Бейсенбі, 15 Мамыр , 2025
  • Редакция
  • Газет тарихы
  • Жарнама
  • Баспасөзге жазылу
  • Байланыс
Cuprum News
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Экономика
    • Әлеумет
    • Қоғам
    • Өнер
    • Білім
    • Зерде
    • Спорт
  • «Қазақмыс»
    • Өндіріс өрісі
    • Өндіріс өрендері
    • Топжарған
    • «Қазақмыс» құрылымдарында
    • «Қазақмыс»: әлеуметтік серіктестік
    • «Қазақмыс»: қолдау
  • Кәсіподақ тынысы
  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
Cupum News
Басты бет Дидар

Біздің Балтекең

02.11.2023
- Дидар
0
Біздің Балтекең
83
БӨЛІСТІ
231
ҚАРАЛДЫ
Facebook арқылы бөлісуTwitter арқылы бөлісу

Әріптестері осылай әспеттейтін Балтабек ӘБЕУ шындықты шырқыратып айтатын, ешкімнен тайсалмайтын табанды тұлға еді. Тура он бес жыл облыстық «Жезқазған туы» газетінде үзеңгілес еңбек еттік. Осы ғасырдың басында аймақтық «Мысты өңір» газетінде екі-үш жылдай басымыз тағы тоқайласты. Сонда өзі тізгінін ұстап отырған бас редактордың орынбасары қызметіне мені ұсынып, тілші болғанда, кейбіреу түсінбей қалған. Балтекеңнің болмысын бір адамдай білетін мен түсіндім. Сеніміне сызат түсірмеуге тырыстым. Турасын айтамын деп, тұмсық талай рет тау-тасқа тиді, қудаландым. Бірақ, әділдік салтанат құрған сәтті де көрдім. Тәуба!

Жалпы, жергiлiктi журналистiң саясатқа араласуы, билiк туралы батыл пiкiр айтуы оңай емес. Біраз басылым бiрбеткей Балтекең сияқты журналистің жазғанын жариялауға жүрексiнетін. Ондайда тәжiрибелi қаламгердiң қисынын тауып, қиюын келтiрiп жiберетiн құдiретi бар. «Ақ жол» партиясы 2003 жылы жариялаған республикалық байқауда республикалық «Жас Алаш» және аймақтық «Мысты өңiр» газетiнде жарияланған демократиялық құндылықтарды орнықтыру мәселесiне арналған мақалалары үшiн жүлде алуы, соған дәлел.

Кездескенде: «Әлiбек, бiздiң өңiрге баяғы «Алтын аймақ» сияқты шындықты шырқыратып жазатын бiр басылым керек-ақ» деп, бiраз салиқалы сыр ақтаратын. Балтекең туралы естелік жазуға оқталғанда оның өзін «сөйлеткім» келді, сосын сондай сырласу аясында туған, «Жас Алашта» жарияланған (23.06.2011 ж.) сұхбатты ұсынғанды жөн көрдiм

 

Сондай-ақ оқыңыз

Біз – ханын қадірлеген, биін ұлықтаған ұрпақпыз

Біз – ханын қадірлеген, биін ұлықтаған ұрпақпыз

10.02.2023
Сәулелі ғұмыр иесі

Сәулелі ғұмыр иесі

13.01.2023

«Азат» тәуелсіздікті жедел жариялауды жақтады

– Сiздi оқырмандар «Оппозициялық көзқарастағы журналист» дегенiн талай естiдiк. Елiмiз егемендiк алмай тұрып-ақ жезқазғандық бiр­қатар ұлтжанды азамат «Азат» азаматтық қозғалысының жергiлiктi буынын құруға талаптанғаны есiмде. Бұл жолға қалай түсiп жүрсiз?

– Қалам ұстағандарды қалай атағанына қарап, оқырмандарға төрелiк айта алмаймын. Бәлкiм, бұл – еңбегiмдi бағалағаны шығар. Бiрақ, мен өзiмдi оппозиционер емес, азаматтық парызымды, кәсiби мiндетiмдi адал атқаруға тырысқан журналиспiн деп есептеймiн. Адалдықты, басқаға бас ұрмауды, жағымпаздықтан жырақ жүрудi әкем үйреттi.

