Адалдықтан аспаған, жамандықтың шыйырын баспаған, адамгершілігі асқақ, еңбегімен елді сүйсіндірген жақсы адамның баласы жақсы азамат болып өссе, оны халық «жақсының жалғасы», «тұлпардың тұяғы» деп құрметтейді. Мұндай азаматтар өзінің жақсы қасиеттерімен әулетінің атын шығарады.
Осындай адамгершілігі асыл қасиеттерімен, адалдығымен, елге екен қалтқысыз қызметімен, іскерлігімен, даласындай дархан кең пейіл, жомарттығымен, халықтың сый-құрметіне бөленіп жүрген азаматтың бірі – Данияр Әміржанұлы Смағұлов. Ол елдің өзіне артқан сенімін, ата-анасының үмітін ақтап, ұлттық құндылықтарымызды жүрегіне берік сақтап, жүрген ардақты азамат.
Баланың жақсы, елге сыйлы азамат болып өсіп қалыптасуы ата-анасының тәрбиесіне байланысты. Даниярдың әкесі Әміртай (Әміржан) Смағұлов бүкіл саналы өмірін халыққа денсаулық қызметін көрсетуге арнаған жоғары білімді дәрігер болатын. Ал, Даниярдың анасы Рауза Байсалова жоғары білімді ұлағатты ұстаз, өмірінің соңына дейін үздіксіз ұрпақ тәрбиелеумен айналысқан жан еді. Рауза Қарағанды политехникалық институтының Жезқазған қаласындағы филиалында және Жезқазған университетінде жоғары математикадан дәріс берген ұлағатты ұстаз болған. Әміртай мен Рауза үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсіріп, бәріне жоғары білім әперіп, көздерінің тірісінде ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере сүйіп қызықтарын көрді. Балаларының бәрі жоғары білімді, халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүр.
1972 жылы туған ұлдары Данияр Әміржанұлы Смағұлов Жезқазған қаласындағы № 22 мектепте орта білім алып, 1989 жылы Қарағандыдағы университетке түсіп , оны 1994 жылы бітіріп бухгалтер-экономист мамандығын алып шығады. Жоғары білімді жас маман өзінің алғашқы еңбек жолын Жезқазған қаласындағы «Игілік банк», «Тұран банк», «Цветмет банк» АҚ Жезқазған басқармасының бюджеттік банк бөлімшесінде аға экономист, бөлім бастығы қызметтерін атқарады. Мұнда өзінің іскерлік қабылетімен көзге түскен Данияр 1997 жылы Қазақстан Республикасы Кеден министрлігінің кеден комитеті «Жезқазған кеденінде», 1999 жылы «Қазақмыс» АҚ-да да материалдық-техникалық жабдықтау бөлімінде аға экономист болып қызмет атқарған. Мұнда бір жыл қызмет атқарғаннан кейін Қарағанды қаласындағы кеден департаменті «Ұлытау» кеденінде бас маман, бекет бастығы болған. Қайда қандай қызмет атқарса да өзінің адалдығымен, ұқыптылығымен, адамгершілік асыл қасиеттерімен елдің сеніміне ие болған Данияр Смағұлов «Қазақмыс» АҚ қауіпсіздік департаментінің директоры болып тағайындалады. Бұл қызметті 2007 жылдан осы уақытқа дейін 16 жыл тұрақты мінсіз атқарып келеді. Данияр өзінің білімін жетілдіріп отырған. Рессей Федерациясының президенті жанындағы халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын сырттай бітіріп «басқару ісінің шебері», «менеджмент магистр» дипломын алған.
«Бала негізіне тартады» дейді ғой дана халқымыз. Даниярдың атасы, Әміртайдың әкесі Смағұл Упаев елге сыйлы кісі болды. Ол кешегі сұрапыл соғысқа қатысқан майдангер еді. Соғыста 908-ші атқыштар полкінде станокты пулеметтің атқышы болып ерлігімен көзге түсіп ІІІ дәрежелі «Данқ» орденімен марапатталған. 1943 жылы бір қиян-кескі соғыста оң қолынан ауыр жараланып, қолын иықтан кестіріп, госпитальде емделіп шығып, бір қолмен ауылға оралады. Смағұл ІІ топтағы мүгедектігіне қарамай колхоздың жұмысына белсенді араласып, қолынан келген жұмысты атқарады.
