Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қарағанды қаласының тұрғындары Әмір мен Арманға (Қылмыстық істегі адам аттары өзгертіліп алынды – авт.) қатысты сотқа ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігінің 1, 2, 3-тармақтары, яғни есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу іс-әрекеттерін адамдар тобының алдын-ала сөз байласуы, бірнеше рет қайталануы және есірткі, психотроптық заттар, сол тектестердің аса ірі мөлшерде болуы бойынша берілген қылмыстық істі қарап, анықтады.
2021 жылдың алғашқы айында Әмір мен Арман өзара сөз байласып, шылқыған байлыққа кенелу мақсатындағы қолға алған істерін жүзеге асыру үшін атқаруға тиісті міндеттерін бөліседі. Сөйтіп Арман Жамбыл облысынан Қарағандыға аса ірі мөлшердегі есірткі заттарды жеткізуге тиісті болады. Әмір серіктесінің ол «қазынасын» қабылдап алып, оны жасырын сақтауды, қажет мөлшерде буып-түйуді және көпшіліктің көзіне түсірмей сатуды өз мойнына алады.
Қалтасында білдей бір жоғары оқу орнын бітірген дипломы бола тұра 34 жастағы Әмірдің тұрақты жұмыс орны болмады. Бір кәсіппен айналысып, отбасын асырауға деген жауапкершіліктен ада еді. Оның есіл-дерті оңай олжаға кенеле қою. Еңбектеніп тер төкпей-ақ ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, ақша табуды әдетіне айналдырған. Оңай келе қоятын ақша бар ма! Бұдан бірер жыл бұрын ұрлық жасаймын деп істі болған. Сөйтіп үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілген.
Өзінің жазалануынан сабақ алған Әмір жоқ. Арманмен сөз байласқан соң өз міндетіне алған шаруаны қалай жүзеге асыруды жатпай-тұрмай ойлады. Есірткі саудасын қыздыру үшін өз таныстарының арасынан қомақты ақша табуға құныққан жандарды іздестірді. Әмір таңдауы ең алдымен бірден Тутаевқа түскен. Екеуі бала кезден дос болатын. Ол Әмірдің ұсынысына «кет әрі» еместігін аңғартты. Тутаев Әмірді бұрын өзімен 5-6 жыл құрылыста бірге жұмыс істеген Морозовпен таныстырды. Әмір оларға 10 килограмм есірткі сатып алу үшін 3 миллион теңге ақша керек болып тұрғанын айтқан. Бұл 10 килограмм есірткіден әрқайсысы 600-700 мың теңгеден кіріс түсіруге болатын еді. Сондықтан екеуі аталған ақшаны беруге келісе кетті. Бірі – 2 миллион теңге, екіншісі 1 миллион теңге қолма-қол ақшаны әкеліп Әмірдің қолына ұстатты. Ол бұл ақшаны өзара келісімге орай Арманға берді.
***
Әмірдің Арманмен таныстығы 2020 жылдың күзінде басталған еді. Әмір ара-тұра таксиші болып жолаушылар таситын. Автокөлік тұрмысқа шықпай тұрып сатып алған келіншегінікі болатын. Тек қала ішінде ғана жүретін Әмірге бір күні жас жігіт келіп, өзін Шу қаласына апарып қайтуды өтінді. Жолпұлға едәуір көлемдегі ақшаны айтты. Әмір оның ақшасына қызығып кетті. Арманмен осылай танысқан еді. Ол Әмірдің сол жолы телефонын жазып алған болатын. Содан бастап тұрақты хабарласатын болды. Әмір қолы ашық жігіттің айтқанын екі етпейтін. Айтқан жеріне жеткізіп, күн-түн демей қызмет көрсетуге дайын тұрды.
Сол 2020 жылдың күзінде Арманды Шу қаласына тағы апарған. Ол бірнеше адамдармен жүздескен. Қайтарда автокөліктің жүксалғышына қорап әкеліп салған. Әмір ол қораптың ішінде не барын білмеген. Арман жолда келе жатқанда есірткі сатып алатын таныстарың бар ма деген тұрғыда әңгіме қозғаған. Өзі айтпаса да оның есірткі сатумен айналысатынын аңғарған.
– Мен «ұнтақтың» 3-4 стаканын берейін. Әр стаканды 30 мыңнан сат та, бір стаканның құнын өзіңе алып қал, – деген Арман.
