Аймақ басшысы Берік Әбдіғалиұлы Жаңаарқа ауданына барған жұмыс сапарында құрылысы жүріп жатқан консерві цехының құрылыс аумағын аралап, жұмыстарын бақылады. Бұдан бөлек өңір басшысы аудандағы «Мейір» емханасының күрделі жөндеу жұмыстары мен Жаңаарқа станциясындағы теміржол арқылы жер үсті жаяу жүргіншілер өткелі құрылысын көрді.
Жаңаарқа ауданының Ақтайлақ елді мекенінде жобалық қуаты ауысымына 3000 банка консерві немесе жылына 230 тонна ет өнімдерін өндіретін консерві цехі ашылмақ. Консерві шығаратын ет комбинатыныӊ цехі осы жылы 1-кезеңі, 2024 жылы 2-кезеңі іске қосылады деп жоспарланған. Цех ашылған жағдайда 24 жаңа жұмыс орыны ашылып, өӊірде консервіленген етке деген қажеттілікті толық қамтамасыз етеді.
Жоба басшысы – «ULY DALA» ЖШС. Жобаның құны – 1 417,3 млн. теңге. Оның ішінде мердігер өз қаражатынан 591 млн. теңге салса, «Агробизнес» бағдарламасы арқылы 673 млн. теңге несие алған. Жоба директоры Қуаныш Есқан ет өнімдерін өңірге ғана емес, шетелге экспорттауды жоспарлап отырғанын айтты. Цех жұмысында ет көлемін толықтыру үшін ауданда мал басы аз. Облыс әкімі ол үшін аудандағы шаруа қожалық иелеріне «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы мал санын көбейтуге болатынын жеткізді. Сұраныс болған уақытта Жаңаарқа етін шетелдерге экспорттау қолға алынады.
Өңір басшысы барған келесі нысан – Жаңаарқа станциясындағы темір жол арқылы жер үсті жаяу жүргіншілер өткелі. Мамыр айынан басталған құрылыс жұмыстары 2024 жылы аяқталады деп күтілуде. Тамыз айында облыс әкімі жұмыс барысымен қадағалап өткен болатын. Сол уақыттан бері құрылыс басында нақты жұмыстар аяқталмаған. Оның себебі қаражаттың жетпеуінен дейді мердігер. Жұмыстарды «Бест Строй Груп инженеринг» ЖШС жүргізуде. Өңір басшысы ұсынылатын қаражатты қарастырып, жұмыстардың аяқталуын жеделдетуді тапсырды.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.