Ал, оппозицияға келетiн болсақ, 1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсi­нен кейiнгi оқиғалар әрбiр саналы қазаққа ой салды. 1990 жылы құрылған «Азат» азаматтық қозғалысы қа­зақтардың санасына саңылау түсiрдi. Журналист Аманғали Әбуов бастаған бiр топ азамат «Азат» қозғалысының Жезқазған облыстық бөлiмшесiн құруды қолға алды. Бiрақ, облыстық партия комитетi тарапынан қарсылық күштi болды да, 1991 жылдың жазында ғана сәтi түстi. Сол кезде облыстық газетте жауапты хатшы қызметiн атқарып жүрген мен ұйымның үйлестiру кеңесiне мүше болып сайландым. Қазақстанның жедел Тәуелсiздiк жариялауы – «Азат» көтерген басты мәселенiң бiрi болды. Бұл сол кездегi билiкке ұнамады. Қозғалыстың қызметiн қалайда тұншықтыруға тырысты.

Бiр күнi қозғалыстың белсендiсi болып табылатын төрт-бес адамды қала басшысы, қазiргi Сенат төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев шақырды. Бардық. Қала ақсақалдары да қатысты. Олар бiздi «Азат» қоз­ғалысынан бас тартуға үгiттедi. Бiрақ, бiз ығына жығыла қоймаған соң, арғы ойын аңғартып алды. Қорқытуға көштi. Содан берi 20 жыл өттi, ондағы әңгiме қазiр түрлiше бұрмалануы, тiптi мойындалмауы мүмкiн. Алайда, менiң қолымда сол кездесуге байланысты пiкiрлер айтыл­ған газет мақаласы бар.

Елiмiз Тәуелсiздiк алған соң «Азаттың» бiр бөлiгi партия құрды. Бiз оған қосылмай, қозғалысты сақтап қалдық, ол облыс таратылған 1997 жылға дейiн iстедi. «Азат» қозғалысы Тәуелсiз­дiктi жедел жариялау­ды жақтады. 1991 жылғы «тамыз бүлiгiнен» кейiн басқа республикаларда бұл үдерiс тездетiлдi, ал бiз көштiң соңында қалып, кешiгiп жарияладық, соған да тәуба!

 

Әкім мен әйелдің айырмашылығы неде?

– «Әкiм мен әйелдiң айырмашылығын Балтабектен сұраңдар» деген әңгiме шыққаны есiмде. Соны бiр еске түсiрсек?! Өйткенi, әкiм төңiре­гiнде әңгiме түгесiлер түрi жоқ. Мен жергiлiктi басқару жүйесiнде реформа жүргiзiл­мей жатқанын меңзеп отырғанымды да түсiнген боларсыз…

– Ол 2004 жылғы оқиға ғой. Сол кезде «Ақ жол» партиясының «Алтын аймақ» деген газетi Жезқазғанда шығарылып, Орталық Қазақстан өңiрiне таратылатын. Соған берген менiң сұхбатым «Билiктегiлер­дiң табаны жерге тимей, әдiлдiк болмайды» деген тақырыппен жарияланды. Оның бiр тақырыпшасы «Әкiм мен от сұрай келген әйелдiң айырмасы бар ма?» деп аталды.

Қарағанды облысын Камалтин Мұхамеджанов басқаратын. Өзiң бiлесiң, облыста Ұлытау және Ақтоғай деген аудандар бар. Бiрiнде Қазақ мемлекеттiгiнiң негiзi қаланған, облыс орталығынан 700 шақырымдай қашықтықта жатыр. Ақтоғайда Алашорда көсемдерi Бөкейханов, Ермеков, Ақбаев туған, облыс орталығынан 250 шақырым жерде. Облыс әкiмi осы екi ауданға ұзақ уақыт бармаған. Араға үш жыл салып Ақтоғайға барғанда, обалы кәне, мұнысын әкiмнiң бетiне басыпты.

