болуы керек. Бұл жиында ең әуелі ұлтымыздың аса қадірлі байлығы, тұмары – Ана тіліміздің жай-жапсары алдыңғы қатарға шығуы тиіс еді. Ұлттық мүддеге қызмет жасайтын қазақ тілінің мәртебесін асқақтатуға бағытталған шаралар осы құрылтайда оң шешімін тауып, мемлекеттік тіл өз мәртебесіне ие болады деген үміт басым болды. Алайда, бұл үміт ақталмады…
Президент алқалы жиында қоғамдағы жемқорлық мәселесін де бүкпесіз айтып, заңды қатаңдату шараларын қолға алады деген де сенім болды. Референдум арқылы біз соған қол жеткіземіз деген үмітіміз ақталар ма екен?
Құрылтай ұлттық рухты оятып, бабалар салған сара жолды жаңғыртқаны шындық. Алайда, Жаңа Қазақстан үшін жасалар қарышты қадамдар жөнінде толық арнайы бағдарлама қабылданбағанына көңіл құлазып қалды. Келер жылы түркі жұртының ортақ мекені – Түркістанда өтетін құрылтайда Ана тіліміздің мәртебесін асқақататып, абыройын асыратын жүйелі істерге бағытталған шаралар қабылданып, еліміз жаңа даму кезеңіне іргелі істермен қадам басады деп сенемін.
Яхия АСАТОВ,
Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, «Қазақмыс» корпорациясының «Құрметті еңбек ардагері».