22.02.97
17.35
Тыңшы Никита Савушкин Москва желдеткіш заводының бас директоры Александр Мартыновты өлтіріп кеткенін естісімен дереу қылмыс болған жерге аттанып кетті. Ол өзімен бірге қарамағындағы оперативтік қызметкер Григорий Лисицаны ертіп алды.
Толық келген күзетшілер мұның автомашина нөмеріндегі «ММ» (Москва милициясы) жазуын көрісімен қақпаны ашты. Завод ауласына келіп кірді. Оларды әкімшілік ғимараттан шыққан жасы қырық бестер шамасындағы орта бойлы жігіт қарсы алды.
– Директордың орынбасары Вайсман, – деп таныстырды өзін. – Үшінші қабатта…
Ұзын дәліз бойымен оның соңынан ілесті. Оларға қарсы жолыққан қызметкерлер қабырғаға жабыса жол беріп жатты. Мартыновты үшінші қабатта өлтіріп кеткен екен. Мәйіт дәліздің бұрышында жатыр. Шынтақтап құлапты. Қылмыскер кеудесінен және басынан атыпты.
Мәйітке бес-алты қадам қалғанда бәрі тұра-тұра қалды.
– Қашып үлгеріпті, – деді Вайсман ойлана күбірлеп.
– Сіз не дедіңіз? – деп сұрады Савушкин орынбасарға бұрылып.
– Жай, өзімше, – деп жауап берді Вайсман.
– Кәнекей, рет-ретімен айтыңыз, – Савушкин қатқыл үнмен. – Фамилиясы, аты, әкесінің аты, қызметі.
Вайсман күрсінді.
– Желдеткіш заводының бас директоры Александр Валерьевич Мартынов.
– Алғаш көрген кім? – деп сұрады Савушкин.
– Біз бірінші көрсек керек, мен және ол, – деп күзетшіні көрсетті.
– Фамилия? – деп сұрады Савушкин.
– Баздырев, «СПРУТ» күзет мекемесінің сақшысы, – деп жауап берді жігіт. – Біз бір мезетте келіп жеттік. Мылтық дауысын естісімен жоғарыға қарай жүгірдім.
– Менің кабинетім екінші қабатта, – деді Вайсман. Мен де жоғарыға ұмтылдым.
– Дереу ме? – деп нақтылай сұрады Савушкин. Вайсман мүдіріп барып:
– Жоқ. Өзіңіз білесіз, куәні тірі қалдырмайды емес пе.
– Әрдайым олай емес, – деді осы уақытқа дейін үнсіз тұрған Лисица. – Кейде әдейілеп тірі қалдырады.
– Неге? – деп сұрады Вайсман білуге ынтыға.
– Кейін пайдалану үшін…
Савушкин сол маңды қарап жүріп, жабық тұрған тұтқасыз жарма есікті көрсетіп:
– Кілті кімде? – деп сұрады Вайсманнан.
– Кадрлар жөніндегі орынбасар біледі оны. Күзет те соған бағынады.
– Сұмдық-ай! Сұмдық-ай! – деп келе әй-шайға қарамастан сөйлей жөнелген орта жастағы толық келген ер адам. – Мен үйде жайбарақат отыр едім. Сенер емеспін.
Кадрлар жөніндегі орынбасар Михаил Пронкин осы екен. Ол едендегі қанға шошына қарады. Мәйітті бұл уақытта алып кеткен болатын. Оның орнында ұйыған қан мен бормен сызылған дене пішімі қалған.
– Бұл есік ұзын дәліз арқылы өндірістік корпусқа апарады, – деп жауап берді Пронкин Савушкиннің сұрағына орай. – Мұны көптен бері пайдаланбайтынбыз. Мартынов құлпын іш жақтан іліп қоюды бұйырған еді. Сәнді бұзбас үшін.
– Кілті қайда? – деп сұрады Лисица. – Әкелсеңіз жөн болар еді.
– Вахтерде болуға тиіс, – деді Пронкин.
