Арақ-шарап ішу мен қылмыс – қашанда «егіз» ұғым. Ішімдікке сылқия тойып алудың соңы небір қылмыстық әрекетке соқтырмақ. Бұл қылмыстық істің орын алуына да алкогольдік масаң күйдегі жандардың өзара сөзге келіп қалып, жанжалдасуы түрткі болды.
Сотталушы А. өзіне қатысты қылмыстық істі қараған Ұлытау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының отырысында өз кінәсін толығымен мойындады. Ол 2019 жылдың тамыз айында ауылынан қалаға келіп, құрылысшы болып жұмыс істеп жүрген кезінде жәбірленуші Ж.-мен танысқанын айтты. Өзара әңгіме барысында екеуі жерлес болып шығады. Бір құрылыста еңбек етіп жүрген екеуі әрі ауылдас ретінде жақсы сыйласады. Таныса келе Ж.-ның ауылдан қалаға қоныс аударғанына біршама жыл болғанын, пәтер сатып алғанын біледі.
Сотталушы А. 2021 жылдың наурыз айында қалаға жұмыс іздеп келіп, әр жерлерде уақытша жұмыстарға жалданып жүреді. Ол бірде жәбірленуші Ж.-мен хабарласып, оның үйінде уақытша тұра тұруға рұқсат сұрайды. Ж. ауылдасының өтінішіне қуана келісім береді.
Қылмыстық оқиға 2022 жылғы 6 тамызда жәбірленуші Ж.-ның пәтерінде болады. Пәтер иесі мен сотталушы А. және ортақ таныстары Т. – үшеуі қосылып, ас бөлмесінде алкогольдік ішімдіктер ішеді. Үшеуі де масайып қалған. Сағат 17:30 шамасы болатын. Сол кезде жәбірленуші Ж. Т.-мен екеуіне өзінің әлдебір наразылығын білдіріп, балағат сөздер айтып, тиісе бастайды. Ол онымен қоймай екеуін де пәтерінен қуып, «кет те кеттің» астына алады. Өзіне «сен осы уақытқа дейін арамтамақ сияқты менің үйімде тұрып жатсың» деп кінә тағады. Онымен қоймай намысына тиетін небір сөздерді айтқан еді. Таныстары Т. темекі тарту үшін есік алдына шығып кеткен сәтте жәбірленуші Ж.-мен екеуінің арасында жанжал туындайды.
Сотталушы А. ауылдастар арасындағы алауыздықтың кесірінен сол жерде ұрыс-керіс туындағанын баяндады. Өзі ашу-ызаға ерік беріп, үстел үстіндегі ас үй пышағын ала салып, жәбірленуші Ж.-ның алдыңғы кеуде тұсына бірнеше рет соққы жасағанын мойындады. Пышақ жарақаттарынан еденге сұлап түскен Ж.-ға көңіл бөлместен, өзінің іс-әрекетінен қатты сескеніп, жалма-жан сол үйдегі бұйымдарын сөмкеге жинап салып алып, Т. екеуі пәтерден кетіп қалғандарын айтты. Ол сот отырысында берген жауабында өзінің жәбірленуші Ж.-ны өлтіруге деген қасақана ниеті, пиғылы болмағанын, масаң күйде болғандықтан оның сөздеріне қатты ашуланып, намыстанғандықтан осындай әрекет жасағанын, кінәсін толығымен мойындайтынын, істеген іс-әрекетіне шын жүректен өкінетінін айтты.
Жәбірленуші Ж.-ның алған дене жарақаттарының саны мен орналасуына, яғни оның өміріне маңызды мүшелеріндегі жарақаттар оның өміріне қауіпті, денсаулығына келтірілген ауыр зиян болып саналады. Сотталушы А.-ның адам өлтіруге бағытталған әрекеттерін өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейін жеткізе алмағандығын көрсетеді.
Бұл мән-жайды сотталушының өзі де сотқа дейінгі тергеп-тексеруде және сот отырысында теріске шығарған жоқ.
Сонымен қатар сотталушы А.-ның кінәсі оның сотқа дейінгі және сот отырысындағы кінәсін толығымен мойындаған айғақтарымен, жәбірленуші Ж.-ның және куәлердің айғақтарымен, беттесу хаттамаларымен, сотта зерттелген ақиқатты даусыз әйгілейтін іс материалдарымен толық өз дәлелін тапты.
Сотталушы А.-ның іс-әрекеттері Қылмыстық кодекстің 11-бабы 5-бөлігіне сай аса ауыр қылмыстар санатына жатады.
Қылмыстық кодекстің 53-бабына сәйкес, сот сотталушы А.-ның жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның шын ниетпен өкінуін таниды.
Қылмыстық кодекстің 54-бабына сәйкес, сот сотталушы А.-ның жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар ретінде оның қылмыстық құқық бұзушылықты алкогольден масаң күйде жасауын таниды.
Қылмыстық кодекстің 14-бабы 2-бөлігінің 2-тармағына сәйкес, А.-ның бұрын ауыр қылмыс жасағаны, яғни ірі мөлшерде ұрлық жасағанына байланысты 2014 жылы 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасына сотталғанын ескере отырып, оның іс-әрекетінде қылмыстың қауіпті қайталануы бар деп танылуға жатады.
Сонымен сот үкімімен А. Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігінде және 99-бабының 1-бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, сонымен қатар бұл жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтеу белгіленді.
Нұргүл КЕНДИРБАЕВА,
судья.