Айтқанындай-ақ, бірнеше мәрте «ұнтақ» берген. Әмір оны Пришахтинскідегі таныстарына сатып, өзі де олжалы болған.
Сөйтіп жүргенде Әмір бірде танысы Олесяға кездесіп қалғаны. Оның есірткі заттарды сатқаны үшін істі болып, сотталғанын білуші еді. Бұл ойда жоқ жерде Олесяның ұшыраса кеткеніне мұндай қуанбас…
Арман да Олесядай тісқаққан әріптесімен байланыс орнатуға қуана келіскен. Әмір онымен қалай кездескенін, Олеся 2 килограмм анашаны сатып алғысы келетіндігі туралы айтқанын ден қоя тыңдаған. Арман Әмір сұраған 3 кило анашаны ойланбастан қолына ұстатқан. Әмір оны Олесяға 1050000 теңгеге сатып, ол ақшаның 900000 теңгесін өзіне әкеп берген. 150 мың теңгесі, әрине, Әмірдің өз пайдасы.
Арман Әмірге дән риза. Алғашқыда 3-4 стакандай ғана алып сатуды бастаған еді. Байқайды, ол кейінгі кезде есірткі саудасымен белсене айналысып жүр. Ол өзінің енді «ұнтақты» қомақты көлемде өткізейік деген ұсынысын да қуана қарсы алды. Олесямен тұрақты байланыс орнатқаны қандай жақсы болды. Одан бұрын 10 килограмм анашаны сатып алуға қажетті 3 миллион теңгені қолма-қол ақшамен әкеліп қолына ұстатқаны және бар. Әмір ол ақшаға Шу қаласындағы танысы Сұлтаннан «ұнтақ» сатып алған еді. Арман Әмірге қалай риза болмасын, кейінірек Морозовтан 1200000 теңге, ал Тутаевтан 2100000 теңге және әкеп берді емес пе. Ол ақшаға Шудан әкелген «ұнтақты» сыбайластарына ың-шыңсыз таратып, өзін де, өзгелерді де олжаға кенелткені атап айтарлық-ақ.
Әдеттегідей, ол 300 мың теңгеден сатып алдым деп алдаған. Шын мәнінде, 240 мың теңгеге түскен еді. Иә, Арман өз пайдасын біледі. Қылмыс әлемінде «тәжірибесі» айтарлықтай. 31 жастағы ол екі мәрте сотталып «үлгерген» болатын. Алғаш рет алаяқтық қылмыстық әрекетіне орай 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын айыру жазасын өтеуіне мәжбүр болған. Ол екінші мәрте 2017 жылдың қаңтарында Қылмыстық кодекстің алаяқтық бабымен және істі болды. Сөйтіп, қылмыстық жолмен тапқан бар дүние-мүлкі тәркіленіп, 4 жылға бас бостандығынан айыруға жазаланды. Ол 2017 жылғы 14 наурызда рақымшылыққа ілігіп, жазасы 1 жыл 8 айға қысқартылады. Содан 2019 жылғы 6 қарашада бостандыққа шығады. Тағдырдың бұл сәйкестігіне не дерсің, тура екі жыл өткен соң қараша айының 6-сында Арман қайта қамауға алынды. Бұл жолы оның үстінен есірткі саудасымен айналысқанына орай қылмыстық іс қозғалды.
***
Арман өздерінің қылмысының әшкере болуына сенімді серігі Әмір түрткі болғандығын сот отырысында естіп білді. Куә ретінде бүркеншек атпен жауап берген Андрей бәрін жайып салды. Ол Әмірді бала кезінен жақсы білетін. Ескі танысымен 2021 жылғы қыркүйектің 13-інде ойда-жоқ жерде кездесе кеткені. Андрей көшеде қол көтеріп, такси тоқтатқан. Сөйтсе, жүргізуші Әмір екен. Олардың жүздеспегеніне үш-төрт жыл болған еді. Әмір осы уақыт бойы қайда болғанын сұрағанда, Андрей өзінің есірткі заттарын сатамын деп ұсталып, түрмеде отырып келгенін жасырмай айтқан-ды. Сол-ақ екен Әмір оған 3 килограмм анашаны сатып беруін өтініп, жата жабысты. Андрей оған сырғытпа жауап беріп, құтылып кетейін деп ойлаған еді. Бірақ ол қыр соңынан қалмай, «ұнтақты» 1050000 теңгеге сатып алатын адамды тауып беруін өтініп, қоймай қояды.
