Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Жезқазғанда өткен салтанатты жиында денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосқан «Жезқазған» медициналық орталығының мамандары марапатталды. Іс-шара барысында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков өңір тұрғындарының денсаулығын сақтауға сүбелі үлес қосып жүрген дәрігерлерге құрмет көрсетті. Травматолог-ортопед Ерғанат Шахатов пен интервенциялық кардиолог Жасұлан Зұлпайдаровқа жаңа пәтердің кілттері табысталды.
Салтанатты жиында акушер-гинеколог дәрігер Анатолий Блейхрот Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. – Медицина саласында 1978 жылдан бері еңбек етіп келемін. Еңбек жолымды Сәтбаев қалалық ауруханасында бастадым. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де жұмысымды жалғастырып, кәсіби патология бөлімінде қызмет атқарып келемін. Қазір тау-кен өндірісінде еңбек ететін әйелдердің денсаулығын бақылаумен айналысамын. «Еңбек ардагері» медалімен марапатталу – мен үшін үлкен мәртебе әрі зор қуаныш, – деді Анатолий Блейхрот. Марапат иелері ұзақ жылдар бойы халыққа сапалы медициналық көмек көрсетіп, заманауи емдеу тәсілдерін енгізу арқылы Ұлытау облысының денсаулық сақтау саласының дамуына өз үлестерін қосып келеді. Көрсетілген құрмет олардың кәсіби біліктілігі мен мамандыққа адалдығының айқын көрінісі болды.
ГҮЛІМ МАРАТҚЫЗЫ

