Олар қоштасарда Диананың жанарына жас келді:
– Мариночка, біз жүздесіп, бір-бірімізді тапқанымызға мен сондай бақыттымын. Сен бірден маған бейне туған апамдай болып көріндің. Сенен тіпті айырылғым келмейді.
– Айырылысу туралы сөз етудің еш қисыны жоқ, – деді Марина. – Біз қоштаспаймыз. Телефон шалып тұр, хабарламалар жаз. Уақыттың сәті түссе әлі талай бірге отырамыз.
***
Нина Петровна шалына аяушылықпен қарады. Өзі үшін ең бастысы: не ойласа да, не істесе де ол үшін екенін қалай айтарын білмей ауызына сөз түспей қойды. Бар ойлайтыны шалының денсаулығы, тыныш тірлігі, амандығы. Өзі үшін күніне екі шыныаяқ шай және үй тосабымен бірнеше кесім нан болса болғаны. Ал Коляға құнарлы тағам, қымбат дәрі керек және көзіне ота жасату қажет. Пәтерлерін жалға бергеннен алатын ақшасы түкке тұрғысыз.
– Коля, кейінгі кезде неге біртүрлі болып жүрсің? Үнжұрғаң түсіп, ашып сөйлеспейтінді шығардың. Сені мазалап жүрген не нәрсе?
– Нина, – деді күйеуі кемпіріне тұнжырай қарап. – «Не ойлап жүрсің?» дейсің. Ой көп. Мен барлығын ұқтым және бүге-шігесіне дейін көз жүгірттім. Пәтеріміз үшін төленетін ай сайынғы қомақты ақша жазылған ана мөр басылған қағазды бүгінгі біздің заманымызда кез-келген алаяқ қолдан жасап ала бермек. Сен менің не жөнінде айтып отырғанымды түсінесің бе? Сен жылы-жылы сөйлеп, өтірікті судай сапыратын Диана туралы не білесің? Ал оның қасында жүрген риелтор Семен бар ғой, менің аңғаруымша, өзін заңгермін дейтін ол – нағыз бандит.
– Адамдар туралы солай ойлайтыныңа мен таң қаламын. Диана – қандай сүйкімді қыз, Семен – қарапайым еңбекқор жан. Олардың осындай іспен айналысып, табыс тапқылары келсе, несі айып. Олардың көп адамдардан бір өзгешелігі, қарақан бастарын ғана ойлап қоймай өзгелерге де көмектесетіндігі. Әсіресе, біз сияқты жалғызілікті қарттарға. Сосын, өзің ойлашы, егер біз келісім беретін болсақ, онда нотариусқа барып қол қоямыз ғой. Қаладағы ол пәтерден не пайда, егер саған дәрі сатып алып беретін ақшам болмаса? Пәтер үшін маған Диананың әкеп беретін ақшасының басым бөлігін ауруханаға, ота жасатуға, одан кейінгі оңалту ем-домына сақтап қойғым келеді. Біз ол пәтерді сатпай тығырықтан шыға алмаймыз. Рас, бұл саяжайда жыл он екі ай тұру мүмкін емесін түсінемін. Көп ұзамай аяз келеді. Диана айтты емес пе, қашан болса да қалаған уақытта өз пәтерімізге барып тұра аламыз. Пәтер оның атына жай жазылғаны болмаса, өзіміздікі.
– Құдайым-ай, бұл не сұмдығың? – деп күрсінді Николай Васильевич. – Біз өз пәтерімізде тұра алатындығымызды Диана айтқан екен ғой. Нина, көзіңді ашып қарасайшы!
***
Марина профессор Николай Васильевич Груздев туралы жазылғандардың бәрін интернеттен тауып алып, түнімен оқып шықты. Аса қасіретті өмірбаян. Ата-аналары – ғалымдар, отыз жетінші жылдары қудаланған. Қалай қайтыс болғаны, қайда жерленгені белгісіз. Николай Груздевтің өзі он алты жасында саяси тұтқындар қамауында болған. Елуінші жылы «өкіметке қарсы қастандыққа қатысқаны үшін» түрмеге қамалған. Бақытына орай, елу екінші жылдың жылымығы туған… Осыдан он жыл бұрын ұлы ауыр науқастан қайтыс болыпты. Болашағы зор ғалым ретінде танылып келе жатқанда отыз бес жасында көз жұмыпты. Марина Павел Груздевтің халықаралық экономикалық алқалы жиында түскен суретін тауып алды. Иә, Диана тұрып жатқан пәтер қабырғасында ілулі тұрған портрет оныкі.
