Ғазиз Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінің және «Жомарт» кенішінің ұжымы кеншілер мерекесі қарсаңында осы кеніш аумағында байырғы кенші Жайлаубай Құлшанұлы Сынасапов атындағы аллеяны салтанатты түрде ашты. Кенші күнімен тұспа-тұс келген шараға марқұмның туған-туыстары, отбасы, бірге еңбек еткен әріптестері қатысты.
Кен өндірісі саласына еңбегі сіңген Жайлаубай Құлшанұлы 1959 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1980 – 1985 жылдары Қарағанды политехникалық институтын тау-кен инженері мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын Ғазиз Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінде тау-кен шебері қызметінен бастаған. Өмір жолында шахтапроходкалау тресінде бас инженер, өндірістік бөлім бастығы, басқарма бастығы, директордың өндіріс жөніндегі орынбасары, шахтапроходкалау тресінің директоры, «Жомарт» кенішінің директоры, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС күрделі құрылыс жөніндегі департамент директоры сынды бірқатар жауапты лауазымды қызметтерді атқарған. «Жомарт» кенішінің бой көтеріп, өркендеуіне үлкен үлес қосты. Үшінші және екінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісімен марапатталды.
Аллеяның ашылуында сөз алған трестің бас инженері Ғалым Жәнәлі, «Жомарт» кенішінің директоры Асқар Құйқабаев, осы шаруаның басынан табылған «Құрметті кенші» атағының иегері, «Жомарт» кенішінің бекіту телімінің басшысы Ақбейсен Қайырбеков пен трестің №12 үрделі тау-кен телімінің басшысы Нұрбек Манапов, Жайлаубай Құлшанұлымен бірге еңбек еткен әріптестері, зайыбы Базаркүл, бауырлары мен балалары естеліктерін айтып, «Жомарт» кенішін қалыптастырудағы еңбегінің зор екендігін тілге тиек етті.
Ескерткіш белгіні Жайлаубай Сынасаповтың ізінен ерген шәкірттері Ақбейсен Қайырбеков пен Нұрбек Манапов ашты.
Мерекеге орай № 12 күрделі тау-кен телімінің бірқатар еңбеккерлері «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Директорлар кеңесі төрағасының, «КәсіпҚорған» кәсіподағының Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Жиналған көпшілік Жайлаубай Құлшанұлының рухына бағышталған асқа қатысты.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.