Қазіргі таңда Қазақстанда, соның ішінде Ұлытау облысында инклюзивті білім беру, ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқыту және сауықтыру саласында жүйелі әрі кешенді жұмыстар атқарылуда. Бұл үрдіс тек білім беру инфрақұрылымын жаңартумен шектелмей, қоғамның ерекше балаларға деген көзқарасын өзгертуге, инклюзивті мәдениетті қалыптастыруға бағытталып отыр.
Санның артуы – сапаның артуы ма?
Соңғы жылдары дамуында ерекшелігі бар балалар санының артуы қоғамда көптеген сұрақтар тудырды. Бұл расымен де жаңа ауру түрлерінің көбеюі ме, әлде бұрын назардан тыс қалып келген жағдайлардың анықталуы ма?
Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда скринингтік, логопедиялық, психологиялық және невропсихологиялық зерттеулердің дамуы – диагнозды ерте әрі нақты қоюға мүмкіндік беріп отыр. Бұрын ескерусіз қалған жағдайлар бүгінгі күні ашық айтылып, дер кезінде қолдау табуда. Әсіресе инклюзивті білім беру саласының мамандары бұл өзгерістерді оң үрдіс ретінде бағалайды: «Бүгінде ата-аналар баласының ерекшелігін жасырып қалмай, керісінше, оны қоғамға бейімдеуді, сапалы білім беруді маңызды санайды», – дейді олар.
Инфрақұрылым мен институционалдық дамудың жаңа кезеңі
2029 жылға дейінгі білім беру жүйесін дамытудың Жол картасына сәйкес, Ұлытау облысында инклюзивті білім беруді кеңейту бағытында нақты жоспарлар іске асырылуда. Атап айтқанда:
- Облыста 3 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті (ППТК) ашылады;
- 71 инклюзияны қолдау кабинеті жабдықталады;
- Аутизм спектріндегі бұзылыстары бар балаларға арналған орталық 2025 жылдың шілдесіне дейін ашылады. Бұл орталық жылына 100-120 бала қабылдайды.
Ұлытау облысында бүгінде 87 мектеп, 50 балабақша (оның ішінде 42 мемлекеттік, 8 жеке меншік), 15 колледж (11 мемлекеттік, 4 жеке), 4 арнайы білім беру ұйымы және 10 қосымша білім беру мекемесі жұмыс істейді.
Облыс бойынша 11 мектепте инклюзияны қолдау кабинеттері, 27 арнайы сынып бар, онда 157 ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушы білім алады. Барлық мектептерде психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі (ППҚҚ) құрылған, оның ережесі мен жылдық жоспары бекітілген.
Облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация жылына 1 500 балаға дейін қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда ПМПК есебінде ерекше білім беру қажеттілігі бар 2 284 бала тіркелген. Психология-лық-педагогикалық коррекциялық кабинеттерде бір кезеңде 200-ден артық бала қолдауға ие.
Педагогикалық қолдау – басты негіз
Ұлытау облысында педагог кадрлардың кәсіби дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Жезқазған қаласындағы № 133 негізгі орта мектебінде «Инклюзивті білім беру жағдайында психологиялық-педагогикалық қолдау» тақырыбында ата-аналар мен мұғалімдерге арналған семинарлар өткізілсе, № 3 мектепте коучингтер, ашық сабақтар, спорттық сайыстар мен «Мейірімділік қолын созайық» акциясы ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, педагогтар Алматы қаласындағы Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығында және Жезқазған қаласындағы «Өрлеу» БАҰО Қарағанды филиалында біліктілікті арттыру курстарынан өтуде.
Қоғамдық серіктестік және мәдени бастамалар
Инклюзивті мәдениетті дамыту – тек білім беру мекемелерінің ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Осы мақсатта Ұлытау облысында қоғамдық және шығармашылық бастамалар қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Жезқазған қаласында жыл сайын өтетін «Үміттің алқызыл желкені» фестивалі – ерекше балаларға арналған ең жарқын мәдени жобалардың бірі. Бұл фестивальде балалар вокал, би, көркем оқу, қолданбалы өнер сынды бағыттар бойынша өз таланттарын паш етеді.
«Балалар инклюзивті академиясы» қоғамдық бірлестігінің Ұлытау филиалы да ерекше қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтендіруге бағытталған бірқатар жобаларды қолға алып отыр.
Инклюзивті қоғам – мейірімді қоғам
Қазақстан Республикасының 2025–2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасына сәйкес, 2030 жылға дейін ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдай жасаған білім беру ұйымдарының үлесін 80%-ға жеткізу жоспарланған. Бұл межеге жету жолында Ұлытау облысы сапалы инфрақұрылым, кәсіби мамандар мен қоғамдық қолдауға сүйенеді.
Мамандардың пайымдауынша, инклюзивті балалар санының артуына тек диагностика ғана емес, әлеуметтік-экологиялық факторлар да әсер етуде. Өнеркәсіптік аймақтарда бұл мәселе әсіресе өзекті. Сондықтан инклюзивті білім – бұл тек педагогикалық емес, әлеуметтік, медициналық және мәдени мәселелердің тоғысқан тұсы.
Инклюзивті балалар санының артуы – қоғамның бұл мәселеге көзқарасының өзгергенінің дәлелі. Ең бастысы – ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қоғамнан оқшауламау, керісінше, олардың толыққанды өмір сүруіне жағдай жасау. Ұлытау облысында бұл бағытта жасалып жатқан жүйелі жұмыстар – инклюзивті, әділетті, мейірімді қоғамға бастар жолдың бастауы.
Ізтай Белгібайұлы.