Жезқазғандық «Коляда» фольклорлық ансамблі Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық шығармашылық ұжымдар фестивалінде бас жүлдені жеңіп алды.
Ұлытау облысының Жезқазған қаласынан келген «Коляда» ансамблі «Ассамблеяға – 30 жыл» атты мерейтойлық фестивальде үздік өнер көрсетіп, елорда сахнасында тамсандырды. Ансамбль – осы өңірдегі орыс этномәдени бірлестігінің белсенді жобасы. Оның жетекшісі Нина Барбутьконың айтуынша, ұжымның мақсаты – жастарды дәстүр арқылы тәрбиелеу, түрлі ұлттардың рухани жақындасуына үлес қосу.
– Біз өзіміздің ұлттық болмысымызды сақтай отырып, Қазақстандық бірегейлікті де дамытуды мақсат етеміз. Бұл – көпэтносты елдің басты құндылығы. Бірлік, өзара құрмет пен тарихқа деген адал көзқарас – біздің басты ұстанымымыз», – дейді әріптесіміз.
Ансамбльдің репертуарында ежелгі славян әндері мен билері бар. Аталған фестивальде олар «Со вьюном я хожу» және «Тимоня» атты халық әндерін орындады. Әсіресе «Тимоня» – тарихи мәні терең, жеңіс рухын жеткізетін ән. Ол 1945 жылы Берлинді алған кезде де шырқалған екен. Енді міне, Астанадағы сахнада қайта жаңғырды.
Жас өнерпаздар – колледж студенттері мен мектеп оқушылары – ұлттық киім киіп, сахнада қазақ еліне ортақ мәдени әралуандықты паш етті. Бұл – тек өнер емес, ұрпақтар сабақтастығы мен рухани үндестіктің белгісі.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында орын алған бұл жеңіс – татулық пен ынтымақ-тың, ортақ мәдени мұрамыздың нақты жемісі. «Коляда» ансамблі – ел ішіндегі достық пен бірліктің нағыз үлгісі.
Ізтай Белгібайұлы.