Сонда облыс әкiмi: «Әлдекiм­нiң өсегiне сенiп қалыппын» деп, кешiрiм сұрағандай болыпты. Ұлытауға да сөйтiптi. Сонда деймiн-ау, облыс әкiмi мен от сұрай келiп өсек айтып, не тыңдап кететiн әйел арасында айырмашылық бар ма, өзiң ойлашы? Әкiм, бәлкiм, екi ауданның басшыларын жақтырмаған шығар, бiреулер арасына от тастаған шығар, бiрақ, халықтың қандай жазығы бар? Халықтың жағдайын бiлу әкiмнiң бiрiншi кезектегi мiндетi емес пе?

– «Әкiмдер жақтырмайтын журналист» аталуыңыздың астарында осындай ойларыңыз жатыр-ау шамасы?

– Айта берсiн. Әкiмдер жақтырмайды екен деп жел жағынан жүрмеймiз бе, ретi келiп тұрса шындықты айтпаймыз ба? Өзiң бiлесiң, осы Жезқазғанды он жыл басқарған Ибадiлдин деген әкiм болды. Оның аймағымызға аса танымал азаматқа, ғалымға жасаған қиянаты туралы «Бұл кең ойлап, кемел пiшер тұлғаның iсi ме?» деген мақала жаздым.

– Сiздiң шен-шекпен­дiлерге шекеңiзден қарайтыныңызды бiлемiз ғой!? Бұрын ретiн келтiрiп сын садағына алып жататын едiңiз, зейнеткер­лiкке шыққаннан берi қолыңызға қалам ұстамайтын болып кеттiңiз. Кейiнгi кезде ғана ептеп көрiне бастадыңыз. Оның өзiнде жергiлiктi билiкке бүйрегiңiз бұратыны байқалып қалды. Жуырда Жезқазғанның әкiмiн жақтап жазған, оған дейiнгiлердi iске алғысыз қылған мақалаңызды оқыдық. Шау тартқасын сынаудан шаршадыңыз ба, әлде басқадай себебi бар ма?

– Шен-шекпендiлердiң, оның iшiнде әкiмнiң халық арасында белгiлi бiр дәрежеде жағымсыз кейiпкерге айналғаны рас. Себеп-салдарын зерттеп, зерделеу керек. Сонымен бiрге, бәрiне бiрдей күйе жағуға болмайды. Арасында адалы да жеткілікті. Мен шен-шекпендi­нi неге жақтырмаймын? Бұған қазақтың маңдайына сыймай кеткен бiртуар тұлғасы Алтынбек Сәрсенбайұлының сөзiмен жауап берейiн. Алтекең өзiнiң «Үштаған» деген шығармасында: «Кез келген әлеуметтiк зерттеулердi жасқанбай қараңыз. Кез келген сұрау салудың деректерiне үңiлiңiз. Көзiңiздiң жететiнi – халықтың қаламайтыны – сыбайласқан шенеунiктердiң тобы. Сiз бен бiз төлеген салық есебiнен жеген наны аздай, бiздiң ортақ ұлттық байлығымызды тонап жатыр» деп жазыпты. Мiне, мен жемқор, жағымпаз, екiжүздi, даурықпа, шенқұмар шенеу­нiктi ұнатпаймын. Елде халықтың ортақ байлығын жалмап жатқан қансорғыш жемқорлықтың жетi басты жалмауыздай жан-жағын жайпауына билiктегi шен-шекпендi кiнәлi. Өйткенi, сыбайлас жемқорлық жайламаған жер жоқ.

Ал, ендi былтыр тамызда Жезқаз­ғанның тiзгiнiн қолына алған Берiк Әбдiғалиұлына келер болсақ, оның маған, ең алдымен, ұлтжандылығы, шешiмдiлiгi ұнады. «Уақыттың қалауынан құтыламын деу – күнәһардың iсi» деген мақаламда мен оны мақтаған немесе жақтаған жоқпын, жасап жатқан iсiне қолдау бiлдiрдiм. Ол отбасы табысын газетте жария­лады, қай әкiм мұндай қадамға барып едi? Оған дейiнгi әкiмдер Желтоқсан көтерiлiсiне көше атауын бермек түгiлi, Желтоқсанды ауызға алуға қорқатын. Қаланы көркейтудi қолына алды. Оған дейiнгi әкiмдер «Қазақмысқа» алақан жаюды әдетке айналдырғанын бiлесiң, оның астарында масылдық пиғыл жатты. Берiк Әбдiғали­ұлы келген бетте «Бiздi «Қазақмыс» асырайды» деген масылдық психологиядан арылу қажеттiгiн ашып айтты.