Сарапшылар үшінші қабаттың дәлізі мен бөлмелерін қарап жатқанда Савушкин мен Лисица Пронкиннің аралатуымен өндірістік корпус арқылы сол есікке келіп жеткен. Есік іліп қоятын құлыппен жабылған екен. Сөйткенше қолында бір бума кілтпен күзетші Баздырев келді. Ол қанша әуреленсе де, кілттің бірде-бірі құлыпқа келмеді.
– Түк шықпайды қанша әуреленгеніңмен, – деді Пронкин күзетшінің әрекетін тоқтатып. – Жоғалтқансыңдар ғой… Көр де тұрыңдар, шеттеріңнен жұмыстан шығарамын!
– Менің жазығым не? – деп міңгірледі Бастырин.
Пронкин Савушкинге қарап:
– Александр Валерьевич менің ең жақын досым болатын… Менің енді сіздерге қажетім жоқ па? Шаруам бар еді, – деді.
Пронкин кетті. Олар әкімшілік корпусқа оралды.
12.03.97
Савушкин 46 жастағы Александр Мартынов Россияның 50 ең бай азаматының құрамына кіретінін анықтап білді. Ол басқаратын завод кейінгі уақытта өркендей түскен. Савушкин теледидардан жиі берілетін: «Бізге де, сіздерге де желдеткіш заводымен келісім-шартқа отыратын сәт келді» деген жарнаманы есіне түсірді.
12.03.97
13.40
Вайсманның соңынан сырттай аңду қойылды. Лисица әйнегі қараңғыланған машинада отырып, завод кіреберісіне жақын маңда болуды жөн көрді. 13.40-та қақпа ашылып, «Волга» шықты. Рульде Вайсман отырды. Вячеслав Давидович жеке шофердің қызметін пайдаланбайтындығы оперативтік қызметкерлерге белгілі еді.
– Тула-8, мен Тула-10. «Рафинад» жолға шықты. Түсінікті ме? – деп Лисица жедел хабарлады.
– Сені түсіндім, Тула-10. Соңына ілестім… – деп жауап берді таныс дауыс.
Вайсман машинасының соңынан басқа автомобиль ілесті. Онда оперативтік уәкіл Игорь Вьюжанин болған еді. Вайсман жолай аптека киоскісіне тоқтап, дәрі болса керек, кішкентай қорапты сатып алды. Сосын одан әрі жүріп кетті. Электр қозғалтқышы заводының қақпасы алдына тоқтады. Күзетші қарсы шығып әлденені құжатына қарап анықтады да қақпаны ашты. Вайсман машинасымен завод ауласына кіріп кетті.
12.03.97
18.30
С авушкин кешке бөлім қызметкерлерінің кеңесін өткізді.
– Завод акционерлерінің жиналысы Вайсманды бас директор етіп сайлады, – деп хабарлады ол. Сосын Вьюжанинге бұрылып: – Біздің құпия жігітіміз не айтар екен? – деп сұрады.
– Вайсманның соңынан электр қозғалтқышы заводына дейін ілесіп бардым. Ол онда бір жарым сағаттай болды. Сосын өз заводына қайта оралды.
– Олар енді желдеткіш заводының негізгі жабдықтаушысы болмақ, – деді Савушкин бұл мәселеге мән бере. – Алайда, Вайсманның бұл келісім-шартының тиімсіз екендігін заводтағылардың бәрі біліп отыр. Ондай қозғалтқыштарды Москвада әлдеқайда арзанға тауып алуға болар еді. Таңданарлық алыс-беріс… Вайсман тәрізді тісқаққан өз есебін біледі. Мүмкін олардың акцияларын сатып алған шығар. Ал Мартынов бұл қулық-сұмдыққа үзілді-кесілді қарсы болыпты… Бір жіптің ұшы осында жатса керек. Мен ертең оны ұстауға прокуратурадан санкция сұрағалы отырмын, – деді Савушкин.
13.03.97
18.05
Вьюжанин желдеткіш заводының кіреберісінде бірнеше сағат бойы кезекшілік етті. Вайсманды қамауға санкция алынғаны заводтағы жұмыс ауысымының аяғына дейін белгісіз болды. Игорь ақыры төзімі таусылып, радиостанциясы арқылы сұрады:
– Тула-8, мен – Тула-9.