Андрей ертеңіне құқық қорғау органына барып, Әмірдің есірткі затын ашық саудалап жүргені туралы арыз жазды. Мұндай қадамға баруына бұл қылмыстық іспен қайтып айналыспау жөнінде өзіне-өзі берген уәдесінде тұруы ықпал болған еді. Барша жұртшылықтың өмірі мен денсаулығына аса зиянын тигізетін бұл затты саудаға түсіргендердің жолын кеспек болған шынайы ниеті оның осындай әрекетке ерікті түрде баруына итермелеген.
Андрейдің Әмірмен кездесуіне толықтай дайындық жасалды. Курткасына камера орнатылды. Қолына 10000 және 20000 теңгелік купюрлардан тұратын 1050000 теңге сомасындағы ақшаны берді. Камера қосулы болды, үнемі жазба жүріп жатты. Көшеге шыққанда Андрей Әмірге қай жерде кездесу керегін қалталы телефонымен хабарлады. Ол сол айтқан жерде кездесіп, машина ішінде отырғанда ақшаны берді. Әмір ақшаны санап алды да, көліктің жүксалғышынан пакетті алып, Андрейге ұстатып жатып:
– Өзіңе осы мәселеге орай тағы да хабарласуыма бола ма? – деп сұрады.
– Тек егер килограмдар болса ғана, – деп жауап берді Андрей.
Екеуі жылы қоштасқан соң Андрей такси ұстап, алдын ала келісілген жерге келсе, полиция қызметкерлері өзін күтіп тұр екен. Полиция бөлімшесіне барған соң қараса, пакеттегі 3 орамның ішінде көгілдір түсті зат бар екен. Тиісті хаттама толтырылды. Барлық жүріс-тұрыс толықтай таспаға түседі.
Полиция қызметкерлері сол сәттен бастап Әмірдің ізіне түсті. Ол өзін аңдушылар бар екенін, әрине, сезбеді. Андрейден алған ақшаның, әдеттегідей, өзінің үлесі ретінде 150 мың теңгесін алып қалып, қалған 900 мың теңгесін Арманға оның пәтеріне апарып берген еді. Сөйтіп өзінің сыбайласы Арманды әшкерелейді.
1 қараша 2021 жыл. Арман Шу қаласындағы «әріптестерінен» 6 килограмм анашаны сатып алады да, Қарағанды қаласына жолай кетіп бара жатқан автокөлікке салып жібереді. Әмір ол машинаны алдын-ала келісілген жерде күтіп алып, жіберілген «сәлемдемені» Арманның пәтеріне жеткізіп береді.
Арман ертеңіне сағат 11:30 шамасында Шудан жеткізілген анашаның 5 килограмнан сәл астамын одан әрі өткізуі үшін Әмірге береді де, қалған бөлігін келешекте сату үшін өз пәтерінде заңсыз түрде сақтайды.
Полиция қызметкерлері Әмірді 2021 жылғы 6 қарашада сағат 18:25 шамасында қолға түсірді. Оның автокөлігінен салмағы 169,84 грамм анашаны тауып алды. Сол күні сағат 20:50-де Әмірдің пәтерін тінткенде 73 орамға оралған барлық салмағы 5276,77 грамм құрайтын анаша табылды.
Сол күні сағат 20:40 шамасында Арман өз үйінің жанында ұсталды. Ол ұсталу сәтінде салмағы 309,1 грамм болатын 5 полимерлік пакетке салынған қолындағы пакетті жерге лақтырып үлгерді. Сағат 21:50 шамасында Арманның пәтерін тінту кезінде барлық салмағы 557,58 грамм анаша тығып қойған жерінен алынды.
Сот отырысында куәгерлер жауап бергенде Арман мен Әмірді тұтқындау және олардың пәтерінен тінту заңды түрде жүргізілгеніне куәлік етті.
Әмірдің есірткі саудасымен тікелей айналысқанына байланысты сот отырысында 7 куә өз жауаптарында нақты айғақ берді.
Сот отырысында сотталушылар Әмір мен Арман өздерінің қылмыстық әркеттерін толықтай мойындады. Сөйтіп олар есірткі тұзағына оңбай ілікті. Әмір 12 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын арқалады. Ал Арман сот үкімімен қылмыстардың қайталануына орай кәнігі қылмыскер ретінде танылып, 14 жылға кесілді.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.