Үлкеніміз болсын, кішіміз болсын келе жатқан жаңа жыл қарсаңында айрықша бір көңіл-күйде жүреміз. Жаңа жылмен бірге жанымызды жадырататындай қуаныш келетіндей. Сосын да жылды қарсы алуға барымызды сала дайындалып, әлек болар едік. Ақши қыстағындағылар да жылды көңілді отырыспен қарсы алуға ниеттенген. Бірақ…
Сотталушы Зафарбектің жасы 30-да. Оның үстінен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі, яғни адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату бойынша қозғалған қылмыстық істі Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады.
Сот анықтағандай, Өзбекстан Республикасының азаматтары Зафарбек, оның азаматтық зайыбы Юлдуз бен Умірбек және үш жерлесі сол жылдың қазан айынан бастап Ақши қыстағында құрылыс жұмыстарын жүргізуге жалданады.
31 желтоқсан күні шамамен сағат 17.00-де Ақши қыстағының оңтүстік жағында орналасқан бір бөлмелі ас даярлайтын үйдің ішіндегі үстел басында Зафарбек, Умірбек және үш жерлесі келе жатқан жаңа жылдық мерекені тойлап, қаладан алдын ала сатып алған алкогольдік ішімдіктерін ішуді бастаған. Ал Юлдуз сол үйдің ішіндегі пештің қасында тамақ пісіріп жүреді.
Шамамен сағат 23.00-де алкогольдік ішімдіктерді ішу барысында үстел үстінде Умірбек Зафарбекті балағаттап, оның ар-намысына тиетін сөздерді айта бастаған. Осылайша олардың арасында жанжал пайда болады. Умірбектің намысқа тиер сөздерінен Зафарбекті ашу қысып, ол Умирбекпен ұстаса кетеді.
Осы кезде бөлмеде болған Юлдуз оларды арашалау үшін ортаға түскенде Умирбек әйелді тізеден бір рет теуіп қалады. Зафарбек әйелін Умірбектің тепкенін көрген бетте шыдап тұра алмай оған қарай өш алмаққа ұмтылғанда, Умірбек оның басына қолымен соққы жасайды. Зафарбек соққы салдарынан асбөлмелік жиһаздарға алдыңғы жағымен тірелген.
Сол сәтте асбөлмелік жиһаздардың үстінде жатқан, сабы ағаштан жасалған асүй пышағына Зафарбектің көзі түседі. Өзіне және зайыбына айтылған балағат сөздер мен жасалған соққыларға намыстанып әрі ызаланып, соның салдарынан оған Умірбекті өлтіру, яғни адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату жөнінде ой туындаған.
Зафарбек осы қылмыстық ойын жүзеге асыру мақсатында аталған пышақты сол қолымен алып, Умірбектің кеудесіне, яки оның өміріне аса маңызды органдары орналасқан денесінің бөлігіне жоғарыдан төмен қарай бағыттап, пышақтың жүзін түбіне дейін 9,3 см. кіргізіп, жүрек пен бауырды жарақаттап бір рет салып жіберген. Дене жарақаттарын алған соң Умірбек еденге құлап түскен және бірден оқиға орнында қайтыс болған.
Сот отырысында куәлердің берген жауаптарында сотталушының Умірбекке пышақ салып алғаны нақтылана түсті.
Тұрғылықты жері бойынша берілген мінездеме-анықтамаға сәйкес сотталушы қанағаттанарлық сипатталған. Нарколог және психиатр дәрігерінің берген анықтамасына сәйкес сотталушы дәрігердің «Д» есебінде тұрмайды. Жергілікті ішкі істер органының анықтамасына сәйкес сотталушы ешқандай профилактикалық есепте тұрмайды, әкімшілік жауапқа тартылмаған.
Сот қылмыстық істі қарау барысында «Адамның өмірі мен денсаулығына қарсы кейбір қылмыстарды саралау туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының 2007 жылғы 11 мамырдағы Нормативтік қаулысын басшылыққа алды. Адамның өмірі мен денсаулығына қарсы аяқталған қылмыс тікелей де, жанама қасақаналықпен де жасалуы мүмкін. Ал оларды жасауға оқталғандық субъективтік жағынан тек тікелей қасақаналық болып сипатталады. Сондықтан қылмыс жасау сатысын айқындаумен қатар кінә нысанын да ескеру, кінәлінің ниеті неге бағытталғанын, қылмыс нәтижесінде қандай зардап туындағанын және нақ осындай нәтиженің туындауына кінәлінің субъективті қатысын анықтау және белгілеу керек.
Куәлердің көрсетуінше, жәбірленуші Умірбек арақ ішкен кездері ешбір себепсіз Зафарбекті ар-намысына тиетін сөздермен балағаттап, оған тиіседі екен. Алайда келесі күні мастықтан айыққанда кешірім сұрап жүрген.
Оқиға болған түнгі отырыс барысында да Умірбек өзінің ескі әдетіне басып, тиісіп, балағат сөздермен оның еркектік қабілеті мен беделіне күмән келтіріп, онымен қоса келіншегі Юлдузды жеңіл жүрісті әйел деп айыптап, оған балағат сөздер жаудырған, оған қой дегенде, оның шешесін қорлайтын жаман сөздер айтқан.
Куәлер сотта берген жауаптарында жәбірленуші Умірбекті шатақ мінезді адам ретінде сипаттайды. Олардың көрсетуінше, ол жұмыс барысында Зафарбекке бағынғысы келмеген, үнемі оған қорлайтын сөздермен тиісіп, қарадай жұлқынып жүрген. Тіпті бір ретте қасындағысын ұрып, мұрынын да қанатып қойған. Ал оқиға болған түні Умірбек Зафарбекке бірнеше мәрте қол жұмсап, оның азаматтық некедегі әйелін тепкен. Оларды аузына келген сөзбен балағаттап, қорлаған.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар» бабына сот сотталушының бұрын сотты болмағандығын, қылмысты жасағаны үшін кінәсін толығымен мойындап, өкінетінін, 5 жасар жасөспірім баласының барын, жақсы мінездемесін жатқызуға болады деп табады.
Сот сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар тұрғысында қылмыстық құқық бұзушылықты алкогольдік ішімдік ішіп, масаң күйде жасағанын жатқызуды ұйғарды.
Жаза тағайындау қағидаларын, сотталушы Зафарбектің жасаған қылмыстық құқық бұзушылығының ауырлығын ескере келіп, сот оған Қылмыстық кодекстің тағылып отырған баптың санкциялары шеңберінде қоғамнан оқшаулау түріндегі жаза қолдану қажет деген тұжырымға келді.
Сот ҮКІМ ЕТТІ:
Зафарбек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын:
ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі бойынша бас бостандығынан 9 жылға айыру түріндегі жаза тағайындалсын және жаза қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтелсін;
Сотталған Зафарбектен жәбірленуші Умірбектің зайыбының пайдасына 2 миллион теңге моральдық залал өндіріліп, талап-арызы ішінара қанағаттандырылсын.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.