Өзiң бiлесiң, Бейсенов деген бала Жезқазғанды сегiз ай басқарды. Жезқазған Ұлытаудың қақпасы екенi белгiлi. Қасиеттi Ұлытауға келгендер қалайда Жезқазған арқылы өтедi. Сондықтан, қалада ұлттық нақыш, қазақы кейiп басым болуы керек. Осы ойымды газет арқылы әкiмге жеткiздiм. Ал, ол болса «маған ақыл айтатын Әбеуов деген кiм?» деп, ершiгiн бауырына алып тулады. Берiкке де жолығып, осы ойымды айт­паққа оқталып жүр едiм. «Тым болмаса, көшелердiң орысша атауын құртыңыз» демек болғам. Келген бетте дәл осыны жүзеге асырды. Тоқсаныншы жылдары қалалық «Қазақ тiлi» қоғамының төрағасы Төлеген Бүкiровтiң басшылығымен бiр күнде 49 көшеге ұлт мақтаны болған ұл-қызымыздың есiмiн беруге қол жеткiздiк. Содан кейiн көшеге, мектепке халықтың жақсы-жайсаңының есiмiн беруге байланысты төңкерiс жасаған Берiк Әбдiғалиұлы болды. Ел рухын көтеретiндей қаншама игi шара жүзеге асырылып жатыр. Қайталап айтайын, оған дейiн қаланы басқар­ған бес әкiм де осындай өзгерiс жасауға бата алмаған. Өйткенi, олар секемшiл, қорқақ болатын, халықты ойламайтын. Маған Берiктiң батылдығы, тез шешiм қабылдайтыны, ұлт үшiн қызмет ететiнi, Қазақ идеясын, Алаш идеясын көркейтудi көздейтiнiн жасырмай ашық айтатыны ұнайды.

Әлгi мақаламда орталық алаңның Алаш атауын қалдыруды ұсындым. Бұрынғы Ленин алаңын «Алаш алаңы» деп атауды алғаш ұсынған мен едiм. Мұны газеттер де жазған. Қазақстанның басқа қаласында бар ма, жоқ па, оны бiлмеймiн, бiрақ Ұлытаудың қақпасы болып табылатын қалада Алаш алаңы асқақтап тұру керек. Бiшкекте Манас алаңын, ескерткiшiн көрдiм. Ескерткiш iргесiне «Манас» дастанын жырлағандар мүсiнi жағалай қойылыпты. Неткен жарасым, неткен рух! Бiзде де Алаш алаңы, Алаштың өшпес рухын беретiн бейнелер болуы керек. Әкiм жоспарлап отырған Тәуелсiздiк ескерткiшi осы Алаш алаңында тұрса, бiрiн-бiрi асқақтата түсер едi.

«Берiкке дейiнгi әкiмдердi iске алғысыз етiпсiз» дейсiң, қызметi қау­сап жатса, қайтесiң. Сегiз ай әкiм болған Арман Бейсеновтi алайық. Неге келдi, неге кеттi? Оны сол кездегi облыс әкiмi К. Мұхамеджановтан басқа ешкiм бiлмейдi. «Әкiм­дiк ойыншық па, халық ойыншық па?» деген мақала осыдан туған. Осындай орынсыз тағайындау, тамыр-таныстыққа қарап қызмет бөлiсу жергiлiктi билiктiң ғана емес, жалпы билiк атаулының беделiн түсiредi.

Тағы бiр таңғаларлық жағдай белең алып тұр. Билiктегi шен-шекпендi, бiрiнiң ауызына бiрi түкiрiп қойғандай, сөзiн «Мемлекет басшысының тапсырмасымен» деп бастайды. Мұны, әсiресе, Кәрiм Мәсiмов пен Нұрлан Нығматуллин қаза жiбермейдi. Сонда қалай, Назарбаев тапсырма бермесе, олар жұмыс iстемей ме? Президент айтпаса аурухана, мектеп салмай ма? Әлде оның айналысатын одан да маңызды шар­уасы жоқ па? Ол құрылыспен емес, мемлекеттiк мәселемен шұғылдануы керек. Өз бетiмен жұмыс iстей алмайтын, нұсқау күтiп отыратын Үкiметтiң, әкiм-қараның қажетi бар ма?