Бұл пәтердің мекенжайы бойынша екі меншік иесі тіркеліпті – профессордың өзі мен оның зайыбы Нина Петровна. Ал Диана бұл пәтерді шімірікпестен өзімдікі дейді. Яғни жалға алған. Уақытша. Ол – болашақты жоспарлай білетін жан. Марина таңертеңіне тұрғын үйлер мекемесіндегі танысына телефон шалды.
– Катя, бір көмегіңді тигізе қойшы. Маған бір қарт ғалым өте қажет болып тұрғаны, оның пәтері Москвада, мекенжайы мынадай… Ол кемпірімен екеуі, сірә, саяжайда тұрады, пәтерлерінде ешкім жоқ. Маған тек мекенжайын ғана берді, ұялы телефонынсыз. Николай Васильевич Груздев. Оның жекеменшігінде тағы не бар, қарап жіберші. Саяжайының мекенжайын осылайша табуға болар.
– Мұның еш қиындығы жоқ. Жарайды, біліп беремін.
Марина он бес минуттан соң Груздевтердің саяжайдағы мекенжайын жазып алып жатты.
***
Диана мен Семен алма бағында темекі тартып тұрды.
– Меніңше, сен өзіңді нағыз ешкі тәрізді ұстайсың, – деді Диана ашуға тығылып. – Соншалықты танымал болмаса да ғалым екенін сен түсінсең етті. Олар жай адамдар емес. Ендеше дұрыстап дайындалмайсың ба? Егер ол сенің ана қағаздарың мен мөріңе сәл де болса күдіктенер болса, онда амал жоқ нотариусқа апаруымызға тура келмек. Сенің ана нотариусың қайбір оңған, оған да сенім жоқ.
– Сенімен ортақ тіл табысу қандай азап, – деп міңгірледі Семен. – Ылғи осы. Қиындықтан шығудың жолын бірлесіп шешудің орнына, менің миымды жейсің. Әлденені сезіп қалып, шу шығарса, телефонға ұмтылса … не болмақ?! Білесің бе, ана жолғы Хренаководағы Гуськова мадам жалған некенің куәлігіндегі штамптың төңірегінде қаншама шу шығарды. Мен шартты мерзімді арқалап жүрмін. Және қолға түссем бітті, түрмеден бір-ақ шығамын.
– Жарайды, түсіндім. Сонымен ең бастысы олар қол қойсын, сосын біз олармен мәселені шешеміз. Б жоспарына кіріселік. Мен шай шығарып жатқанда, сен әлде бір қияли әңгімемен айналдыра тұрасың. Тағдыр тауқыметіне түскендердің аянышты әңгімесін олар беріле тыңдап отырып, стакандарындағы бар шайды тауысып қоятын болсын.
– Байқа, сен әлгінің бір ішім мөлшерін дұрыс есептедің бе? Әсіресе, шалың тым әлжуаз. Қазір маған мәйітіңнің еш керегі жоқ.
– Ал маған дәл қазір керек-ақ. Оларды жоқтайтын жан жоқ. Әлеуметтік қорғау қызметімен өзім сөйлесем.
