Ш. Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайының Индира Қанафина басқаратын ұйымшыл ұжымы «Ақ әжелер» ансамблінің мүшелеріне арнап ақ дастарқан жайып, әсерлі әңгіменің тиегі ағытылды. Қаланың мәдени өмірінде белсенділік танытып жүрген өнерпаз ақ жаулықты әжелер ой-пікірін ортаға салды.
Бұдан жиырма жыл бұрын кеншілер қаласындағы Оқушылар сарайының жанынан құрылған, былтырдан бері Ш. Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында істейтін өнерлі ұжымда 13 мүше бар. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Шығыс Жезқазған кенішіндегі №57 шахтаның проходкашысы Балтабай Сағидуллаев.
Кезінде салық, денсаулық сақтау және құқық қорғау саласының қызметкері, кітапханашы, есепші, мұғалім, тағы басқа мамандық иесі болып істеген, зейнет жасына жеткесін өмірін өнерге арнаған олар көрермендер құрметіне бөленген. Ансамбль репертуарында халық әндері, қазақ сазгерлерінің туындысы, заманауи әндер бар. Ұжым үнемі ізденіс үстінде.
Былтыр қыркүйекте Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Өнерім – өмірім» атты облыстық байқауда олар «Отан Ана» әнін хормен шырқап, мүшелері Балия Ақышбекова – «Ұлытау», Венера Сәдуақасова «Жайлауым жайнаған» әнін орындап, ата-әжелер арасындағы осы өнер бәйгесінде «Ақ әжелер» ансамблі Бас жүлдені иеленді. «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті» атты облыстық фестивальде де белсенділік танытып, қала басшысының Алғыс хатымен марапатталды.
Ақ дастарқан басындағы емен-жарқын әңгімеде «Импульс» би ансамблінің жетекшісі Татьяна Суркова «Ақ әжелерге» тың табыс тілеп, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш алғыс айтты.
Әлібек ӘБДІРАШ.