Жалпы, бiздiң шен-шекпендiлер өз басымен ойлап, өз бетiнше шешiм қабылдаудан қашқақтайды. Дұрысы, жауапкершiлiкке жоламайды. Түйме­сiн басып iске қоспасаң, мелшиiп тұра беретiн робот сияқты. Осының бәрi қазiргi қалыптасқан саяси жүйенiң қателiгi. Жергiлiктi басқару жүйесiн реформалау, өзiн-өзi басқару жүйесiне көшу айтылады, сол айтылған жерiнде қалады. Менiң ойымша, әкiмдiк басқару жүйесiнiң мүмкiндiгi сарқылып келедi. Әкiм мектеп салуды былай қойғанда, жөндеу үшiн жоғарыдан қаржы сұрауға мәжбүр. Жергiлiктi мәслихат әкiм қабылдаған құжатты бекiтетiн «нотариус» қызметiн атқарып отыр. Оның жергiлiктi билiктегi орны айқындалмаған.

– Мұның басты себебi неде деп ойлайсыз?

– Бiзде билiкке балама құрылымның болуына жол берiлмей келедi. Саяси жүйенiң секемшiлдiгi сондай, оппозициядан да қорқады. Ақыл-есi дұрыс, қоғамдық құрылысы түзу елде, мысалы, Үкiметке немесе жергiлiктi билiкке балама құрылымдар қызмет iстейдi екен. Әлгi «көлеңкелi кабинет» дегенiңiз осылар. Ресми билiкпен бiрге олар да балама жобалар ұсынып отырады. Дұрысы қабылданады. Ресми билiк балама билiктiң сынына iлiнсе де, бет жыртыспайды, терiс айналмайды. Халық үшiн бiрлесiп жұмыс iстейдi. Бiздегi үкiметтiк емес ұйымдардың мұндай iспен айналысуға құлқы жоқ, жоғары билiктiң қолбаласы сияқты, тиын-тебен алғанына мәз. Олардың не iстеп жатқаны да белгiсiз. Бұрын жұрт: «Ақша жегiң келсе, қор құр» дейтiн, қазiр «…үкiметтiк емес ұйым құр» дейтiн болыпты.

Адамзаттың, қоғамның дамуы болжау жасауға болмайтын үрдiстермен өрнектелуде. Араб елдерiндегi жағдай кез келген мемлекеттi ойландыруы тиiс. Олардың тұрмысы бiзден артық. Қолында – құран, ауызында – Алла. Ендеше не жетпейдi, неге көтерiлдi? Ресейде бұл мәселе қызу талқылануда. Бұған «АҚШ-тың iсi», «Ғаламтор кiнәлi» деп қарауға болмайды. Қоғамдық құрылым кiнәлi ме, әлде адамның таным-түсiнiгi бiз бiлiп болмайтындай бағытқа бет алғаны ма? Ресей ғалымдарының пiкiрiнше, осының бетiн ашып, Араб елдерiндегiдей жағдайдың алдын алу керек. Ал бiздiң ғұламалар мен саясаттанушылар селт етер емес.

 

Тілді өзіміз тұсап отырмыз

– Сiз тiл жанашырының бiрi, «Қазақ тiлi» қоғамының белсендiсi бол­ғаныңызды бiлемiн. Қызыл империя­ның кезiнде «Қос тiл – қос қанатың» деп шуылдаттық. Оның түп-төркiнi түсiнiктi. Ал, Қазақстан Тәуелсiздiк алғаннан берi «Тiл тағдыры – ел тағдыры» деп күңiренiп келемiз, еңiрегенде етегiмiз жасқа толады. Алайда қазақ тiлiнiң көсегесi көгеретiн түрi жоқ. Неге?