Смағұл үш ағайынды болатын, өзіне таяу інісі Ысқақ Упаев соғысқа қатысып ерлігімен көзе түсіп, Қызыл Ту орденімен марапатталған. 1945 жылы жеңіспен елге оралған жауынгер болатын. Елге келгеннен кейін ферма меңгерушісі, басқа да жауапты жұмыстарды атқарды. Зайыбы Құсыни фермадағы үздік суыншының бірі болды. Үш ұлдың анасы Злиха шешей Ысқақтың қолында болып, балаларының қызық-қуанышын көрді. Смағұлдың кіші інісі Құрман айықпайтын ауруға шалдығып дүниеден өтті.
Смағұл 1952 жылы дүниеден өткенде Әміртай 17 жаста, Жеңіс 7 жаста, Қанағат 1 жас 3 айлығында қалды. Сол бір адам төзгізсіз заманның ауыр кезінде үш ұлды жетімдік көрсетпей аналары Әзиза Сомболатқызы Бейсекеева ауыр бейнетте жүріп жеткізді. Әзиза апай фермада озат сауыншы болып «Шеңбер» кеңшарында 40 жылдай еңбек еткен ардагер абыз ана еді.
Ал, жетімдердің жетіліп, оқып білім алуына, жақсы азаматтер болып қалыптасуына Қарағанды, Талдықорған облыстарында ішкі істер басқармасының бастығы болып ұзақ жылдар қызмет істеген одаққа белгілі нағашылары милиция генерал-мойоры Дүйсек Сомболатұлы Тоқпанов үлкен қамқорлық жасады.
Смағұлдың артында қалған ұрпағы елге сыйлы айтулы азаматтар болды. Әміртай жоғары білімді дәрігер болса, 1945 жыл туған ортаншы ұлы Жеңіс көп жылдар бойы «Шеңбер» кеңшарында механизатор, машина-трактор жөндеу шеберханасының меңгерушісі сияқты қызметтер атқарды. Еліміз егемендік алып тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін жекешелендіру саясатын қолдаған алғашқылардың бірі болды. Арғанаты тауының оңтүстік-батыс жағындағы «Жамантас» қыстағын алып, балаларымен өзінің шаруа қожалығын құрып мал өсірумен шұғылданды. Бұл шаруашылық аудандағы қарқынды дамыған шаруа қожалықтарының бірі болды. Жеңістің сенімді серігі балаларының анасы Айжан Өтегенова – ұзақ жыл бойы Қорғасын мектебінде жас ұрпаққа білім нәрін берген ұстаз. Құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін жұбайы Жеңістің көмекшісі, балаларының ақылшы анасы, немерелерінің тәрбиеші әжесі, елінің сүйікті қызы болды.
Жеңіс өзін қарттық қаусыра қоршаған кезде шаруашылықтың тізгінін баласы Бақтиярға ұстатып, өзі ақылшы болып отыр. Көп жыл Жезқазған қаласында ішкі істер бөлімінде қызмет атқарған Нұрболаты еңбек демалысына шығып көмекке келді.
Смағұлдың кенжесі Қанағат Смағұлов Қарағанды Мемлекеттік медицина университетін бітіріп, санитария саласының мамандығын алып, Жезқазғанда санэпидстанцияда эпидемолог болып қызмет атқарған. 1989 жылы КСРО Ішкі істер министрлігінің Қарағандыдағы жоғары милиция мектебінде сырттай оқып, бітіріп шығып Жезқазған қалалық ішкі істер бөлімінде, кейін прокуратурасында 2010 жылға дейін бөлім бастығы болып қызмет атқарған. Қанағаттың қызметі әр кез бағаланып отырған. Ол әділет кеңесшісі, әділет подполковнигі дәрежесіне дейін көтерілген және ішкі істер органдарында, прокуратурада мінсіз қызмет атқарғаны үшін І, ІІ, және ІІІ дәрежелі төс белгілерімен марапатталған. КСРО милициясының үздігі, Қазақстан Республикасы прокуратурасының 20 және 30 жылдығына шығарылған төс белгілердің иегері. Ішкі істер органдары мен прокуратура саласының құрметті ардагері. Бірнеше грамота, төсбелгілермен марапатталған.