– Байланыстамын.
– «Рафинад» не болды, санкция алынды ма?
– Ертең болады.
– Түсіндім…
Вьюжанин сол сәтте директордың «Волгасын» көрді де:
– «Рафинад» тиелді, шығып келеді. Соңына ілестім.
Алдағы машина кенет жылдамдығын жоғарылатты да, бағдаршамның қызыл шамына тоқтамастан қара үзіп кетті.
– Мен Тула-8, «Рафинад» суға еріп кетті.
– Сен оданда «айласын асырды» десеңші.
– Тула-10, радиобайланыс тәртібін сақтаңыз, – деді Вьюжанин байсалды үнмен.
– Қарай көр өзін, бастығына ескертпе жасайды, – деді Савушкин. Дереу бұйыра дауысын көтеріп: – Тула-8, үй жағына жетіңіз.
Сосын Лисицаға қарап:
– Кәне, жылдам Подбельскийдегі оның үйіне бет ал. Ұстауға келісім алып тұрып айырылып қалып жүрмелік.
Савушкин Вайсманның үйіне келгенде, Вьюжаниннің машинасы сол жерде тұр екен. Игорь шығып, қарсы алды.
– Сен қалай үлгердің? – деді Савушкин таңқала.
– Жолды білемін ғой.
– Вайсман келген жоқ па?
– Мен тұрғанда келмеді.
– Әйеліне телефон шалу керек еді, – деді Савушкин.
– Мен телефон шалдым. Антонина Павловна оның әлі келмегенін айтты.
– Лисица, сен осында қал. Ол келгенше күтесің. Ұзақ тұратын болсаң, сені алмастырамыз. Ал біз Вьюжанин екеуміз басқармаға кеттік, – деді Савушкин.
14.03.97
11.35
–Вайсманның зайыбы күйеуінің ізім-қайым жоғалғаны туралы өтініш әкелді, – деп хабарлады аса ауыр қылмыс жөніндегі бөлімнің қызметкерлеріне. – Кешіктік, мырзалар… Біздің оны ұстайтынымызды бейне бір біреу оған ескерткен тәрізді… Вьюжанин, сен қалай ойлайсың, кім жиі кешігіп жүреді: ақымақтар ма, әлде ақылдылар ма?
– Сірә, ақымақтар…
– Жоқ, ақылдылар. Ақымақтар өздерінің кешігіп қалғандарын тіпті сезбейді де.
– Жолдас ақылдылар, көлік милициясы бөлімінің барлық нүктелеріне хабар жіберуіміз керек, – деген ұсыныс жасады Белозеров.
– Және тек қана Москваға ғана емес, – деді Вьюжанин. – Мен ол машинамен жақын маңдағы әлдебір қалаға барды да, сол жерде поезға немесе ұшаққа отырды деп ойлаймын.
– Лисицаға қайтсын деңдер, – деді Савушкин Вьюжаниннің пайымдауына құлық қоймай. – Сосын жедел заводтың барлық есепшотын жабу керек. Әрине, ол кассадан алатынын алып кетпесе.
15.03.97
11.40
Савушкин мен Лисица таңертеңнен бері завод төңірегінде жұмыс істеді. Вайсманның хатшысы жиырма жастағы Ира есімді қыз өз бастығын соңғы рет көргені туралы айтып берді:
– Ол әдеттегідей сағат 9-да келді. Оның машинасы бұзылып қалған екен, ол келісімен слесарьларға түскі бірге дейін жөндеп бітіру туралы нұсқау берді. Олар неге екені белгісіз үлгермеді. Егжей-тегжейін білгенім жоқ. Вячеслав Давидович қатты ашуланып, жөндеу қалай жүріп жатқанын бірнеше рет сұрап бақты. Ол бір жаққа өте асығулы болды. Ал жұмыс уақыты кешке біткен кезде жүрекке ішетін таблеткасы мен ұялы телефонын алмай кетті. Ол еш уақытта тастамайтын, өзінің денсаулығына қатты қарайтын.
Ықшамдап аударған Шах МҰРАТ.
(Жалғасы бар).