– Кезiнде «Қазақ тiлi» қоғамының облыстық, қалалық ұйымында басқарма мүшесi болдым. Облыстық қоғамның «Ақиқат», кейiн «Аян» газетiн шығаруға жауапты хатшы ретiнде белсене қатыстым. Есiңде болар, Тәуелсiздiк жариялаған соң орыс диаспорасы, басқа жердi бiлмеймiн, Жезқазғанда қазақ тiлiн үйренуге ынта-ықыласпен кiрiстi. Кеткенi кеттi, қалғаны ендiгi жерде тағдыры қазақ тiлiн бiлуiне байланысты боларын ұға бастады. Қазақ тiлiн үйрететiн курс­тар­ға мұғалiм жетпегесiн, тiптi бiз­ге, журналистерге қолқа салғаны есiңде шығар. Өйткенi, қазақ тiлiн үйренуге ынталылар қатары көп едi.

Өкiнiшке қарай, тоқсаныншы жылдардың ортасына қарай билiктiң тiл мәселесiндегi саясаты салқындап сала бердi, орыстiлдiлердiң ыңғайына жығыла бастадық. Сөйтiп, әлгi үрдiс iркiлдi. Қазақтың, оның тiлiнiң мұң-мұқтажы ойына кiрiп-шықпайтын халық Ассамблеясы деген құрылды. Оның жер-жердегi ұлттық мәдени орталығы да ойламайды, өз тiрлiгiмен әлек. «Халықтар бiрлiгi» дегендi бетке ұстайтын болдық. Мемлекеттiк тiлдi бiлмеу – Ата Заңды сыйламағандық. Ал, Ата Заңды сыйламау – Тәуелсiз елдi мойындамағандық. Ендеше, «Халықтар бiрлiгi» деп неге елiрiп жүрмiз?

Есiңде ме, әнебiр жылдары Украина­да Қара теңiз жағалауынан курорт сатып алған «Қазақмыс» компаниясы соны көрсету үшiн жур­налис­тердi алып бармақшы болды. Айтайын дегенiм, сол сапардан қаладағы қазақ газеттерiнiң журналистерi қалып қойды. Себебi, бiрде-бiреуiнде «шетелдiк төлқұжат» болмай шықты, ала қоюға уақыт тығыз едi. Сөйтiп, орыстар кеттi, қазақтар қалды. Қал­ғандар қатарында өзiң де барсың. Бұл ненi бiлдiредi? Шетелде бiздi күтiп тұрған ешкiм жоқ, жекебас куәлiгi жеткiлiктi. Ал, орыстiлдiлердiң бiр аяғы – Қазақстанда, бiр аяғы бас­қа елде тұр деген сөз. Тарихи отанына кез келген уақытта тартып отырады. Күнi үшiн жүрген олар қазақ тiлiн қайтсiн?! Рас, олардың арасында тағдырын Қазақ елiмен байланыстыруға бел байлағандар да бар, алайда, аз. Өте аз!

 

Журналист тек ақиқатты айтады

– Кәсiби мереке қарсаңында кездесiп отырғандықтан журналистикаға соқпай кеткен орынсыз болар. Қаламдас iнi-қарындастарыңыздың қарым-қабiлетi қанағаттандыра ма?

– Бұдан төрт-бес жыл бұрын бiлiмдi де бiлiктi бiр ақсақал: «Балташ, қазiр газет оқуды қойдым» дегенi бар. «Неге?» деппiн. «Бiр газеттi ашсаң – бiрыңғай мақтау, аузынан ақ май аққан халық. Ендi бiр газеттi ашсаң – дымын қалдырмай даттау. Қайсысына сенерiңдi бiлмей, шақшадай басың шарадай болады» дедi. Алайда, оқырман осы «бар» мен «жоқтың» ортасынан шындықты табуға талпынады. Олардың да көзi ашылып келедi. «Кiмдiкi – ақиқат, кiмдiкi – көзбояушылық» бiледi. «Хабарда» көрсетiлетiн Қазақстанда тұрғымыз келедi» деп еңiрейтiн кем­пiр-шал туралы сайқымазақ сөздiң шығуы тегiн емес. Бұрынғыдай емес, зейнеткерлiкке шыққаннан берi қол бос, уақыт бар, Ресейдiң телеарналарын да көремiн. Олар бiзден көш iлгерi кеткен. «Хабар» мен «Қазақстан» олар­­дың қолына «су құюға» да жарамайды.