1976 жылы Гүлжан Садуақас қызына үйленіп 2003 жылға дейін 27 жыл бақытты отбасы болады. 2003 жылы Гүлжан дүниеден өтіп, артында 1981 жылы туған Гакку атты қыздары қалады. Ол қазір Астана қаласында тұрады. Жолдасы Р. И. Арастанбеков АҚ «Бәйтерек» халықтық басқару холдингінде департамент бастығы. Ал Гәкку «КазТрансОйл»-да бас маман болып қызмет істейді, үш балалары бар.
Қанағаттың қазіргі сүйікті жары Марияш Болатқызы Ибраева «Қазақмыс» корпорациясының құю механикалық зауытында бөлім бастығы. Бүгінде сүттей ұйыған берекелі отбасы болып бақытты өмір сүруде.
Міне, Смағұл марқұмның әулеті өсіп-өркендеген, елдің ыстық ықыласына бөленген, берекелі де, мерейлі әулет. Ал Данияр болса, осы әулеттің ісін жалғастырып, атағын асқақтатып келе жатқан өнегелі де, өскен әулеттің лайықты мұрагері.
Данияр қалада туып, қалада өссе де, өзге ұлттың ортасында жүрсе де өзінің ұлттық құндылықтарын, ана тілін берік сақтаған абзал азамат. Оның жас кезінде қызылдардың қылышынан қан сорғалап тұрған, қазақтың салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына, дініне үзілді кесілді тыйым салып, тілімізді тұншықтырып, ұлттық болмысымызды жұтып қоюда не бір құйтырқы әрекеттер жасап тұрғен кезі еді. Іс-қағаздар, оқу орындары, қарым-қатынас тек орыс тілінде болды. Орыс тілін білмейтіндер қызметке алынбады. Сөйтіп қызыл империя орыс тілін білуге күштеп мәжбүрледі. Білімді азаматтар жаппай өз тілін ұмытып, орыс тілін меңгерді. Отбасында бір-бірімен орыс тілінде сөйлесіп, балалардың тілі орыс тілінде шықты. Соның кесірінен күні бүгінге дейін құтыла алмай келеміз. Еліміз егемендік алып Тәуелсіз мемлекет болғанымызға 30 жылдан астам уақыт болды. Қазақ тілі мемлекеттік тіл деп заң қабылдадық, өкінішке орай ұлттық ерекшелігіміз, ана тіліміз өзінің мәртебесін толық ала алмай, өзге тілдің артына жайдақ мінгесіп келеді. Білімді азаматтарымыздың көбісі өз тілін меңгере алмай орыс тілінде сайрап, қазақша тілін шайнап жүр. «Қазақ тілін біл, өзге тілге шектеу жоқ» дегенді пайдаланып кейбір азаматтарымыз ұлттық тілімізді мойындағысы келмейтін сияқты.
Ал Данияр Әміржанұлы өзінің ана тілін берік сақтаған азамат, сонымен бірге өзге тілді де жетік меңгерген.
«Ана тілің арың бұл,
Ұятың болып тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте» – деп белді де , белгілі ақын Қадыр Мырза-әлі айтқандай, тіл біздің өміріміз. Данияр қай уақытта болса да өзінің ұлтжандылығын сақтаған халықтың адал ұлы, отбасының мықты тірегі, әулеттің мақтаны.
«Атың жақсы болса
Ер жігіттің пырағы,
Балаң жақсы болса
Жан мен тәннің шырағы.
Әйелің жақсы болса,
бірінші – иманың,
екінші – жиғаның,
үшінші ырысыңның тұрағы» – деген екен данышпан Төле би бабамыз. Даниярдың сенімді серігі, адастырмас ақылшысы, балаларының аяулы анасы, халықтың сүйікті қызы Маржан ерге серік, сертке берік, абзал жан. Ол отбасының ұйытқысы, берекесі ғана емес жоғары білімді ұрпақ тәрбиелеп жүрген ұлағатты ұстаз. Данияр бақытты азамат, қандай қызмет атқарса да абройлы, Жеңіс, Қанағат сияқты әкелері, Айжан, Марияштай шешелері және бауырлары бар.
Жаратқан Даниярдың өмірін ұзақ, бақытын баянды етсін дейік.
Мағзұмбек Машайықұлы,
Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі.