Осындай тақырыппен С. Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханада шешен мен ингуш халықтарының Солтүстік Кавказдан Қазақстанға жаппай күштеп қоныс аударылуының 80 жылдығына орай айшықты шара өтті. Шараға облыстық «Қоғамдық келісім» КММ ұйытқы болды.
«Өткенді білмей – өспек жоқ» деген тәмсіл бар ел ішінде. Өткен тарихымызды зерделеу арқылы болашағымызды бағамдаймыз. Осыдан 80 жыл бұрын 1944 жылдың 23 ақпанында шешен мен ингуш халқын Солтүстік Кавказдан Қазақстанға жаппай күштеп қоныс аудару басталды. Қолдағы деректерге қарағанда, 1944 жылдың наурыз айында Қазақстан аумағына 510 630 шешен және 78 479 ингуш орналастырылған екен. Соңғы статистикаға сүйенер болсақ, Ұлытау облысында 312 шешен және 116 ингуш тұрады.
Алғыс айту күніне орай өткен айшықты шарада сол бір аласапыран жылдарда шешен-ингуш халқының басына түскен қасірет, тоталитаризмнің тоқпағы туған жерінен айырған елді қазақ халқының қалай қарсы алып, жатсынбай бауырына басқаны кеңінен сөз болды.
Іс-шарада ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы С. Қожамсейітов, Жезқазған жоғары медициналық колледжінің тарих пәні оқытушысы Қ. Ораз және Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің аға ғылыми қызметкері З. Ерзақова баяндама жасады.
Сонымен қатар «Вайнах» шешен-ингуш этно-мәдени орталығының жетекшісі Абуезит Чумаков сөз сөйлеп, сонау қиын-қыстау кезінде атақонысынан айрылып келген шешен-ингуш халқына пана болған қазақ халқына өз алғысын білдірді.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.