Әрине, әркiмнiң өз пiкiрi бар. Ақсақалдың айтқаны да шындықтан шалғай жатқан жоқ. Шындықты жазып, шынайы өмiрдi көрсету кемшiн жатыр. Өкiнiшке қарай, қоғамда қалыптасқан жағдай осыған итермелеп отыр. Оның iшiнде «Бәрi жақсы» деп, жұмақты орнатып, жарыл­қайтындары жетiп артылады. Билiктi сын садағына алатын басылымдар шалғайдағы аймақтарға жете бер­мейдi. Мәселен, Серғазы бауырым тiзгiнiн ұстап отырған газеттiң сатылғанын көрген емеспiн. «Жас Алаш» та сирек түседi. Ала алмай қалсақ, та­ныс­тарымызға сұрау салып жүр­генiмiз.

Мерзiмдiк басылымдарға еркiндiк берiлуi және сол еркiн қалам мен камераны «ел болам» деген мемлекеттiң басшысы қолдап отыруға тиiс. Американдықтар: «Бiздi президент пен ертеңгiлiк газеттер басқарады» дейдi екен. Астарында салмақты ой жат­қан сөз. Ал, Наполеонның: «Маған жаудың 300 сарбазынан гөрi, шындықты айтатын үш газет қауiптi» деген де сөзi бар. Бiздiң билiк осы қағиданы ұстанған, шындықты жазғанды жау санайды, қысым көрсетедi.

Өз басым қазақ тiлiнде жазатын журналистер осал деп ойламаймын. Өкiнiшке қарай, билiктiң бодауында жүргендерi қарым-қабiлетiн ашып көрсете алмай, қор болады. Солардың кейбiреуi оппозициялық көзқарастағы басылымдарға ауысқаннан кейiн, түлеп шыға келгенiн талай көрiп жүрмiз. Газеттерде зерттеу, талдау мақалалар мол болғанын қалаймын. Заман жедел өзгерiстер әкелiп жатыр. Журналист соларды байқай да, болжай да бiлуi тиiс. Ал, ендi ресми басылымдар ауылда пайдалануға берiлген мектеп пен аурухананы керемет жаңалық ретiнде жазып жатқанын көргенде қарным ашады. Ол – ХХI ғасырдың жаңалығы емес, еңсесiн ендi көтерiп келе жатқан, мешеулiктен мезi болған елге тән құбылыс.

Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.

 

Бөлісу33Твитерге21
  • Трендте
  • Пікір
  • Соңғы
Әлемді фашизмнен құтқарған Жезді

Әлемді фашизмнен құтқарған Жезді

21.04.2025
Астана күні неліктен 6 шілдеде тойланады?

Астана күні неліктен 6 шілдеде тойланады?

05.07.2024
«Даналық мектебі» – тәрбие тірегі

«Даналық мектебі» – тәрбие тірегі

16.02.2024
С. Жақыпова Ұлытау облысының әлеуметтік мекемелері мен кәсіпорындарына барды

С. Жақыпова Ұлытау облысының әлеуметтік мекемелері мен кәсіпорындарына барды

15.05.2025
С. Жақыпова Жезқазғанда регрессші кеншілермен кездесті

С. Жақыпова Жезқазғанда регрессші кеншілермен кездесті

15.05.2025
С. Жақыпова Ұлытау облысының әкімі және активімен бірге мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру барысын талқылады

С. Жақыпова Ұлытау облысының әкімі және активімен бірге мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру барысын талқылады

15.05.2025
  • Редакция
  • Газет тарихы
  • Жарнама
  • Баспасөзге жазылу
  • Байланыс

© 2025 © «Мысты өңір» газетінің редакциясы» ЖШС.

Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Экономика
    • Әлеумет
    • Қоғам
    • Өнер
    • Білім
    • Зерде
    • Спорт
  • «Қазақмыс»
    • Өндіріс өрісі
    • Өндіріс өрендері
    • Топжарған
    • «Қазақмыс» құрылымдарында
    • «Қазақмыс»: әлеуметтік серіктестік
    • «Қазақмыс»: қолдау
  • Кәсіподақ тынысы

© 2025 © «Мысты өңір» газетінің редакциясы» ЖШС.

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Please enter your username or email address to reset your password.

Кіру