– Апырай, сенің ойлап таппайтының жоқ! Ал енді шайыңды шығара бер…
***
Марина саяжайлар орналасқан ауданның шет жағындағы шағын баспананың ашық тұрған есігінен ішке кірді. Кірген бетте кең ас бөлмесіне тап болды. Диана мен Семен, бір жақсысы, сыртын беріп тұр екен. Еңкейген қалпы екеуі үстел үстіндегі бірдеңемен әуре болып жатты. Ал Нина Петровна креслодағы күйеуіне еңкейіп, әлдебір дәріні ішкізуге әрекеттеніп жатыр екен. Қарттың тіпті дәрі ішерлік те жағдайы жоқ тәрізді. Нина Петровна жалма-жан шалының тамыр соғысын тексермек болды. Сол-ақ екен, ұялы телефонын алды да, қалтыраған қолымен әлдебір сандарды тере бастады. Сөйткенше Диана оның қолынан телефонын жұлып алды:
– Сен кімге телефон шалмақ болып жатырсың? Ол жай ғана тоқашқа қақалып қалды ғой, не болды сонша абыржып! Дәрі бар ма тағы? Ауызына тық соны. Қазір-ақ дұрысталады. Білемін ғой мен қарт адамды қалай күтіп, бабын табуды.
– Диана, тарт қолыңды! – деп Марина айқай салды. – Нина Петровна, абыржымаңыз, жедел жәрдем дәрігерлерін мен шақырдым, қазір-ақ келеді.
– Мынау қайдан мұнда тап болды! – деген Семен үстел үстіндегі пышаққа ұмтылды.
– Ақымақ, тұрған жеріңнен қозғалушы болма, – деді Марина жайбарақат үнмен. – Саяжай қоршауда. «Жедел жәрдем» машинасы ендігі келіп те қалған болар. Сендер қылмыскерсіңдер!
Диана шай құйылған шынаяққа ұмтылды, сірә еденге ұрып, сындырмақ болды.
– Қозғалмаңдар, – деп Марина оның қолынан шап беріп ұстай алды. Сөйткенше ішке кірген ер адамға қарап: – Ой, рахмет Слава, дер кезінде жеттіңдер. Дәрігерлер мен эксперт те келді ме? – деді.
Бұл келген Маринаның жақсы танысы Вячеслав Михайлович Земцов еді. Кісі өлтіруді тергеу жөніндегі бөлімнің полковнигі.
– Иә, дәл дер кезінде келіппіз, – деді де ол шұғыл әрекет қызметкерлеріне қарап: – Екеуінің қолдарына кісен салыңдар, – деп бұйырды.
– Мені не үшін?! – деді Диана шыңғыра. – Мен мына науқас әрі қарт кісілерге көмектескім келді. Мына Семеннің бандит екенін білсем ше! Ол шайға бірдеңе салды, онысын мен байқап қалдым. Сосын Николай Васильевич оны ішті де қысылып қалды. Мен «Жедел жәрдемді» шақырмақ болдым. Мен… мен…
***
Дәрігерлер дер кезінде көмек беріп, аса күшті есірткімен уланған профессор Груздевті аман алып қалды. Марина өзінің интернет парақшасында ғылым үшін еңбегі сіңген бұл ғалымның алаяқтардың қолынан жазым бола жаздағанын және оның аянышты тағдырын жазды. Бұл жазбаға үн қатқандар қаптап кетті. Николай Васильевичтің еңбегін білетіндер де, оның марқұм баласының жора-жолдастары мен пікірлестері де мұндай көп болар ма. Ақыры, не керек, қарттардың әлгі пәтері де тап-тұйнақтай жөндеуден өтті, әрі саяжайы да жылытылды. Ең бастысы, Груздевтердің Израильге жолы түсті. Онда Николай Васильевичтің көзіне ота жасалып, алған ем-домының арқасында денсаулығы түзелді.
Маринаның жатса да, тұрса да ойынан Диана мен Семеннің одан кейінгі тағдыры не болғанын білсем деген ой кетпей қойды. Ақыры біліп, көңілі жайланды. Тергеу барысында Семеннің небір қылмыстық әрекеттері мәлім болып, айтарлықтай мерзімге жазаланыпты. Ал Диана жазадан құтылып кетіпті. Сірә онсыз да көп жылға сотталатынын білген Семен профессорға қатысты қылмыстық істі өз мойнына алса керек… Кейінірек интернет жазбаларынан бір байқап қалғаны Диананы енді Дина Трубецкая болып жүрсе де бірден таныды. «Аңдысын аңдып көрейін, суға батпас Диана-Дина менің назарымнан құтылып кете алмас» деп ойлады Марина.
Ықшамдап аударған Шах МҰРАТ.